Қайымдылық марафонына 650 адам қатысты

Астана жаңалықтары: Қайымдылық марафонына 650 адам қатысты
Бүгін қала тұрғындары мен қонақтары ауа райының қолайсыздығына қарамастан, таңертең ерте тұрып, «Астаналық» саябағының алдына жиналды. Елордада алғаш рет Қазақ-Британ қоғамы мен «Эйр Астана» әуе компаниясы бірлесіп ұйымдастырған қайырымдылық марафонына қатысушылардың қарасы қалың болды. ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков және ҚР Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы көпшіліктің ортасынан табылды.

Қайырымдылыққа бағытталған BKS «Эйр Астана» марафонының шарты бойынша әр қатысушы кем дегенде 20 фунт стерлинг төлеуі тиіс. Бұл – шамамен 7300 теңге. Түскен қаржы «Аяла» қайырымдылық қорына тапсырылады.
– Бүгін осында жиналған қауымның таңертең ерте келіп, шараға қатысуының өзі – үлкен жеңіс. Жарыста өзге мемлекеттің өкілдері де жүгіруге ниет білдірді. Аталмыш шара денсаулықтарыңыздың саулығына үлкен әсері де бар. Дендеріңіз сау болсын, спортпен шұғылданып, осындай қайырымдылық шараларға қатысып отырыңыздар, — деді Әділбек Жақсыбеков.
Марафоншылар екі бағыт бойынша 4 қашықтықта жүгірді. Бірінші бағыттың алғашқы айналымының межесі 5 км болса, екіншісі – 10 км. Ал екінші бағытта желаяқтар 21 км 97,5 м және 42 км 195 м қашықтықта жүгірді.
– Астанада бұқаралық жарыстар жиі ұйымдастырылуда. Осы шараға қатысу үшін Алматыдан бір топ адам арнайылап келдік. Арамызда белгілі марафоншы Марат Жыланбаев та бар. Келесі жылы Астанада қаласында дуатлон, триатлон жарыстарын өткіземіз деп жоспарлап жатырмыз, — деді Қазақстан әуесқой триатлон федерациясының директоры Мұратхан Тоқмәди.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше