Жеңімпаз

Олимпиада ойындары – адамзаттың ойлап тапқан ең тамаша жаңалықтарының бірі. Күллі әлем назарын салатын бұл дода антикалық заманда елдер арасындағы соғыстардың тоқтатылатын айрықша кезеңі болғаны да белгілі. Жер-жаһанда діні мен ділі, ұлты мен ғұрпы бөлек адамдардың бәріне ортақ, бәрі қызыға қарап, сағына күтетін, бір мәрте өз көзіммен көрсем деп армандайтын дәл осындай бұдан басқа шара — жоқтың қасы.
Қазір ғой, жазғы ойындардан спортшыларымыз жылдан-жылға (дәлірек айтсақ, кібіседен-кібісеге) жүлделерін ұлғайтып келеді. Бірақ соның өзінде тәуелсіз Қазақстаннан су спорты түрлерінен бір де бір медаль алып көрмепті. Спецификалық, күрделі түрлер болғандықтан шығар.
Алайда Қазақстанда су ішінен жалпы Олимпиада медалисі шықпады деуге болмайды. Қарсы алыңыздар, су спорты түрлерінен Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада ойындарының жүлдегері – Виктор Андреевич Абоимов. Ол – біздің тұңғыш! Қарағанды жүзі мектебінің түлегі, еркін стильде жүзгіш, КСРО құрамасына жарқ етіп енген атлет.
Жалпы, атап өтейін дегенім, одан бөлек қазақ жері су спорты түрлерінен біздің тұңғыш чемпионымыз және екі Олимпиададан медаль алған алғашқы сушыл спортшымыз Сергей Котенко (Мәскеу-80, алтын және Сеул-88, қола, су добы) мен Олимпиада ойындарынан су спорты түрлерінен медаль алған тұңғыш қазақ Нұрлан Меңдіғалиевті (Сеул-88, қола, су добы) тудырды. Сергей қазір бизнес саласына жуық жүр. Ал Нұрланның жақында ғана Қытайда команда жаттықтырған кезі де болған. 1988 жылғы Олимпиадада алматылық баттерфляйшы Константин Петров финалдық жүзуге қатыспаса да, кешенді жүзудің 4 х 100 м эстафетасының іріктеу кезеңіде өнер көрсетті. Соның арқасында жалпы команда құрамында қола медальға ие болды. Қазіргі тағдыры туралы дерек аз, Ресейдегі әуесқой жарыстарға қатысуына қарағанда, сол жақта тұратын сияқты. Бізде әзірге осы.
Жарайды, кейіпкерімізге қайта оралайық. Меніңше, осының бәрін ақжолтай боп бастап берген Витя ағайдың ерлігі ерекше. 60-70 жылдар… Ол бір халықаралық жарыста жүлде алудан гөрі КСРО-ның негізгі құрамасына ілігу қиынырақ кезең емес пе еді?
Блог - Medium: Жеңімпаз1949 жылы туған Виктор Абоимов жүзу спортына 1963 жылы 14 жасында ғана келеді. Қазір ересектер арасындағы жарыстардан 14 жасар балалар озып жүрген заманда бұл да — таңғаларлық дүние. Бүгін секцияға жаңадан келген осыншама ересек баланы ешкім қабылдамас та еді. Мүмкін, жалпы зиян болмас, көшеде құр жүргенше, осында келе берсін деген болар, сол кездегі оны бапкерлер қабылдайды. Жүзудің қыр-сырын Витяға Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген жаттықтырушы Л. Лазариди үйретеді. Таңнан кешке дейін Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы спорт комбинатының бассейнінде жаттыққан Виктор бірте-бірте «Спартак» спорт ұйымының атынан жарыстарға қатыса бастайды. Кейінірек В. Василенконың қол астына өткен жігіт КСРО спорт шебері нормативін орындап тастайды. Бұл 1967 жыл болатын. 18 жас, жүзумен айналысқалы 4-ақ жыл. Содан соң басталды дерсің…
13 жастан 14-ке қараған шағымда Қарағандыдағы Әбдіров атындағы бассейнге келдім. Жай ғана, қасымдағы Бауыр, Юра секілді дос балалар қыста да жүзуге болатын осындай бассейн бар деп айтқаннан кейін төрт адам болып қызығушылықпен кірісіп кеттік. Ол кезде бізді секцияға алды, ал қазір болса балалар жүзумен 5-6 жасынан айналысады. Сосын 13 жасында І спорт разрядына ие болып шыға келеді.
Блог - Medium: Жеңімпаз
Ел ішіндегі сайыстарды ұтып, сыртқа көз тастай бастайды Виктор. Виктор! Атының өзі жеңімпаз деп тұрғасын, Қазақ ССР-і ішінде қарсылас шақ келтірмеуі орынды да болар. Жүзу үшін жаратылған, бойы 190 см, салмағы 72 келілік атлет 1969 жылы КСРО құрамасының құрамына енді. 1970 жылғы Туриндегі универсиадада күміс медаль алып, екі жылдан кейінгі Олимпиада ойындарына баратындардың қатарына қосылды.
Адам бойында қас-қағым сәт басып озу секілді ұмтылыс бар. Осы бір ниет, өзіңе бұдан сәл де болса жылдам бола алатыныңды дәлелдеу көп септігін тигізеді. Секундомермен күрес спорт жарысында емес, жаттығу кезінде, жаттықтырушымен бірге басталады. Дисциплина, өзіңді қадағалау, тапсырмаларға жауапты болу – бәрі соған жәрдемдеседі. 1966 жылы Қазақстанның құрамасына ендім де, одақтық спартакиадаға дайындала бастадым. Ары қарай КСРО құрамасының құрамында дайындалдым. Жаттығулар жүйелі, режиммен өтетін.
КСРО құрамасының сапында Мюнхен Олимпиадасында жасы 23-ке қараған Виктор еркін стильде жүзуден 4х 100 м эстафетасында күміс медаль алады. Іріктеу сайысына ғана қатыстыруды жоспарлаған бапкерлер оның осы жүзіп келген төрттіктегі ең үздік (!) 52,84 нәтижесінен кейін финалдық сайысқа қатысушылар қатарынан да орын береді. Себебі, бұл раундта жүзген спортшылардың біреуі ақтық сайыстан шет қалатын еді (финалдағы бір орын, сөзсіз, бұл кезеңге қатыспаған тәжірибелі Игорь Гривенниковке тиесілі болатын). Сәйкесінше, 54 секундта келген Георгий Куликовтың орнына финалда Абоимов жүзіп, 52,75 уақытпен екінші орынды бекітіп береді. Бұл – сол кездегі Қазақстан рекорды еді.
Тағы бір эстафета 4 х 200 м еркін жүзуде Абоимов тек іріктеу сайыстарына ғана қатысады. Дегенмен, құраманың сапындағы алты спортшының бәріне ақырғы қола жүлде бұйырады.Блог - Medium: Жеңімпаз
Енді бір аралас кешенді эстафетаның да бірінші кезеңіне қатысып, төрттік ішінде соңғы боп жүзген Абоимов командаға бірінші орынмен финалға өтуге көмектеседі. Финалда өзге спортшылар қатысып, олар 4-орынды місе тұтады.
Абоимов жеке жарыстарда жартылай финалға дейін жетеді. Бұл бір қазіргі Фелпс секілді Марк Спитцтің дүркіреп, бәйгені ешкімге бермей тұрған кезі еді. Сонымен, спортшы Мюнхеннен бір күміс, бір қоламен қайтады.
Келесі жылы қарағандылық жігіт Белградтағы әлем чемпионатында 100 метрлік эстафетада да күміс жүлдені қанжығасына байлайды. Тағы бір жыл өткесін Венадағы Еуропа біріншілігінде, 1975 жылғы Калиде (Колумбия) ұйымдастырылған тағы бір дүниежүзілік додада қола медальдан бұйырады. Одан кейін Еуропа кубогі, Бүкіләлемдік Универсиада, КСРО спартакиадасы секілді жарыстардың бас жүлдесін иемденеді. Бірнеше мәрте Еуропа, КСРО, ҚазССР рекордтарын жаңартады.
1975 жылы КСРО құрамасында өнер көрсетуді қойдым. Одан кейін бапкеріммен бірге Мәскеуге, Санкт-Петербургке көшіп барып тұру секілді ойлар басыма келген жоқ. Үйде көбірек пайда тигіземіз деп ойладық. Көп нәрсені жаңадан үйренуге тура келді, мысалы, психологияны… «Динамо» ұйымында, кейін Олимпиада резерві мектебінде жас спортшылармен жұмыс жасай жүріп, тек жаттығу процесі емес, педагогикалық процестің мәнін ұқтым. 6 жылдан кейін Балалар спорты мектебінің директоры қызметіне шақырды. Бардым, көрдім, содан кейін ҚазССР Министрлер кабинетінің жанындағы Спорт комитетіне ауыстым.
Виктор шамамен 80-жылдардың басына дейін спорттан қол үзбейді. Спорттық жолын аяқтағаннан кейін Абоимов Алматыда, «Динамо» ұйымында жүзу секциясында жұмыс жасайды. Кейін тәуелсіз Қазақстанның атауы кейін қырық мәрте өзгерген Спорт және туризм министрлігінде қызмет атқарып, Дене шынықтыру және спорт комитетінің Төрағасы да болып еңбек етеді.
