Жекпе-жектен халықаралық турнир басталды
Бүгін «Дәулет» спорт кешенінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған күш-қуат құрылымдары командалары арасында жекпе-жектен халықаралық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.
ҚР Ұлттың ұланы Бас қолбасшысының Кубогы үшін күш сынасатын сайысты ұйымдастыруға еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің күнтізбелік жоспарына сәйкес ҚР Ұлттық ұланы мен Қоян-қолтық ұрыстан бүкілқазақстандық ассоциациясы ұйытқы болды.
– Екінші рет өткізіліп отырған, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған турнирге Ресейдің, Қырғызстанның командалары мен еліміздің 20 спорт командасы қатысуда. Жекпе-жек – нағыз жігіттер айналысатын спорт түрі. Бұл сарбаздардың жауынгерлік өнерін дамытуға да үлкен әсерін тигізеді, — деп ҚР Ұлттың ұланы Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов доданы салтанатты түрде ашып берді.
Кілең мықтылар сайысқа түскен додада ел наысын жекпе-жектен әлем чемпионы Айбек Хырыхбай, кикбоксингтен Азия чемпионы Медет Саметаев, кикбоксингтен өткен «Қызылжар» турнирінің жеңімпазы Әлкен Төлегенов және басқа да сайыпқыран спортшылар қорғайды.
Сайысқа жалпы 167 спортшы қатысады. Турнирдің жартылай финалы мен ақтық сыны ертең өтеді.
Пікір жоқ әзірше