Қызыл туфли
Мен оның алдымен қызыл туфлиін көргенмін. Иа, рас! Адамның басын көрмей қалай алдымен аяғын көреді дейсіз ғой, шамасы?! Кезекті жұмыс күнінен шаршап, мойныма ауыр жүк байланғандай, көзімді жерден алмаған күйі отыр едім. Есік қағылды… Сары үрпек балапандай, қатты сөйлесең үркігенін қойшы, дәл қазір-ақ күл паршасы шығып үгітіліп, үлпілдеп тұратын бақбаққа ұқсас талдырмаш хатшы қыз шығар деп, басымды көтермеген күйі: -Кіре бер-дедім енжар күйде. Тық-тық етіп басылған аяқ дыбысы әдеттегіден өзгеше. Тықылдаған дыбыс жиілеп, жиілігі сағат соғысындай бірдей ырғақпен қайталанып келе жатыр. Өзіне нық сенімді адамның жүрісі. Жерге әр қадамын санамалап басады. Басымды көтермеген күйі еденге қарадым, маған аяңдап келе жатқан адамның аяғына қарадым. Қып-қызыл биік өкшелі туфли, балтырдың бәрі оқтаудай түзу болуы міндетті емес қой дегендей, аздап қисықтау келген аяқтарын еркелей басады. Басымды көтермеген күйі, қызыл туфли иесінің бет-әлпетін ойша өрнектеп алдым. Шашын жоғарыға түйіп, ерінін де шоқтай қып-қызыл етіп жандырып бояп алған шығар, сірә? Кірпіктерінің қысқалығына күйініп, аяусыз сүрмелеген болуы мүмкін. Ал, қасы… Керілген қарылғаштың қанатына теңеуге «патша көңілім» сараңдық танытып, көздің формасына сәйкес сыза салған әншейін бір сызық болсын деп түйдім… Осылай өз ойымдағы бейнені суреттеумен әуреленіп отырғанда: — Уақытыңызды алсам кешірерсіз,- деген немқұрайлы дауыс иесін еріншек біреу шығар деп түйіндеп те үлгердім. Уақытымды алғанына шын көңілмен ыңғайсызданып тұрмаған болу керек, арғы жағында «уақытыңызды алсам да, алмасам да бәрібір мені тыңдауға тиістісіз» деген өзіне сенміділікті аңғардым: -Ал, келіңіз, тыңдап отырмын. Алдына келіп тұрған әйел затының бетіне қарамастан сөйлеп отырған бұл қандай еркек деп таңғалғандай, біраз үнсіз тұрып қалды: -Сіздерге жіберген шығармаларымды неге жарыққа шығармағандарыңызды білуге келдім,-деді. Есіме түсті. «Адалдықты ойлап тапқан өзіміз...» деп басталатын шығарманың авторы болуы керек. Өмірдің көлеңкелі тұстарын ғана суреттейтін шығарманы басуға оң ниет танытпам едім. Өзі де еңсесі түсіп жүрген адамдарды әлдекімнің солқылдақ ойлы, күңгірттеу пікірлерімен улағым келмеген. Жанымдағы столға келіп отырғанда ғана, алдымдағы адамның бейнесін өз-өзіме тосын сый жасағандай көргім келіп, басымды көтердім. Еріні шоқтай қызыл болмаса да, қызғылт далаппен бояп реңін келтіріп қойыпты. Кірпігін аяусыз бояған деген ойым тым артықтау екен, мүлдем боялмапты. Қасын суреттеуге неге сараңдық танытқанымды өзім де түсінбеймін, әлде уысыма түспей жүрген әдемілікке ызаланғаным ба? Қара қасты, қой көзді, аққұба келген қыз алдымда тұр. Ал, шашын суреттеуден қателеспеген екенмін. Ұзақ қарап қалғаныма өзім ыңғайсызданып: — Отырыңыз, отырыңыз,- дей салдым, аяқ астынан әбігерге түсіп. Отырған соң, алдымдағы үстелде бетін теріс қаратып жаба салған Абайдың кітабына ұзақ қарап отырды да: — Мен де оқимын. Бірақ оқып іздегенімді енді таптым деген кезде, үнемі жоғалтып аламын,-деді жұмбақтау үнмен. — Нақтырақ нені? — Мысалы адалдықты. Оқып отырып адалдықтың барына сенемін, ал кітапты жауып тастап шынайы өмірді көргенде тітіркенемін. Неге дейсіз ғой, адалдық, біреудің ала жібін аттамау туралы үнемі айтып жүретін ағайым мал ұрлығымен сотталып