Яғни, қазір де Виктор Андреевич спорттан қол үзіп кеткен жоқ. Спортшылардың жас буынын шыңдау үшін сан-салада еңбек етіп келеді. Бүгінгі күні ол — Қазақстан Республикасының Штаттық ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясының Қысқы спорт түрлері басқармасының басшысы. Дирекциядағылар бір үлкен шараға басқарма бағытына қарамастан тұтас жұмылатыны ұжым екен. Блог - Medium: ЖеңімпазВиктор ағай жұмыс жасайтын бұл ұжым қазір Астана қаласы, Сығанақ көшесі, 25 үйдің 11-12 қабатында отырады. Іс-шарасы көп ұжымдағы бұрынғы спортшы, қазіргі шенеуніктің бір басында міндеті жетеді.
Сондықтан маған Абоимовпен тіпті телефонмен сөйлесудің сәті түскені — жолымның болғаны секілденді.
— Үлкен сұхбатқа қазір шама жоқ қой. Осы күндері дзюдодан әлем чемпионаты өтіп жатыр, сонымен қапылып жүрміз. Бұл жарыс бітсін, қыркүйек айында болмаса...-деп жағдайын айтты. Қыркүйек… Уақытым тығыз, материалым шұғыл болса да, ақсақалға ренжудің реті болған жоқ. Таңдаған тақырыпты ауыстыруды да жөн деп таппадым бірақ. Жеңімпаздар жайлы пост орта жолда өзгертілмейді!
Басқарманың басты міндеті – қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құраманы Олимпиадаға дайындау, олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, ұлттық спорт түрлері, техникалық спорт, мүгедектер спорты… Тағы не? Спорт және дене шынықтыру туралы ҚР заңының жобасын жасауға да үлес қостым. Өзімді әлі жас сезінемін. Алдағы қысқы универсиаданы табысты өткізуге күш саламын.
Блог - Medium: ЖеңімпазВиктор ағай — үйлі-баранды кісі, ұл-қызынан немере сүйіп отырған жан. Көп уақытын отбасына арнағанды жөн санап, отбасында берілетін тәрбиенің маңғызын түсінеді. Қазір сан-салада жүргенімен, балаларының қай-қайсы да спорттың дәмін татып, тұлғалық дамуында өз ықпалын алғандай.
Себебі, Абоимовтың ұлы да, қызы да су спорты түрлерімен айналысып көрді. Өзіне сондай жете таныс бассейнге Виктор ұлын сәби кезінен-ақ көтеріп әкеледі. Ал қызын биіктіктен суға секіруге берді, содан кейін шана спортына апарды. Кейін бой жеткен қыз бала спортты қойды.
Ұлы да жүзу спортының шыңына әкесі секілді шыға алған жоқ. Дегенмен, ондай мақсат та тұрған да жоқ еді. Университетте әуесқой деңгейде мылтық атумен айналысқаны болмаса, ол да өзге бағытты таңдады. Әкесі спорт жолының қаншалықты қиын екенін жақсы білгендіктен, бұған қарсы болмаған да сыңайлы. Абоимов қаз-қалпында былай дейді бұл жайлы:
Ұлымды, әрине, бірден бассейнге әкелдім. Бір жасында-ақ ол жүзіп жүрді. Кейін жүзуге арналған арнайы мектепке беруге реті келмеді, екі мезгіл жаттығуға уақыт та қалмады, әйелім де гимназияда оқығанын қалады. Немерелерім әлі кішкентай. Бірақ, бұйырса, оларды да жүзуге үйретемін.
Бүгінде Виктор Абоимов — Қазақстанның ең биік жетістіктерге жеткен жүзу шебері. Әлі біраз уақыт осылай қала беретін сияқты. Бірақ ол кісінің өзі тезірек бұл жағдай өзгеріп, сең бұзылғанын қалайды. Ақсақалдың жұмысына сәттілік пен ғұмырына зейнет тіледім.
Отбасында өнегелі, үбірлі-шүбірлі, қызметінде құрметті, қартаң кезеңде тың, артқа бұрылып қарағандағы естеліктері – өмірді бекер сүрмеппін-ай деген ойға жетелейтін тәтті де ыстық естеліктер. Кезіндегі дүниенің түкпір-түкпіріндегі, атышулы спорт кешендерінің бассейн жолақтарындағы жеңістерінен гөрі осы өмірлік жеңімпаздығы маңыздырақ болар, бәлкім. Виктор. Victor. Жеңімпаз.
Бөлісу:

1 пікір

asaubota
әдемі портрет-пост!