Жақсыбеков Астананың бюрократизм чемпиондарын анықтамақ
Кезекті аппарат отырысы барысында қалалық сенбіліктің қорытындылары шығарылып, қаланың санитарлық жағдайы талқыланды. Сенбілікке алғаш рет 100 мыңға жуық адам қатысты. Елорда әкімі тұрмыстық қалдықтарды пайдаға асыруды жақсартуды, мегаполистердің озық халықаралық тәжірибесін зерттеуді және пайдалануды тапсырды. Әкімнің айтуынша, Астана қаласы үшін ең маңызды мәселелердің бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Оны дамыту бойынша жауапкершілік күшейтілуде, келешегі бар жобалар көп, бірақ нәтиже ойдағыдай емес деп атап өтті Ә.Жақсыбеков. Бұған алдымен бюрократиялық кедергілер көп. Мысалы, өзіне тиесілі жер телімінде сауданы жолға қою үшін кәсіпкерлер түрлі процедуралардан өту үшін көп уақытын жұмсайды. Мемлекеттік құрылымдар кәсіпкерлерге көп тосқауыл қоюдан жарысқа түсетін секілді. Елорда әкімі демалыс күндері қалалық базарларды атап айтқанда, «Шанхай», «Алаша» базарларын аралап, инфрақұрылымды, және т.б. дұрыстауды, сондай-ақ қалыптасқан жағдайды талапқа сай келтіруді тапсырды. Саудагерлер мен тұтынушыларға күннен-күнге, әсіресе демалыс күндері базарға жету қиынға соғуда. Елорда әкімі аз уақыттың ішінде қоғамдық көліктердің маршруттарын оңтайландыруды, «Шанхай» базары аумағында қалааралық бағытта автобекет салу үшін инвестор тартуды тапсырды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.
сілтеме
сілтеме
Пікір жоқ әзірше