Қызметкерлердің сөз саптауы сараланды

Астана жаңалықтары: Қызметкерлердің сөз саптауы сараланды

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдерінің XVII қалалық фестивалі аясында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты байқауы өтті.

Қызметкерлер арасындағы мемекеттік тілдің маңыздылығын арттырып, қолданыс аясын кеңейту мақсатында өткізілген сайыс төрт кезеңге бөлінді.

Байқауға қатысқан қалалық Құрылыс басқармасы, Кәсіпкерлік пен өнеркәсіп басқармасы, Статистика департаменті және Кіріс департаментінің қызметкерлері өздерінің алғыр, тілге шешен екендерін дәлелдеді. Бұл төрт мемлекеттік мекеме – байқау ережесі бойынша қалалық басқармалар мен құрылымдық мекемелер арасынан іріктелгендер.

Шара басталардан бұрын мінберге көтерілген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов байқау өткізіліп отырған Мемлекеттік басқару академиясының ғимаратында кезінде әскери салаға қатысты талай терминдерді талқылағандарын айтып, қатысушыларға «тілге деген құрметіміз кемімей, әрқашан бағалап жүрейік» деген ниетін жеткізді.

Байқауға ҚР Парламент Мәжілісінің редакциялау және аударма бөлімінің басшысы Дәуітәлі Омашұлы бастаған зиялы қауым өкілдері қазылық етті.

Сонымен, тіл сайысының бас жүлдесін Астана қаласының Статистика департаменті жеңіп алды. Екінші орынды Құрылыс басқармасы иеленсе, Кіріс департаменті үшінші орынды місе тұтты.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше