Жылу

Жаз бойы өзге балалармен таласа жүріп біз жинаған тезектерді қапқа салып алып келді де, қазандықтың оттығын ашып, солайымен төңкере салды. Отқа салынған әр тезек таныс маған, әр бұдырына дейін, көлеміне дейін көз алдымда. Әр түйірінің бір тарихы бар керек десеңіз. Оттық тұтату үшін соляркаға малынған әнебір жұқалау ақшыл тартқан тезек көрші Қамбар шалдың сынық мүйіз сиырынан шыққан өнім. Өзіміздің сиырларға деп салынып қойылған шөпке түсіп кеткен сынық мүйіз сиырды «Қарасан келгір, шошала тигір» деп әлемдегі бар қарғысты жаудырып қуалап бара жатқанымда, қорамыздың алдына қалдырып кеткен сұйықтау тезегін күннің көзіне әбден қураған кезде қораның іргесіне қарай сүйей салғанмын. Міне, осыған ұқсас әр тезектің өз тарихы бар. Жазғы аптап ыстыққа әбден қурап, кепкен тезектер от тиісімен гүр етіп жана бастады. Сазбен сыланған қоңыр пешке жан бітті. Бойы қыз-қыз қайнап, үйге жылуын тарата бастады. Бірнеше жылдың куәсі болған қара қазан қойылды отқа. Әжем қазан ішін ыстық сумен шайып жіберіп, ешқашан ұмыт қалмайтын «Біссімілләсын» айтты да, ет салды. Көзін сығырайта қабырғада ілулі тұрған сағатқа қарады. Тамақтың дайын болар уақытын жобалау үшін. Қоңыр пешке арқасын сүйей отырды да, көрпенің астына бетін қайырып тастап кеткен сарғыш кітабын алды. Мен де әжеме қарай жылжыдым. Үйреншікті әдет, ешкім тіл қатып сөйлеспесе де, іс-әрекет жасала береді.
Қоңыр пеш пен әжем қатты ұқсайды бірі-біріне: екеуі де жып-жылы, тоңсақ екеуін паналаймыз, екеуі де бір-бірімен үнсіз ұғысатындай. Қоңыр пеш әжем жоқ болса жетімсіреп қалатындай, пеш жағылмаса әжем көңілсіз болатындай. Далада ысқырып тұрған боранның қаһары да түк емес: әжем мен қоңыр пештен қаймығады. Долдана айналасын астаң-кестең еткен ақ боранның ызғары үйге ене алмай, бар жігері құм болып басылатын. Ал, біз қоңыр пешке арқамызды сүйеп қойып мамыражай күйге көшеміз. Көзәйнегін киіп алған әжем сыбырлап кітап оқи бастады. Мен алдына басымды қойып тыңдауға көштім. Негізі, әжем кітапты маған оқып, түсіндіру үшін оқымайды, өзі үшін оқиды. Оқығаны да қызық, іштей көз жүгіртіп оқуға әдеттенбеген, сыбырлаған дауысын анық есту үшін мен әжеме одан сайын жақындай түсемін. Кешегі бастаған «Елім-ай» кітабының бүгін ортасына келдік. Өз заманының адам төзгісіз халін оқып, жүрегі ауыратын болса керек: «Алда, қасқа-ай» деп терең күрсініп алады. Кімді аяғанын білмедім, мүмкін кітап кейіпкерін, мүмкін есіне түскен өз замандастарын.
Сыбыр-сыбыр дауыс. Шырт-шырт етіп жанған от. Қыж-қыж етіп қайнаған қазан. Сарт-сұрт еткен даладағы боран. Пыс-пыс етіп демалған мен. Тыңдап жатырмын. Бір кезде бетіме тамшы тамып кетті. Әжем жылап отыр. Бір-бір көзі шөлмектің түбіндей қап-қалың көзілдірігінің астынан жылжи аққан көз жасы бетіндегі әр әжімнің ізін қуалай жүріп, менің бетіме тамып жатыр. Сонда да оқуын тоқтатпады. «Алда, қасқа-ай» деген бұл жолғы дауысына діріл қоса шықты.
Тыңдап жатып ұйықтап кетіппін. Мұрынды қытықтаған сүр еттің тәтті иісінен ояндым. Әжем кітабының бетін қайырып, көрпесінің үстіне қойыпты да, дастархан жаюға кірісіпті. Кірпігіне қырау қатып, құлақшынын бастыра киген атам қой кезектен келіп жатыр екен. Біздің үйдегі іс-әрекеттің бәрі бірі-бірімен үнсіз байланыста. Атам қай уақытта келетінін алдын ала айтпайды, бірақ атам кіріп келе жатқанда тамақ та пісіп үлгеріп, дастархан жайыла бастайды. Әжем де кітабының бір тарауын аяқтайды. Арада жылдар өтті. Атам қайтыс болды, әжем үлкен ұлының қолына аудан орталығына көшіп кетті. Ортасында жалғыз пеші бар тоқал там бұзылды, орыны күреліп басқа ғимарат салынды. Ауылға газ келді де, бұрынғыдай таласа тезек жинайтын балалардың қолы босап, ерігіп жүрді. Ауыл маңы сиырдың тезегінен қоқып кетті, оны жинайтын, керек ететін адам табылмады. Ал мен үнемі тоңып, бір жылу іздеп жүретін күйге түстім.
Бөлісу:

5 пікір

asaubota
цивилизация кей құндылықтарды да құртад дисің ғо…

бірақ, біреуге құндылық, біреуге азап қой :)
KILYZAMAN
Тезек, қи — пиролиздік қазандықтардың бастамасы екенін біреу білсе біреу білмес…
satibaldi
Пензесс ауыр ойлар тастайм дейсің ғой