Астаналықтардың асығы алшысынан түсті
Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дүбірлі тойда ұлттық ойындарымызды асқақтатып, атымызды оздырдық, балуанымызды белдестірдік, асығымыз алшысынан түсті. Қайнаған тіршіліктің ортасы даладан қалаға ауған қазіргі заманда асық сияқты асылдарымыз назардан таса қалуда. Дәстүрлі думандарда осындай құндылықтарымыздың қадірі арта түсетіні баршаға аян. Бүгін көптен күткен Ұлы тойға жиналған еліміздің аймақтары асық ататын сұрмергендерін де сайлап келіпті.
Барлық облыстың басы қосылған тойда ұйымдастырылған әрбір сайыс республикалық деп сипатталатыны белгілі. Ендеше, асық атудан өткен республикалық турнирде шеберліктерін сынға салған 16 өңірдің өрендері ел чемпионы болуға ұмтылды.
Алғашқы кезеңде облыстар Қазақ елі монументінің екі жағында сегіз-сегізден бөлініп, бақ сынады. Нәтижесінде оң қапталдың жеңімпаздары – Ақмола облысынан келген Самат Аукенов, Қайрат Шаймерденов және астаналықтар Мырзамұрат Қайыпбеков, Әділхан Жұмағұлов ширек финалға өтті. Ал, сол қапталдан Оңтүстік Қазақстанның оғландары Оралхан Айдархан мен Шерхан Кенеханов және маңғыстаулық Дабыл Наурызов пен Руслан Асанов суырылып шықты.
Ширек финалда Оңтүстік Қазақстан мен Маңғыстау облыстары арасында өткен ойынды көрермендер «финалға бергісіз өте тартысты кездесу болды» деп бағалады. Бұл кезеңде маңғыстаулықтарды қапы қалдырған оңтүстіктер ақтық сайыста Астананың асық атушыларымен бас жүлдені сарапқа салды.
Сонымен, финалда жеті асықты жұлып түсірген астаналықтар, өздерінің жеңіске лайықты екендерін дәлелдеді.
«Жеңіс оңай келмеді. Ширек финалда ойнағандардың бәрі осал қарсылас емес, кілең республикалық турнирде жүлдегер болып жүргендер. Астананың төрінде өтіп жатқан жарыста, яғни өз жерімізде намысты қолдан бермедік. Бірлігіміз нығайып, ауызбіршілікте тату-тәтті өмір сүргенге не жетсін?! Тәуелсіздігіміз жасай берсін!» деді елордалық қатысушы Мырзамұрат Қайыпбеков.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ
Пікір жоқ әзірше