Қазақстандағы үздік әлеуметтік желілер. Топ 5
Cоңғы уақытта біздер жиі қолданатын сөздердің бірі – әлеуметтік медиа. Жиі қолданғанмен, бұл сөздің қандай мәнге ие екендігін терең түсіне бермейміз. Қарапайым тілмен «Әлеуметтік медиа – адамдарды бір-бірімен сөйлестіретін online технологиялар жиынтығы» деп айтсақ болады. Бұл жазбада Қазақстан бойынша жиі қолданылатын әлеуметтік желілердің үздік бесеуін анықтайтын боламыз.
Әлеуметтік медиалар хабарландыруға арналған электронды тақталардан бастап өзге де ірі әлеуметтік желілерге дейін ұзақ жол жүріп өтті. Олар әлі күнге дейін даму жолын жалғастыруда. Тақырыпқа тұздық болсын деп, оның жеті түрін атай кетейін:
1. Интернет-қауымдастық;
2. Блогтар;
3. Виртуалды ойындар;
4. Әлеуметтік желілер;
5. Біріккен контенттен құралған қауымдастықтар;
6. Біріккен жобалар;
7. Геоәлеуметтік сервистер.
*** *** ***
Берілген тақырыпқа қатысты жазба жазбас бұрын «Шығыс Қазақстан облысы бойынша қай әлеуметтік желінің қолданушысы көп екен? Қай әлеуметтік желіге күніне қанша адам кіреді?» деген сұрақтың жауабын тапқым келді. Өзімді емес, сандарды сөйлеткім келіп, бірнеше мемлекеттік мекемеге: облыстық Прокуратураға, ішкі саясат бөліміне, талдау және болжау институна, ШҚО ақпараттық орталығына хабарластым. Өкінішке орай, ешбірінен тұшымды жауап ала алмадым, себебі біздің өңірде нақсы осы сұрақ төңірегінде айналысатын мекеме жоқ екен. Статистика былай тұрсын, жобалап та айтып бере алмады. Өкпелейтін түгі жоқ, бұл сұрақтың жауабын облыс көлемінде емес, жалпы Республика көлемінде де ешкім нақты айтып бере алмайтын болып шықты.
ШҚО ақпараттық орталығының маманы, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы Елжан Қайырхановтың айтуынша (жұмыс барысы емес, өз сараптамасы, зерттеуі бойынша), ШҚО бойынша әлеуметтік желілер танымалдығы жағынан мынадай реттілікпен орналасады:
1. Facebook
2. Вконтакте
3. Twitter
4. Instagram
5. WhatsApp
Неге басқа емес, дәл осы реттілікпен орналастырғанын сұрап едім:
-Фейсбук ой-санасы қалыптасқан, айтары бар адамдар отыратын, ақпарат тарататын ғана емес, сараптама жасайтын орын. Ол жерге өзіңізді толғандыратын жайлар туралы жазу да өте тиімді. Фотосурет салсаң да, пікір қалдырсаң да адамдар назар аударып, өзге достарымен бөлісіп, талқыға салады. Сол үшінде бірінші орында тұр. Ал «ВКонтакте»-ден мұндай құбылысты байқамайсың. Ол көбінеки Ресейде өте танымал. Қазір Қазақстанда «ВКонтакте»-нің қадір-қасиеті кетіп барады десе болады. Ол жерде көбі ән тыңдау үшін ғана отырады. Сол себепті де екінші орынға қойдым. Твиттер ресми ақпарат үшін арналған. Фейсбукте ой тоқтатқан адам отырса, Твиттерде ой тоқтатқан адамдарды басқаратын немесе ойы олардан да ұшқыр адамдар отырады. Үшінші орынға қойған себебім, ол жерде жеке өміріңіз туралы көп қозғап, эмоцияңызбен бөлісе алмайсыз. Жеке өміріңіз туралы ары кетсе «Жаңа машина алдым және т.б.» деген сияқты жаңалықтарыңызбен бөлісе аласыз. Твиттерде оқырман жинау өте қиын. Инстаграмды төртінші орынға қоямын. Ол жерде пікір өте еркін жүргізіледі, дегенмен аға буынды көп байқай бермейміз. WhatsApp бесінші орында тұр, себебі бұл байланыс құралын біз «Қайда бардың?», «Қайдан келдің?!» деген сияқты тұрмыс жағдайындағы сұрақтардың жауабын алу үшін қолданамыз, — деген жауап алдым.
*** *** ***
Ал мен 5 әлеуметтік желінің Қазақстан аумағы бойынша үздігін анықтап көруге тырыстым. Менің ойым Сіздің ойыңызбен сәйкес келмей қалуы, тіпті мүлдем дұрыс болмауы мүмкін, бірақ жоғарыда айтып кеткенімдей, нақты статистикалық мәліметке қол жеткізе алмағандықтан, өз түйсігіме сүйену және айналамдағы адамдардың қай әлеуметтік желіні жиі қолданатынын бақылау, сұрақ қою арқылы мынадай қорытындыға келдім:
Енді көкейіңізде «Не үшін бүл 5 әлеуметтік желіні алдыңғы қатарға қойды? Не үшін басқа емес, осы әлеуметтік желіде отыруым керек?» деген заңды сұрақ туындап отырған болар. Ендеше, ойымды дәлелдеуге тырысайын.
Негізін қалаушы: Марк Цукерберг
Фейсбуктің негізін қалаушы Марк Цукербург 1984 жылы 14 мамырда, Нью-Йорк штатының Уайт-Плейнс деп аталатын елдімекенінде дүниеге келген. Оның ата-анасы психиатр және тіс дәрігерлері болған. Он жасқа толған кезінде ата-анасы оған компьютер (Quantex 486DX) сыйлаған. Бұл оның бірінші компьютері еді. Ол сол кезде адамдардың қолданушылар және программистер деген екі топқа бөлінетінін аңғарса керек. Компьютерлік ойындардан жалыққан бала жеке өзі қолдануы үшін бірнеше программа ойлап табады. Соның бірі – қандай әнді қай уақытта және неше рет тыңдағаның туралы ақпараттарды „есте„ сақтап қалатын Synapse программасы болатын. Аты аталған программа және оны ойлап тапқан бала туралы Microsoft компаниясындағылар да естіп, программасын сатып алуға ұсыныс жасайды. Бірақ кішкентай вундеркинд бұл компанияға программасын сатудан және әріптес болудан бас тартады.
Тарихы: Facebook 2004 жылдың 4 ақпаны күні АҚШ-тың Кембридж қаласында орналасқан Гарвард университетінің студенттеріне арналған әлеуметтік желі ретінде пайда болып, 2008 жылға қарай MySpace әлеуметтік желісін басып озады. Фейсбуктің негізін қалаушы өзіне төрт адам көмектескенін айтады. Олар: Э.МакКоллум, Э.Сэверин, Д.Московиц, және К.Хьюз.
Не үшін бірінші орын? Сіз ақыл-ойыңыз толығып, ақ пен қараны айыра алатын жасқа жеттіңіз бе? Өзіңіздің қоғамның бір мүшесі екеніңізді сезініп, айналаңызда болып жатқан жағдайларға бей-жай қарай алмайсыз ба? Саяси, діни мәндегі және ұлт тақырыбындағы мәселелерді талқыға салу ұнай ма? Жеке парақшаңызда бөліскен әлдебір ақпаратқа қатысты көп пікір жазылып, аз уақыт ішінде көп адам бөлісіп және көп Like жинағыңыз келе ме? Олай болса, Фейсбук дәл Сізге арналған! Дәл осы жерде Сіз жоғарыда келтірілген мысалдарды іске асыра аласыз.
Фейсбукті бірінші орынға қойған себебім, мұнда кәрі де, жас та отырады. «ВКонтакте»-де жоқ туысымды, «Instagram»-да жоқ жерлесімді, «Twitter»-де жоқ танысымды осы «Facebook»-тен табам. Сізде де осыған ұқсас жағдай деп ойлаймын. Ендеше, Фейсбукке мәртебелі бірінші орынды бердім!
ВКонтакте
Негізін қалаушы: Павел Валерьевич Дуров
„ВКонтакте"-нің негізін қалаушы Павел Дуров 1984 жылы 10 қазан күні Ленинградта дүниеге келген. Оның әкесі филология ғылымдарының докторы болса, ағасы физика-математика ғылымдарының кандидаты. Павел Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің жанындағы Академиялық гимназияда, шет тілін тереңдете оқытатын сыныпта оқыған. 11 жасынан бастап оның программалауға деген қызығушылығы оянады. Академиялық гимназияны үздік бітірген ол Санкт-Петербургтегі мемлекеттік университеттегі филология факультетіне („Ағылшын тілі филологиясы және аударма„ мамандығы) тапсырады. Бірде оның АҚШ-тан келген досы фотосуреттер мен әртүрлі ақпараттарды бөлісуге болатын әлеуметтік желі – Фейсбук туралы айтады. Досының бұл айтқаны Павелге ой салып, орыс тілді интернет кеңістігінде өз идеясын іске асырып көрмек болады.
Тарихы: Павел жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін жаңа жобаны қолға алып, оны „Студент.ру„ деп атайды. Көп ұзамай ол атау „ВКонтакте„ болып өзгертіледі. 2006 жылы 1 қазанда ағайынды Павел мен Николай Дуровтар „ВКонтакте»-нің негізін қалайды, бірақ жыл соңына дейін өңделу, жөнделу үстінде болады. Бастапқыда бұл әлеуметтік желіге тек шақырту арқылы тіркелуге болатын, ал 2008 жылдан бастап қалаған адам ешкімнің шақыртуынсыз-ақ, өз еркімен тіркеле алатындай деңгейге жетеді. Дәл осы жылы Павел „Вконтакте„-ні ресми түрде ашты.
Не үшін екінші орын? Сіз өтпелі кезеңде жүрген, алғашқы махаббатын жолықтырып «көкте қалықтаған» немесе енді ғана жоғалтып, сүрініп қалған жансыз ба? Сіз үшін дәл қазіргі ең маңызды тақырып махаббат туралы ма? Көрген фильмдеріңіз бен естіген әндеріңіздің көбі Сіздің өміріңізге қатысты сияқты болып тұра ма? Өзіңізді отқа күйген көбелекке ұқсатасыз ба? Қайта күйдірерін білсе де, сол отқа қайта-қайта ұмтыла беретін жынды көбелекетің күйін кешіп жүрген болсаңыз, Сіз отыратын немесе Сіз отыру керек әлеуметтік желі – Вконтакте. Бұл жердегілердің көбі өзіңізге ұқсайтын жандар. Бәрі де осы жерден фильм көруді, ән тыңдауды, сөздері бар суреттерді бөлісуді, «Сыныптас, топтастардан кім тұрмысқа шығып, кім үйленді екен? Кім қалай өзгерді екен?» деген сұрақтың жауабын да осы жерден іздеуді жақсы көреді. Мүмкін Сіз ақ пен қараны ажырата білетін, бірақ түбіне жетіп болмайтын ұлт, саясат, тіл, дін тақырыптарынан әбден жалыққан жан боларсыз? Олай болса, Сіз де «ВКонтакте-ге тіркеліңіз. Бұл жерде алаңсыз ән тыңдап, грамматикалық қатеге толы сөздері бар суреттерді «тамашалайсыз». Қосыла алмаған махаббаты үшін кімді кінәларын білмей, «қайғыға батып», махаббаттың не екенін өзі ғана түсінетіндей, кейде тіпті өзіңізге ақыл айтып кететін бозбалалар мен бойжеткендерді осы жерде «кездестіресіз». Ең ақыры басыңызды шайқап «Қой, Фейсбугіме қайтайын» дейсіз. Бірақ олай демес бұрын дұрыстап ойланып алыңыз, себебі өзіңіз де бозбала не бойжеткен шағыңызда дәл осындай болғансыз! Әлде олай болмаған ба еді? Дұрыстап ойланып көріңіз…
Фейсбук пен ВКонтактенің көптеген функциялары ұқсас. Екеуінде де жекеге хабарлама жіберуге немесе қалаған адамның жеке парақшасындағы қабырғаға хабарлама қалдырып кетуге, фотосурет, видео бөлісуге, сілтеме орналастыруға, өзіңді қызықтыратын тақырыпта топ ашып, мақсаттас адамдардың басын сол топта біріктіруге, сонлай-ақ лайк жинауға болады. Ал айырмашылықтары – екеуінде отыратын адамдар («ВКонтакте»-де көбінеки жастар, ал фейсбукте орта буын, аға буын) мен талқыланатын тақырыптарында.
«ВКонтакте»-ні екінші орынға қойған себебім, бұл жер – жастар алаңы. Қазақстан бойынша жастарға қарағанда орта буын мен аға буынның үлес салмағы басым деп ойлаймын. Бірнеше жылдан кейін осы «ВКонтакте»-дегі жастар да Фейсбукке қарай бет бұрады. Ол кезде қазіргі аға буын «ВКонтакте»ге оралып келер ме екен? Екінші орының құтты болсын, ВКонтакте!
Негізін қалаушы: Кевин Систром (Kevin Systrom)
Кевин 1984 жылы Нью-Йоркте туғанмен, балалық шағы Массачусет штатында өткен. Оның ата-анасы кәсіпкерлік саласында қызмет еткен. Мектеп бітірген бозбала Стэнфорд Университетіне (Stanford University) түсіп, 2006 жылы менеджмент магистрі болып тәмамдайды. Жас кәсіпкер әлеуметтік интернет-жоба туралы университет қабырғасында-ақ ойлап жүрген, бірақ оның ойы 2010 жылдың басында ғана іске асты.
Тарихы: Жоба жұмысы Сан-Францискода басталған, бірақ оның бастапқы атауы „Burbn„ болған және фотосуреттерді өңдеп орналастыратын емес, тек қолданушылар өздерінің жүрген жерлерін достарымен бөлісе алатындай ғана мүмкіндік болған. Кевиннің серіктесі бразилиялық Майк Кригер (Mike Krieger) болды. Олар бір-бірімен университет қабырғасында танысқан. Instagram алғаш 2010 жылы 6 қазанда Apple-дің қосымшасы ретінде пайда болған.
Не үшін үшінші орын? Сіз өзіңізді әдемі, өнерлі, ерекше жан санайсыз ба? Біреудің таңды қалай қарсы алып, күнді қалай батыратынын, күні бойы не ішіп-жейтінін және не киетінін, қай уақытта қай жерде жүргенін біліп отыру Сізге қызық па? Әлде, керісінше, Сіздің әрбір әрекетіңізді фотосуреттерден көріп отыру өзгелер үшін қызық деп ойлайсыз ба? Олай болса, Сіз тез арада «Instagram»-ға тіркелуіңіз керек. Бұл жерге өзіңізге қатысты қанша сурет салам десеңіз де өз еркіңіз. Егер қолыңыздан іс келсе, мәселен қолөнермен айналыссаңыз немесе дәмді тағамдар жасай білсеңіз «туындыларыңызды» суретке түсіріп, осы жерге жариялауыңызға болады. Өзіңіз қалағандай «Сен сондай сұлусың!», «Сен кереметсің!», «Сені көру бір бақыт!» деген сияқты жағымды пікір естіп, лайк жинауды қалап, Аршат аға Оразов айтқандай «Өз эгоңызды әбден қанағаттандырғыңыз келсе» тез арада Инстаграмға тіркеліңіз! Есте қалуға тұрарлық, өмірдің сәулелі сәттерін селфилетіп, неге «Instagram»-ға салып жібермеске?! Шынымен де, адамдарға өзіңіз туралы айтқыңыз келетін шығар? Бұл жерде сөздер ғана емес, суреттер сөйлейді! Өзіңізді өзгелер біле бермейтін қырыңыздан көрсете білуден қорықпаңыз!
Инстаграмды үшінші орынға қойған себебім, Фейсбуктегідей ұлт, саясат, дін тақырыбын талқылап, ВКонтактедегідей ән тыңдап, фильм көруді ұнататын адамдар қатары көп болғанмен, өзгелерге өзінің жеке өмірі туралы айтып, оны талқыға салғысы келетін адамдар саны аз деп ойлаймын. Екінің бірі саяхатқа шығып, сондағы әсерімен бөліспейді. Екінің бірі қолөнермен айналысып, оны өзгелермен бөліспейді. Екінің бірі өзгелерге өзін басқа қырынан көрсетуге тәуекел ете бермейді. Сондықтан Instagram, ренжімей ғана үшінші орынды қанағат тұт! Алдағы уақыттақоғамдағы құндылықтар қалай өзгеретінін білмеймін, бірақ Instagram»- болашақта Фейсбук немесе «ВКонтакте»-нің орнын басып озса – таң қалмаймын.
Негізін қалаушы: Ян Кум
«WhatsApp»-тың негізін қалаушы Ян Кум Киев маңындағы шағын ауылда өскен. 1992 жылы ол отбасымен калифорниялық қала – Маунтин-Вьюге көшіп барады. Ол кезде Кум небары 16 жасар бала еді. Эмиграция кезінде олар бастарынан көп қиындық өткереді. Қайыршылықтың ар жақ-бер жағында жүрген ата-анасына көмектесу үшін ол сабақ оқумен қатар көше сыпырушы болу сияқты әртүрлі жұмыстар істеген. Күндердің бір күнінде жаман ауруға шалдыққан анасы жұмысын тастап, жәрлемақыға күн көрулеріне тура келеді. Кум бар-күш жігерін оқуға арнағандықтан, Сан Хоседегі университетке де еш қиындықсыз қабылданған. Бірде ол Фейсбуктің қызметкері Брайан Эктонмен танысады. Баланың ерекше дарын иесі екенін байқаған Брайан Эктон оны сол кездегі ең беделді компаниялардың бірі – Yahoo-ға кіргізеді. Кум өзі армандаған жұмысын тапқаннан кейін оқуын тастап кетеді. Дәл осы жерде көп тәжірибе жинап, «WhatsApp»-тың инвесторы болатын адамдармен танысады. Жұмыс орнында Эктонмен жақын дос болады. Күндердің бір күнінде Кумның анасы көз ұмып, ал Эктон жинаған қаржысынан қағылады. Екі дос үшін де өмірдің қара жолағы басталып, 2007 жылы олар Yahoo-дан керектерін алғанын, ары қарай өз беттерімен күн көру керек екендерін түсінеді. Кум Yahoo-да жұмыс істеп жүрген кезінде жарты миллион доллар жинаған еді. Осының арқасында екі дос біраз уақыт жұмыс іздеп бас қатырмай, немен айналысқылары келетіндерін ойлануларына уақыттары бар болатын. Кум Фейсбукке орналаспақшы болады, бірақ тұра алмай қалады.
Тарихы: Ян Кум 2009 жылы өзіне iPhone сатып алғанға дейін бойындағы талантын неге жұмсайтынын және App Store-нің болашағы зор екендігін де аңғармаған. Сол кезде ғана ол телефон қосымшасын ойлап табудың уақыты келгенін түсінеді. Орыс эмигранттарының жиналысында Кум программист Игор Соломончиковпен танысып, екеуі іске кіріседі. Олардың идеялары қарапайым еді: смарфондардың ерекшеліктеріне қарай және телефон нөміріне байланған өзара сөйлесу қосымшасын ойлап табу. Ватсап сөзі кездейсоқ пайда болған. «Whats» — «Қалың қалай?» дегенді, ал «App» — «қосымша» деген мағынаны білдіретін сөздер. Арада бірнеше ай өткеннен кейін App Store программасы шықты, алайда аса танымал бола алмады. Бұл қосымшаны ешкім де өз ұялы телефонына көшіріп алмады, сол себепті Кумның жігері құм болды. Бірақ осы кезде Apple push-ескерту (уведомление) функциясын қосқан болатын. Кум осы сәтті пайдаланып, «WhatsApp»-ты өңдеп, іске қосты. Осы кезде «WhatsApp» қосымшасы 4 мың рет көшірілді, бірақ ұзақ уақыт тегін қызмет көрсете алмады. Оны қолданушылардың саны көп болғандықтан, хабарламаны жеткізгені үшін ұялы байланыс операторларына көбірек ақша төлеуге тура келді. Нәтижесінде қолданушылар «WhatsApp»-ты ұялы телефондарына ақылы түрде көшіретін болды. «WhatsApp» арқылы хабарлама ғана емес, фотосурет жіберуге болатын функция қосылғалы қолданушылар саны арта түсті.
Не үшін төртінші орын? Әлдебір әлеуметтік желіге кіріп, логин, пароль ойлап тауып, тіркелуге ерінесіз бе? Туыс, дос, таныстарыңызға әлдебір хабарламаны тезірек жеткізгіңіз келе ме? Онда Сізге керегі – WhatsApp. «Мой мир»-дегі «Агент» есіңізде ме? Бұл да соған ұқсас, бірақ логин мен парольді қажет етпейді. «WhatsApp»-тың «логині» Сіздің ұялы телефоныңыздың нөмірі болады. Сіздің ұялы телефоныңыздың тізіміндегі «WhatsApp»-қа тіркелген барлық адам автоматты түрде Сіздің «WhatsApp»-ыңызда пайда болады. Бұл жерден сыныптастарыңызға, топтастарыңызға, әріптестеріңізге арнап конференция ашып алсаңыз болады. Олар білуі керек жаңалық немесе олар көруге тиіс фотосуреттер болса, сол ортақ конференцияға жібере саласыз.
«WhatsApp»-ты төртінші орынға қойған себебім, Фейсбук, «ВКонтакте»-де бар достарымның бәрі бұл жерде жоқ. Сәйкесінше, қалаған ақпаратты қалаған адамдардың бәрімен бөлісе алмаймын. Мұны көпшілігіміз тұрмыстық деңгейде қолданамыз. Өз басым, көбінеки туыс, достың қалын сұрап, үйге қонақ шақырсақ, фотосуретке түсіріп, алыстағы туыстарға жіберу үшін қолданам. Сондықтан ренжи көрме, «WhatsApp», сенің еншіңде – төртінші орын!
Негізін қалаушы: Джек Дорси
Твиттердің негізін қалаушы Джек Дорси 1976 жылы 19 қарашада Сент Луисте (АҚШ, Миссури штаты) өмірге келген. Бала кезінен Нью-Йорктің «тірі» картасын салуды қалаған. Ол медициналық құрылғылар инженері болып істейтін әкесімен бірге көптеген қалаларға барған. Қайда барса да, ең алдымен жергілікті жол картасын сатып алып, сол карта бойынша қаланы түнге дейін аралап жүретін. Өте тұтығып сөйлейтіндіктен, көбінеки үнсіз жүруді жөн санайтын. Дәрігерлердің көмегі арқылы емделе алмаған бала өзіне-өзі көмектесуді қолға алады. Ол мектептерде шешендік өнер бойынша өтетін сайыстарға қатысып, «сүрініп-шалынып», ақыры ел қатарлы сөйлеп кетеді. Ал программист ретінде бірінші тәжірибесін 14 жасында, Сент-Луисте алған. Ол такси диспетчерлеріне және өрт сөндіру қызметіне арнап программалар жазған. «Оның басына Твиттер туралы ой таксистер бір-бірлерінен қай жерде жүргендерін және не істеп жатқандарын сұрап жатқандарын естігеннен кейін келген» деген де нұсқа бар.
Тарихы: Odeo Inc. компаниясының қызметкерлері СМС технологиясы арқылы қайда жүріп, немен айналысатыны туралы достарымен бөлісе алатын сервис ойлап табуды ұсынады. Бұл идея 2006 жылы 21 наурызда іске асады. Бірінші прототипі Odeo компаниясының ішінде ғана қолданылған. Бұл платформада жеке парақшаға хабарламалар жазуға болатын және ол хабарламаларды сенің парақшаңа жазылған адамдар ғана оқи алатын. Ол жерге ең бірінші хабарламаны «just setting up my twttr» деп Твиттердің негізін қалаушы Дорси жазған. Бұл жазба микроблогтың бастамасы еді. 2006 жылдың шілде айынан бастап твиттер қолданушыларының саны арта түсті. Ол жерге компания қызметкерлерінен басқа туған-туыстары, достары, қысқасын айтқанда қалаған адамның бәрі тіркеле алатындай болды. 2010 жылы сайтта үлкен өзгерістер орын алды. Логотип өзгеріп, сайттың өзінен фотосурет пен видео көруге болатын функция пайда болды. Сөйтіп «Твиттер»-дің жаңа нұсқасы 2010 жылы 24 қыркүйекте пайда болды.
Не үшін бесінші орын? Өзгелердің ұзын-сонар жазуларын басынан аяғына дейін оқып отыруға жүйкеңіз жетпей ме? Ойыңызды қысқа да нұсқа жеткізе білесіз бе? Онда Твиттер Сіз үшін арналған! Бұл жердегі әріп таңбасының саны шектеулі. 160 әріп таңбасымен сілтеме, хештег қойып, сілтемеде не туралы айтылатыны немесе сілтемедегі ақпаратқа қатысты қысқа да нұсқа ойыңызды жаза аласыз.
«Twitter»-ді бесінші орынға қойған себебім… Өз басым Инстаграмға да, Твиттерге де тіркелмегем. Бірақ туыс, достарымның арасында Инстаграмға тіркелгендер аз да болса бар, ал Твиттерге тіркелгендер жоқтың қасы.
Мен үшін әлеуметтік медиадағы топ 5 осылар. Ал сіз үшін ше?
Зарина Абильмажинова
4 пікір