«Астана-АЭК»: Жаңа жабдықтар ісімізді ілгерілетеді

Астана жаңалықтары: «Астана-АЭК»: Жаңа жабдықтар ісімізді ілгерілетеді
Қайнаған тірліктің ортасы қаланы бір мезет те электр қуатынсыз қалдыруға болмайды. Су, жылумен қатар жарық та – тіршіліктің өзегі. Шаһардағы энергия жүйесінің іркіліссіз жұмысын қадағалайтын энергетикалық кешеннің жай-күйі қалай? Былтыр жаңа ғимаратқа көшкен «Астана – Аймақтық электржелілік компаниясы» акционерлік қоғамы тілшілер тобына бақылаудағы қуат көздерін таныстырып, қайта жөндеуден өткен электр энергетикалық нысандарды аралатты.

Қарқынды жұмыс істеп отырған жарық берушілер бізді алдымен кернеу санаты 110/10 кВ «Киров» электр стансасына бастап жүрді. Бұл станса 130 млн теңге көлемінде қайта жөндеуден өтіпті. Бұрынғы 2х16 МВА трансформаторлары 2х25 МВА трансформаторларына ауыстырылған. Стансаның ескі жүйелері жаңартылып, аумағы қоршалып, абаттандырылған.
«Астана-АЭК» АҚ басқарма төрағасы Бақтыбек Жапаев мұндай қайта жаңғырту жұмыстары инвестициялық бағдарламаны орындау барысында жүргізілгенін айтты. Былтыр бұл мекеме 991 млн теңге сомасындағы инвестициялық бағдарламаны толықтай жүзеге асырыпты. Оның 253 млн теңгесіне ескі жабдықтарды жаңартқан: 24,1 км 10/0,4 кВ кабель желілері, 2 аккумлятор батереясы және 100 сүйеу шкафы ауыстырылды, қуаты үлкен трансформаторлар сатып алынды.
– Ескірген электротехникалық құралдарды қайта жабдықтау электр жеткізу жұмысының сенімділігін арттырады. Бұл тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын оңтайландырып, эксплуатациялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, — деді Бақтыбек Бекенұлы.
Ал, биыл 8 ай ішінде 823 млн теңгеге жоспарланған инвестициялық бағдарламаның 54%-ы орындалыпты. Оның ішінде 382 млн теңгеге ескірген жабдықтар ауыстырылған, ЭКЕАЖ-ды іске асыру аясында 351 млн теңге игерілген.
Қайта жөндеу, ескі жабдықтарды ауыстыру шаруаларынан бөлек, сатып алынған жаңа техникалар шағын стансаларда апат болған жағдайда жедел жетуге мүмкіндік береді. Бұл машиналар қыс ауасында техника жетіспеушілігі сезілсе, қар тазалау жұмыстарына да жұмылдырылады. Биыл мекемеде 8 млн теңге көлемінде «Беларусь-82,1» тракторы, бригада машинасы және тағы басқа арнаулы техникалар сатып алыныпты.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Марат Мұстафин:
– ЭКЕАЖ-ды енгізу арқылы нормативтік ысыраптар 13,29%-ға азайды. Егер, жыл аяғында дейін жоспар толық жүзеге асса, осы көрсеткіш 12,7%-ға дейін төмендейді. Былтырғы орындалған жұмыстарды биыл 8 айда атқарып қойдық. Бұл – әжептеуір ілгерілеу. Осы нәтижеден мекеменің қысқа тас-түйін дайын екенін байқауға болады, — деді.
Жұмыс барысымен, сақадай сай техникаларымен таныстырып шыққан «Астана-АЭК» АҚ ұжымы қазіргі қаржы дағдарысы жағдайында жыл соңына дейін электр энергиясы тарифтерінің жоғарыламайтынын айтады.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше