Әділбек Жақсыбеков Индустриалды парктің жұмысын жетілдіруді тапсырды
Бүгін Астана қаласының әкімдігінде елорда басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен кезекті аппарат отырысы өтті. Отырыс барысында қаланы абаттандыру, коммуналдық қызметтер, Астананың индустриалды паркін дамыту мәселелері талқыланды.
Осы аптада Астананы дамытудың 2016 жылға арналған бюджеті қарастырылады.
— Бюджеттің кіріс бөлігінің бірі болып саналатын шағын және орта бизнесті дамыту керек. Бұл үшін оларға барлық қажетті жағдайларды жасау керек. Бүгінде жергілікті бюджет түсімінің мөлшері жаман емес. Бірақ түсімді арттыра беру керек, — деді Әділбек Жақсыбеков.
Ағымдағы бюджеттің орындалуына қатысты елорда басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін бөлінген әр теңгеге мұқият болуды тапсырды.
Әділбек Жақсыбеков Астананың бірінші индустриалды паркінің инфрақұрылымын дамыту бойынша ескерту жасады. Бұл жерде жаңа инвесторларды тарту жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмейді. Жер учаскесін алу үшін құжат тапсыру ұзақ уақытқа созылады. Қала әкімі аталған мәселелерді шешу бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Әділбек Жақсыбеков қала тұрғындарының мәдени-спорттық демалысын ұйымдастыру бойынша УЕФА чемпиондар лигасы аясында «Астана» футбол клубының кездесулерін өткізуді, билет сату орындарын көбейтіп, алыпсатарлыққа жол бермей, көрермендер мен жанкүйерлерді стадионға бір орталықтан жеткізуді тапсырды.
astana.gov.kz
Пікір жоқ әзірше