Велосипедті қалай жалға аламыз?

Астана жаңалықтары: Велосипедті қалай жалға аламыз?

Қазір Астанада аялдамалардың маңында қаңтарылып тұрған велосипедтерді жиі көреміз. Astana Bike деп аталатын жобаның іске асырыла бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Әйтсе де, осы жобаға астаналықтар, әсіресе жастар жағы зор қызығушылық танытуда. Биыл 15 сәуірден 13 қыркүйекке дейін велосипедтер шамамен 65 мың рет жалға алынған екен. Жалпы жолдың ұзақтығы 18 126 сағатты құраған, ал қашықтығы – 133 211 км. Astana Bike қызметін 2621 адам пайдаланған, соның ішінде 122 пайдаланушы велосипедтерді СМС арқылы жалға алған.

Десе де, әлі де болса велосипедті жалға алудың жай-жапсарын біле бермейтініміз баршылық. Жуырда Астана қаласы әкімінің тапсырмасымен тіркеу жолы жеңілдетіліп отыр.

Кез-келген пайдаланушы велосипедті жалға алу барысында карточка сатылатын жерге келіп, оны рәсімдеп, пайдалану тарифінің ақысын төлейді. Ал абонементтік карточканы алу үшін жеке куәлік қана талап етіледі, тұрғылықты мекенжай мен жұмыс істейтін орнынан анықтама қажет емес. Немесе интернет арқылы да онлайн төлем жасауға болады. Ол үшін www.velobike.kz сайтында тіркеліп, СМС-хабарлама арқылы жалға алу түрін таңдау қажет. Бұл жерде тек банк карточкасының нөмірін ғана теріп, төлемақы жасап, тіркелгеннен кейін СМС-код жіберіледі. Пайдаланушыға өзіне қолайлы бекетті таңдап, СМС-кодты теріп, велосипедті пайдалана алады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше