«Жібек жолы» автошеруі Астанаға жетті

Астана жаңалықтары: «Жібек жолы» автошеруі Астанаға жетті

Биыл 8 тамызда Қытайдың Шанхай қаласынан басталған «Жібек жолы» автошеруі еліміздің елордасы Астанаға келіп жетті. Жолаушылар осы ұзақ сапар барысында ЭКСПО көрмесі өтетін қалаларға арнайы ат басын тіреуді мақсат етіпті.

Керуен бағытының соңғы нүктесі – 2015 жылы ЭКСПО көрмесін өткізетін Италияның Милан қаласы. Жолға 8 көлікпен шыққан автошеру қатысушылары 16 мың шақырымды бағындырмақ. Қазақстаннан соң Ресей асып, Грузия, Түркия, Грекия елдерін кесіп өтіп, діттеген жері Италияға 31 қазан күні барып тоқтайды.

– Біздің бұл сапарымыз достық қарым-қатынасқа негізделген. Жаңа «Жібек жолы» мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтып, стратегиялық ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз. ЭКСПО көрмесі өтетін қалалардың көтеріп отырған тақырыптары өте маңызды мәселе. Сондай игі іске әлем назарын аударуға біз аз да болса ықпал етсек – мақсатымыздың орындалғаны, — деді «Жібек жолы» авторшеруі комитетінің атқарушы директоры Фу Цзянь.

Қонақтарды жылы қарсы алған ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов біздің елдің Шығыс пен Батыс елдерінің түйіскен жері екенін, өркениеттердің алтын көпірі болып келе жатқанын атап өтті.

Елсияр Қанағатовтың сөзін қолдаған Қытай Халық Республикасының Өнер қауымдастығы президенті Шенг Джонг Го Қазақстан Қытайды Еуропамен жалғайтын сенімді әріптес екенін айтты.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше