Жұмыс уақытын өзгерту жол кептелісін жеңілдетеді

Астана жаңалықтары: Жұмыс уақытын өзгерту жол кептелісін жеңілдетеді
Кейінгі кезде Астанада мекемелердің жұмыс уақытын өзгерту көлік кептелісін азайтуға септігін тигізеді деген мәселе көтерілуде. Осыған байланысты мектептерде сабақтың сағат 7.40-та басталуына тұрғындар наразылық танытқан еді. Қалалық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында осы жағдайлар талқыланды.

– Жол бойындағы көлік тығыздығын шешуге байланысты түрлі шаралар қолданылғанымен, аталған жағдайдың әлі де түйіні тарқамаған. Біз қалаладағы әрбір мекемелерді тыңғылықты зерттедік. Егер жұмыс уақытын өзгертетін болсақ, діттеген жерімізге 15-20 минутта жету мүмкін болмақ. Бұл тек мектептерге ғана емес, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандары мен мемлекеттік органдарға да қатысты. Әрине, алдымен қалалық әкімдіктің уақыты өзгереді, ұлттық компаниялар мен орталық билік органдарына да осындай ұсыныс жасалды, — деді «Астана LRT» ЖШС басшысы Талғат Ардан.
Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева бұл өзгерістердің жалпы білім беру мекемелерінің бірінші сынып оқушыларына қатысы жоқтығын атап өтті.
– Студенттерді қоспағанда 200 мыңнан астам бала оқуды сағат 8.00-ден бастайды. Біз қазір әлеуметтік зерттеу жүргізіп жатқанымызды тағы да айтып кетейін. Оқу уақытын өзгерту үшін заңға тиісті өзгертулер енгізілуі тиіс, типтік бағдарламаларға да. Соған сәйкес өзгертулер жасалады. Барлығы заң аясында іске асырылады, — деді Э. Суxанбердиева.
«Астана қаласында жаңа көлік жүйесін» енгізу мақсатында «Астана LRT» ЖШС «TYPSA» халықаралық компаниясымен бірлесе отырып, мониторинг жүргізіп, елорданың жүктеме көп түсетін кейбір көше-жолдарын анықтады. Сол себептен қалалық мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс тәртібін өзгерту қажет болып отыр.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше