Астанада "100 нақты қадам" бағдарламасын іске асырудағы жастар ролі талқыланды

Астана жаңалықтары: Астанада 100 нақты қадам бағдарламасын іске асырудағы жастар ролі талқыланды

Астана қаласы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ офисінің конференц-залында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті және Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы бірлесіп этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты өкілдерімен «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асырудағы жастар ролі» тақырыбында кездесу өткізді.

Шараға Астана қаласы ҚХА Хатшылығы қызметкерлері, астаналық этномәдени бірлестіктер басшылары және жастар қанаты көшбасшылары қатысты.

Департамент өкілдерімен «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бірінші институционалдық реформа шеңберінде іске асырылып жатқан жобаларға аса мән берілді.

Департамент өкілдері бірінші институционалдық реформа шеңберінде, мемлекеттік қызметке алғаш келуші үміткерлер үш кезеңдік іріктеуден өтіп, кәсіби қызметін тек төменгі лауазымдардан бастауды қамтитын мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне ауысу жобасы туралы түсініктеме берді. Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер еңбекақысын мемлекеттік қызметкерлердің нақты жұмыс жүктемесін және олардың жалпы мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесі ескерілетін факторлық-балдық шкала бойынша төлеуге көшетіндігі туралы тоқталды. Жалпы болашақ реформалар жастардың мемлекеттік қызметке келуіне және білімі мен біліктілігін көрсетуге жаңа мүмкіндіктер ашатындығы айтылды.

Шара барысында мемлекеттік қызметке түсу, жас мамандарға төленетін еңбекақы мөлшері сияқты сұрақтар жастар өкілдері арасында қызығушылық тудырды.

astana.gov.kz
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше