«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланды
Отбасы күні қарсаңында әр өңірдің ең мерейлі әулеттері Астанаға жиналды. «Қазақстан» концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздары анықталды. Интернет арқылы дауыс беру қорытындысы бойынша 25 мың 751 дауыс жинаған маңғыстаулық Құлсариевтер отбасы бас жүлдеге ие болды.
Отбасы құндылығын ұлықтаған ұлттық байқаудың қатысушыларын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мерекелерімен құттықтап, жеңімпаз Құлсариевтер шаңырағына Қазақстанда шығарылған «IVECO» шағын автобусының кілтін табыс етті.
Бас жүлдеге үміткер қалған 16 отбасы да құр алақан қалмады. Оларға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның байқау дипломымен қатар, «LG» компаниясының теледидаралыр тарту етілді.
– Құрметті отандастар! Осыншама жасқа келіп осы байқауға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Елбасымыздың саясаты арқасында қазір жағдайымыз түзелді. Менің 18 балам, 46 немерем және 43 шөберем бар, — деді Құлсариевтер үйінің иесі Орын Құлсариев.
Маңғыстау облысы Жетібай ауылынан келген бұл отбасының отағасы – облыстың құрметті азаматы, елге белгілі «Маңғыстау маржандары» ансамблінің негізін қалаушы. Жасы 83-ке келген Орын ақсақал 77 жасында институтқа түсіп, жоғары білім туралы диплом алған екен.
Марапаттау салтанаты соңы қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.
Пікір жоқ әзірше