«ҚазҚұрылысШыны» құлашын кеңге сермейді

Астана жаңалықтары: «ҚазҚұрылысШыны» құлашын кеңге сермейді

Астанадағы айнадай жарқыраған ғимараттардың бой көтеруіне былтыр ғана ашылған «ҚазҚұрылысШыны» ЖШС айтарлықтай үлес қосып үлгеріпті. Шынында, энергия үнемдегіш әйнек пакеттер мен қауіпсіз шыны өңдейтін зауыттың алғашқы қадамдары қалай екен? Осы мақсатта Индустриалды паркте орын тепкен кәсіпорынды бетке алған едік.

Астанадағы алып өндіріс алаңының бір мүйісін мекендеген шыны зауытының іші қайнаған қызу тірлік. Қол қусырып қарап отырған жан жоқ. Бізді жылы қарсы алған кәсіпорын директоры Әнуар Алдамұратов жұмыс барысымен таныстыра жүріп, ашылғанына аз ғана уақыт болған өндіріс ошағының бітірген ісін айтып, ағынан жарылды.

– Біздің өнімдеріміздің артықшылығы – энергия үнемдейтіндігі, — деп атап көрсетті зауыт директоры Әнуар Алдамұратов. – Қыста бөлме іші жылуының 50 пайызы терезе арқылы сыртқа кетіп қалады. Жылудың сақталмауы шынымен қапталған нысандарда бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Біз өңдеген құрылыс материалдарымен жылу мәселесін оңтайлы шешуге болады. Шыныларымыз қауіпсіздік деңгейінің жоғарылығымен, экологиялық тиімділігімен және қуат сақтағыштығымен сипатталады. Қаламыздың өркендеуіне үлес қоса алсақ, ісіміздің алға басқаны. Қазірдің өзінде Астанадағы тірліктің қарқынына қарқын қосқан әлемдік ЕХРО көрмесі үшін тұрғызылып жатқан ғимараттарды шынымен қамтамасыз етуді қолға алдық. Одан бөлек, тағы бірнеше үлкен жобаларға қатысамыз. Ол – астаналықтар асыға күткен «Абу Даби Плаза» мұнарасы, «Talan Towers» кешені. Осы құрылыстар аяқталса, бұл ғимараттарды биіктігі ғана ерекшелемейді, сондай-ақ, біз өңдеген шынылар айдындай жарқыратып көрсетеді, — деді Ә.Алдамұратов

Аузымызды аштырмастан кәсіпорынның аяқ алысын аңдатқан зауыт басшысы бізді алдымен әлі өңделмеген, қалыпқа түспеген шынылар сақталатын қоймаға бастап жүрді. Ондағы десте-десте шикі өнімдерді шекаралас Ресей жөнелтеді екен. Ресейден келеді дегеніміз болмаса, бұл шикізаттар АҚШ-тың «Guardian», Англияның «Pilkington», Жапонияның «AGC» атты әлемдік деңгейдегі шыны компанияларына тиесілі.

Қоймадан шыққан шынылар бірінші түрлі өлшемде кесіледі. Тынымсыз қозғалған адамдардың қарасы көп болғанымен, жұмыс күшінің денін арнаулы аппараттар құрайды. Зауыт шыны өндірудегі шаруаны жеделдететін әлемдік алдыңғы қатарлы технологиялармен толықтай қамтылған. Мысалы, Германиядан алдырған заманауи «Bystronіc» жабдығы жылына 300 мың шаршы метр шыны кесуге мүмкіндік береді. Кесу жылдамдығы – минутына 120 метр.

Шыныны жылтырата қашау, ойықтар жасау, тесу, кесу сынды жұмыстар италиялық «Intermac Master 45» аппараты арқылы атқарылады. Одан соң материал «Emar» жуу машинасында жуылып, кептіріліп пешке салынады. Ал, шынылардың шыңдалатын орны – Испаниядан әкелінген «Heat Soak Test» пеші. Бұл пеш шынының қолданылу уақытын 50 жылға дейін ұзартып, қауіпсіздігін арттырып, энерготиімділігін одан әрі үдете түседі.

Бұдан бөлек, кәсіпорындағы шыныларды түрлі-түсті бояу, жиектеу және тағы басқа ұсақ-түйек шаруалар нәзік қолды арулардан артылмайды. Сондай-ақ, жүкті тасымалдау, көтеру сияқты жұмыстарды құрыш білектілер арнаулы машиналар арқылы оңай жайғастыра салады екен.

Зауыт директорының айтуынша, кәсіпорын алғаш ашылғанда 58 адамды жұмыспен қамтамасыз етіпті. Ал, қазір жұмысшылар саны 90 адамға жетіп жығылады. Күнделікті нәпақасын осы жерден теріп жеп жүрген еңбекқорлар жұмысқа қабылданарда алдымен 2-3 ай оқу курсынан өтеді. Өйткені, мұндағы қаптаған технологияның тілін үйрететін елімізде ешқандай оқу орны жоқ. Арнаулы бейімдеу сынағынан сүрінбей өткен үйренушілер оператор болып жұмысқа алынады. 1-2 жыл тәжірибе жинап, тісқаққан маманға айналған операторлар шебер дәрежесіне көтеріледі. Тиісінше, еңбекақылары да жоғарылайды. Операторлардың орташа еңбекақысы 110-120 мың теңгені құраса, шеберлердің айлығы 150 мың теңгенің үстінде.

– Мен зауыт ашылғанда жұмысқа үйренуші емес, үйретуші ретінде қабылдандым. Себебі, мен бұған дейін басқа кәсіпорындарда біраз тәжірибе жинағанмын. Мына жерде орналасқан технологияның бәрін бес саусағымдай білемін. Осындай дамыған заманда адамның мықтығылы күшінде емес, білімінде екенін сөзсіз мойындайсың. Өйткені, дене күшін жұмсамастан, роботтық машиналармен бәрін әп-сәтте орындай саламыз. Тек басқара алсаң, жетіп жатыр, — деді шебер Алмат Әлжанов.

Астанада ашыла салысымен, қаланың шаруасына білек сыбана кірісіп кетіп, үлкен жобаларға ауыз салған зауыттың алғашқы адымдары таңғаларлық емес. Себебі, аталмыш «ҚазҚұрылысШыны» қатардағы өндірісшілердің бірі емес, Қазақстан нарығында тәжірибесі мол. Компанияның негізі 2004 жылы Алматы қаласында қаланған. Астанада жұмысын бастаған бұл зауыт – «ҚазҚұрылысШынының» екінші өндіріс орны.

Елордадағы «ҚазШыныҚұрылыс» өнімдері бүгінгі таңда Астана, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Өскемен қалаларына тарайды. Зауыт жақында Өскемен қаласында іргесі қаланған «Huyndai center» нысанын шынымен қаптап шығыпты. Күніне 5 мыңнан 15 мың шаршы метрге дейін өнімді өңдеп, дайындайтын кәсіпорын қазірдің өзінде Астанадағы шыны нарығының 30-40 пайызын құрап отыр.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше