Тамыз айында Астанада 476 жаңа компания тіркелді

Астана жаңалықтары: Тамыз айында Астанада 476 жаңа компания тіркелді

Дағдарысқа қарамастан елордада жаңа компаниялар саны артып келеді. Астана қалалық Статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен тамыз айында 476 компания тіркелген, ал жұмысын тоқтатқандар саны – 159. Жаңадан тіркелген субьектілер негізінен Алматы (52,3%) және «Сарыарқа» (30,9%) аудандарында шоғырланған. Ал Есіл ауданының үлесі 16,8 пайыз. Жаңадан тілкелген заңды тұлғалардың 448-і –жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (ЖШС). Ал 11-і – қоғамдық бірлестіктер мен қорлар, 8-і – тұрғынүй-құрылыс кооперативтері, 4-і – заңды тұлғалар бірлестіктері, 2-і – жеке мекемелер, 1-і – мемлекеттік мекеме, 1-і – пәтер иелерінің кооперативі және 1-і – жеке қор.

Ал жұмысын тоқтатқан мекемелердің 144-і – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 4-і –қоғамдық бірлестіктер мен қорлар, 3-і – акционерлік қоғам, 2-і – мемлекеттік мекеме, 2-і – пәтер иелерінің кооперативі, 2-і – заңды тұлғалар бірлестіктері, 1-і – өндірістік кооператив, 1-і бау-бақша, саяжайлық жер телімдері иелерінің тұтынушылық кооперативі.

Және бір қызық дерек. Тамыз айында тіркелген 476 мекеменің жетекшілерінің 302-і ер адам, 174-і әйел. Ал жабылған мекемелердің 125-ін ер, 34-ін әйел адам басқарған.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше