Астанадағы кейбір қоғамдық көліктердің жүру бағыты уақытша өзгереді

Астана жаңалықтары: Астанадағы кейбір қоғамдық көліктердің жүру бағыты уақытша өзгередіЕртеңнен бастап Астанадағы кейбір қоғамдық көліктердің жүру бағыты уақытша өзгереді. Бұл – елордадағы Уәлиханов-Омаров көшелері қиылысының жабылуына байланысты орын алған жағдай. Аталған көшелерде жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Астанадағы Уәлиханов-Омаров көшелері қиылысындағы қозғалыс бүгін сағат 23:00-ден бастап шектеледі.

Бұл уақытша келеңсіздіктер қысқы маусымға дайындық шаралары себебінен болып отыр. Елордалықтарды орталықтандырылған жылумен уақытылы қамтамасыз ету мақсатында аталған ауданда жылу желілерін жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қозғалыс 30 қыркүйекке дейін қайта жанданады деп жоспарлануда. Осыдан кейін Республика-Жангелді көшелеріндегі қозғалыс бір бағытта тоқтатылмақ. Алайда жол полициясы басқарамасы бұл шаралар тұрғындарды айтарлықтай әбігерге салмайды деп сендіреді.
Нұрлан Уваев, Астана қаласының Жол полициясы басқармасы жол бақылау бөлімінің бастығы:
— Жол полициясы бекеттерінің орналасу орындары белгіленді. Жақын маңдағы қиылыстардағы қозғалысты реттеу үшін барлық шаралар қолға алынды. Мұнымен қоса жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін бас-аяғы 20 қоғамдық көліктің жүру бағыты да уақытша өзгереді.
Тұрсынғали Жакенов, Көлік басқармасы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы:
— № 4, 16, 24, 30, 39, 70, 73 бағдарлары Сембинов көшесі арқылы айналып, ары қарай қолданыстағы сызба бойынша жүреді. № 1, 2, 13, 26, 33, 38, 42, 48, 49, 52, 76, 103, 127 бағдарлары Республика даңғылы арқылы айналып, ары қарай қолданыстағы сызба бойынша жүреді.
Астана қаласының Жол полициясы басқармасы елорда тұрғындары мен қонақтарына алдын ала басқа қозғалыс бағытын таңдап, мұқият болуға, сондай-ақ жол белгілерін қатаң сақтауға шақырады.

сілтеме
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше