«Қайраттың» ұпайы түгел

Астана жаңалықтары: «Қайраттың» ұпайы түгел

Қазақстан Премьер-лигасының 26-турында «Астана» клубы өз алаңында алматылық «Қайратты» қабылдады. Биылғы Еурокубок ойындарында ерекше көзге түскен еліміздің үздік екі командасы үшін бұл матч өте маңызды кездесу еді.

Тісқаққан қос клубтың текетіресінде «Қайратты» жолы болып кетті. Алматылықтарға сәттілік жолдас болды деуіміздің себебі, бұл ойын айқын басымдылықпен аяқталмады. Небары бір гол айырмашылығымен алға шыққан «Қайраттан» «Астана» кем ойнамады.

Матчтағы жалғыз голдың авторы – Исаэль Барбоза. Осы нәтижелі ойыннан соң «Қайрат» ҚПЛ кестесінде 32 ұпаймен топ бастады. Ал, астаналықтар – 28 ұпаймен екінші орында. Бірақ «Астана» клубының әлі бір ойыны кем. Егер ол кездесуді жеңіспен өткізсе, «Қайраттан» 1 ұпайға қалмақ.

Сондықтан екі «қошқардың» бәсекесі мұнымен түгесілген жоқ. «Астананың» чемпион болу мүмкіндігі бар. Ол үшін Алматыдағы Орталық стадионда өтетін қарымта матчқа бар күш-жігерін салады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше