Діншіл жастар мәселесі талқыланды

Астана жаңалықтары: Діншіл жастар мәселесі талқыланды

Кеше «Іскер» бизнес орталығының мәжіліс залында «Конфессиялық келісім мен бейбітшілікті сақтаудағы жастардың рөлі» тақырыбында өткен жиында діншіл жастар мәселесі талқыланды.

Астана қаласының жастар саясаты мәселесі басқармасы мен «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры ұйымдастырған шараға дінтанушы ғалымдар, сарапшылар және студент жастар қатысты.
Кездесу барысында алқалы топ түрлі ұлттар өмір сүріп отырған елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы жастардың рөлі, қоғамда белең алған діни ағымдардың теріс ықпалы туралы пікір алмасып, ой бөлісті.

– Дін – саясаттың маңызды бөлігі. Қоғамда қозғаушы күшке ие жастардың саналары қазір өзге дін ағымдарының сенімдерімен шырмалған. Жаһанда діннің атын жамылып, бүлік шығарып жүргендер исламофобия көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Тәуелсіз елдің тыныштығын сақтау үшін діншіл жастарды да ұдайы қадағалауымыз керек, — деді «Дін және жастар» тақырыбында баяндама жасаған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының профессоры Досай Кенжетаев.

Басқосуда сөз алған Дін проблемаларын зерттеу орталығының деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету бөлімі басшысы Лимана Қойшиева оқу орындарын аралап, дәрістер өткізіп, жастардан сауалнама алғанда олардың қойған сұрақтарынан-ақ саналары уланғанын байқауқа болатынын айтты. Оның мәлімдеуінше, теріс ағымның жетегінде кететіндер – 14 және 25 жас аралығындағы жастар.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше