СТУДЕНТ КЕЗДЕГІ ҒАШЫҚТЫҚ немесе ғашық болғым келеді...

Біз алғаш танысқан кез қыстың шыңылтыр аязды күні болатын. Менен 2 курс жоғары оқитын Шолпан екеуміз әлдебір іспен бір жерге баратын болып, автобусқа отырдық. Соңындагы 2 орын бос болғандықтан, сонда барып жайғастық. Онда бізден бөлек 2 бозбала отырды. Оның бірі сен едің. Шолпан екеуміз үндемей отырсақ та сендер танысайық деп коймадыңдар. Біз жай ғана атымызды айттық та, межелі жерден түсіп калдык. Сенің бет-бейнең есімде де қалмады.
Ертесіне сабақ уақытында аудиториядан шығып, далізде кетіп бара жатқам, артымнан 3-4 баланың дауысы шыкты. Бұлар кімдер деп қарап едім, сұңғақ бойлы, талдырмаш, келбетті жігіт «Салем » деді. Алғашында танымай, түріне қарап тұрып қалдым. Сен де соны байқап «танымадың ба? мен ғой » деп есіміңді айттың. Сонда барып мен сені есиме тусіріп, амандастым. Бірақ дәл сол мезетте саған ғашық болып қалғанымды сезбеген де едім…
Содан бастап мен университетте елеңдеп, өзіңді іздеп жүретін халге жеттім. Менің бұл жағдайымды группадағы қыздардың бәрі білетін еді. Солардың көмегімен сенің бізбен бір корпуста оқитыныңды, бізден 2 курс жоғары екеніңді білдім.
Бірде кешкісін сабақтан шығып аялдамаға бара жатсам, бір топ баламен тұр екенсің. Мені көрдің де "Қалайсың, досым? " деп айқайладың. Мен сені көргендегі қуанышымды білдірмеуге тырысып, барынша сыпайы жағдай сұрастым. Оқу корпусында өзіңді аңдумен болатынмын. Құрбыларым да сені көріп қалса жерден жеті қоян тапқандай жетіп келіп, маған айтатын. Аңғалдық-ай десеңші. Неткен ғашықтық деймін қазір ойласам. Э
Солайша сезімге толы күндерім өте берді. Есімдеқалған бір оқиға, кешке сабақ бітіп, 2-ші қабаттан төментүсіп келе жатқанбыз. 1-ші қабаттың фойесінде бір топ жігіт тұр екен. Мен мән бермеп ем, құрбыларым сенің де бар екеніңді айтып, түртпектей бастады. Дұрыстап қарасам, о тоба (!) менің арманыма айналған сен тұрсың. Сол кездегі жайымды сөзбен айтып жеткізк мүмкін емес. Көзім қарауытып, аяқтарымды дұрыс баса алмай қалдым. Қыздардың көмегімен есімді жиып, бірінші қабатқа да жеттім-ау. Сен мені көрдің де, күлімсіреп амандық сұрастың. Барынша салқынқанды болуға тырыстым сонда. Біз жандарыңнан өтіп кеткеннен кейін қасыңдағы балалар менің кім екенімді сұрап жатты сенен. Ал сен « Сен мени кордин де кулимсиреп, амандык сурастын. Барынша салкынканды болуга тырыстым сонда. Биз кастарыннан отип кеткенмен кейин касындагы балалар менин ким екенимди сурап жатты сенен. Ал сен «3 курста оқитын қыз ғой. Өзін көрсем балапан көргендей боламын» дедің. Ал біз сол сөздеріңе күліп баражатқанымызды сезбеген де едің…
Мен 3-ші курсты бітіргенде сен 5-шіні тәмамдап, диплом алып кеттің. Содан кейін мен сені университетте кездестірген жоқпын. Есесіне, сол кездегі сәнге айналған агент желісінде достарымның әлемін шарлап отыр едім, „Таныс болуыңыз мүмкін“ деп сенің суретің шыға келді. ойлануға уақыт жоқ, жалма-жан сенің әлеміңе сүңгіп кеттім. Әр суретіңді көрген сайын тамсанып, ерекше қуанышқа бөленіп отырғанымды бүгін мойындамасқа лажым жоқ. Бірақ оны ешкімге де білдірген жоқпын. Ал ертесіне сенің маған достыққа сұраныс жібергеніңді көргенімде төбем көкке екі елі жетпей қалғандай-ақ болды. Бірден достастым. Солай біз виртуалды әлемде дос болып, хат алмасып тұратынбыз. Сен менің шағын денеме, аңқау түріме қарап па, әлде менен өзіңнің үлкендігіңді сездіргің келе ме, білмеймін, үнемі „балапан, ботақан“ деп атайтынсың. Мен сол сөзіңе еркелеп жүре беруші едім. Бірде сен менің ұялы телефонымның нөмірін сұрадың. Бердім. Хабарласып тұрдық. Кездесуге шақырсаң, неге екенін білмеймін, үнемі келіспейтінмін.
Біздің арамызда ештеңе болған жоқ. Менің саған деген іңкәр көңілімнен басқа ештеңе де бізді жалғамайтын. бірақ мен ешқашан да саған сезімімді білдірмейтінмін. Барынша сездірмеуге тырыстым. Оның үдесінен шықтым деп те ойлаймын. Сенің менімен қандай оймен араласқаның бір Аллаға, сосын өзің аян.
Сен өте келбетті едің. Сені көрген кез келген қыз „мына жігіттің әдемісін-ай“ деп қарап өтетін. Сонымен қоса сыртыңнан көрген жан сені көкірек, адам менсінбейтін деп ойлаушы еді. Бірақ ешқайсысы сенің бойыңдағы мейірімділікті, еркелікті, сезімталдылықты көргісі келмейтін. Саған ғашық қыздар өте көп еді. Тіпті маған келіп саған ынтық екендігін айтқан қыздар да болды. Мен ләм-лим деп тіл қатпайтынмын. Сенімен араласатыным түгіл, танитынымды да айтпаушы едім. себебі, оның көңілін су сепкендей басқым келмейтін…
Бірде сенің нөміріңнен маған түсініксіз хат келіп жетті. Ашып оқыдым да, қолым дірілдеп, жүрегім дүрсілдеп, сол заматта-ақ сенің нөміріңді жойып, агентте елеусіз достардың қатарына қостым. Содан кейін біздің байланысымыз үзілді.
… Мен төртінші курсты бітіретін жазда әпкемнің үйінде жүретінмін. Бір күні әдеттегідей жездем, әпкем, жиендерім — бәріміз ауладағы шағын дәмханаға бардық. Үй ыстық болғандықтан біраз сергіп қайтқымыз келген. Үлкендер жағы сыра ішіп отыр, ал балалар соларға жақын жерде қыдырып жүрміз. Біз күнде азық-түлік алатын дүкен болатын. Ондағы сатушы ерлі-зайыптылармен жақсы сөйлесетінбіз. Сіңлім балмұздақ жеймін деген соң сонда кіріп, балмұздақ таңдап тұрғам… Бір қарасам есіктен жүзің нұр шашып сен кіріп келе жатырсың! Адам мен адам кездеседі деген сол екен ғой! кірдің де сатушымен жақын амандаса бастадың. Мені көрдің де, сен де таңғалып тұрып қалдың. Сосын амандық сұрасып, немен шұғылданып жатырсың деп жөн сұрастық. шамалы сөйлескеннен кейін мен сыртқа шығып кеттім. Бардым да үлкендердің қасына отырдым. Бірақ көңілім алай-дүлей… Екі көзім дүкеннің есігінде. Көп күттірмей сен де шықтың-ау. бардың да бір топ ксінің қасына барып жайғастың. Ал мен байқатпай ғана саған қарап қойып отырмын. Сол кезде жездемнің темекі шеккіштігі ұстап, маған әкеліп беруді өтінді. Жарайды деп, қайтадан дүкенге кеттім. Сол екі арада сен маған „үйдегілер кеткен соң қалшы. Өзім шығарып саламын. Сөйлесейік“ дедің. Ал мен ештеңе деп жауап бермей, жымидым да кетіп қалдым. Солай отырғанда түнгі 12-ден де асып кетті. Кішкентайлар шаршай бастағаннан кейін, үйге барып ұйықтайық деп біз де орнымыздан көтерілдік. Бірақ мен сенің өтінішіңді орындамадым. Түннің бір уағында сенімен жалғыз қалу да ақымақтық болар еді. Біздің тілдесуіміздің алды-арты сол болды…
Содан бастап дүкендегі аға маған қулана қарап, мені көрсе күлетін болды. Оның себебін іздеп жатқан мен жоқпын. Бірде әдеттегідей қажетті затымды алып, шығуға ыңғайланып тұрсам, сенің атыңды айтып „Хабарласып тұрасыңдар ма?“ деді. Мен „жоқ“ деп жауап бердім. Сөйтсем, ол сенің туған ағаң екен!
Осылайша біздің арамыздағы бас-аяғы жоқ байланыс мүлде үзілді…
Айтпақшы, жақында мен сені сыртыңнан көріп қалдым. Бұрынғыдай жүрегім тулап, көзім қарауытқан жоқ. Бірақ өткен күннің тәтті естеліктері санамда қайта жаңғырды. Жүдеп кетіпсің. Қалың ойдың құшағында бара жаттың. Басыңда бір қиындық болды-ау, шамасы. Ол жағы маған қараңғы…
Сен дәл қазір сыртыңнан осындай естеліктің жазылып отырғанын білмек түгіл, сезбейсің де ғой. Саған ғашық болған қияли қызды ұмытып та кеткен боларсың. Бірақ саған бақыт тілеймін. Кездесіп қалған күнде сенің көзіңнен мұң емес, қуаныш, Сенің бақытты жанұяның отағасы болып жүргеніңді көргім келеді. Одан артық ештеңе де тілемеймін.
Ал мен өзіңдей жанға ғашық болғаным үшін өкінбеймін. Ең бастысы біздің арамызда жаман естеліктер қалған жоқ. Тек таза, шынайы оқиғалар ғана болды. менің Сені жек көріп кететін тірлік жасамағаның үшін бақыттымын…
Пысы: Әңгіменің бас жағы ұялы телефонмен терілгендіктен қазақша әріптер жоқ. Жазғыра көрмеңіздер!
Тағы да тура солай ғашық болғым келеді…
Бөлісу:

2 пікір

Daniar-Alan
сұңғақ бойлы, талдырмаш,

екеуіңді елестетіп отырмын. Шамамен блогкемптегі үшеудің фотосындай ғой ия? ))))
Tushtan
Ержигит сияқты емес енД)))). Менің бойыммен салыстырғанда сұңғақ бойлы екені рас))))