кеткенде-ақ көзім жеткен. -Жақсылықтан Үміт үзу — адамның ең соңғы амалы құрығандағы әрекеті. Бірақ бұл әрекет арқылы да Өмір тоқтайды. Сенім керек. — Сену дейсіз бе?! Ертегіге ұқсас әңгіме… Менің бала көңілім Алладан шын ниетіңмен тілеген тілегің орындалады дегенге де сенетін… Күнде кешкісін арақ иісі мүңкіп келетін әкемнің есіктен кіргенінен-ақ үйдің мазасы қашатын. Бүгінгі күннің ойраны тағы бұзылатынын табалдырыққа жығылып құлаған кезде жарда ілулі тұрған заттардың салдыр-гүлдір құлаған дыбыстарынан сезетінмін. Әкем жұмыстан қайтар уақыт жақындаған сайын, екі көзімді тарс жұмып алып, ішімнен жүз, кейде мың қайтара Алладан папамның үйге сау келуін тілейтінмін. Анам да Алладан тілеп әбден ығыры шықса керек, «Айым, сен періштесің ғой әлі, періштелердің тілегі қабыл болады. Папам үйге сау келсін деп тілеші» дейтін кейде. Періштесің деген бір-ақ сөз аппақ Үміт оятатын кеудемде. Алланың мені еститініне күмәнім қалмайтын. Ал, жұмыстан қайтқан әкемнің сүйретіле басып, жер дүниені «төңкеріп» келе жатқанын көргенде, аппақ гүл бейнесіндегі Үміт кенет қап-қара киімді шайтанға айналып, «Сені алдадым тағы» деп сақ-сақ күлгендей болатын. — Қызық екен, бірақ бәрі бірдей олай сәтсіз бола беруі мүмкін емес, бір күні адалдық құшағын айқара ашары анық,- деп өз пәлсапамды тықпалай бастадым: — Бір-екі сәтсіз оқиғаларға қарап,өмірдің бүкіл болмысының бағасын беруге болмайды. Бұл дәлелсіз пікірімді бағаламағандай, иығын енжар қиқаң еткізді: — Білмеймін. Кітап басқа, өмір басқа. Бір-бірімізді босқа алдаймыз. Қарап отырып, дау туып, ал өзімнің сөз таба алмай қынжылғаныма іштей өкпелесем керек, Абайдың кітабын қолыма алып, қайта жаба салдым. -Егер адалдық, ар-ұят, намыс туралы ұғым болмаса, адамдар әлдеқашан хайуанға айналып, ал Өмірдің ат қорадан айырмасы болмас еді? — Ал, әдемі рөлдерді ойнап, жай ғана әртістердей жүргеніміз Өмір ме? -Сіз өзіңіз ойлағандай емес бәрі. Бір адамның көзқарасымен барлық адамзаттың бейнесі ашылмайды. Адалдық бар, кітапта жазылатын әдемі өмірлер кездеседі. Ол осы пікірімді де құрғақ деп тапқандай енжар күйде: -Мүмкін солай да шығар,-деді. Ойланып қалдым, мына қыз жын ба, пері ме? Келе сала осы уақытқа дейін жианаған өмірлік ой-тұжырымыма қарсы пікір айтты. Өз көзқарастарымның дұрыстығына күмәнданып қалғандаймын ба? Аң-таңмын. Әй-шәй жоқ есіктен ене сала, мені ойландырып тастаған бұл кім?… Біздің әңгіме осылай басталған. Содан кейін қызыл туфли мен былғарыдан тігілген қара бәтеңке жұптасып тротуарды кезді әуелі. Содан кейін ресторанның табалдырығын аттады. — Әңгімемен жарты күнім өтіп кетті,-деді ол жанарына түсініксіз мұң қамалып. — Босқа өткіздім деп ойлайсың ба? Үйде ұйықтаумен де өтіп кететін уақыт емес п? Ал, біз қаншама пікір алмастық. — Ғұмырдың соңғы нүктесі қойылар сәтте барлық өткен уақыттардың мыңнан, тіпті миллионнан бірін кері қайтарса ғой деген ақырғы тілек болады екен адамда. Тіпті бір жұтым ауа үшін бір ғана тыныстауға зар болуы мүмкін. Әр сәтті бағалау керек. — Өз басым дәл қазіргі сәтімді бағалаймын! — Бағалауға тұрарлықтай еткізіп өткізу бізге байланысты болуы мүмкін. Жұмбақтау жымиды. Күле алады екен. Және әдемі күле алады. Бетінің екі ұшындағы пайда болған ойық су бетіне тас лақтырғанда пайда болған дөңгелек көріністей тез пайда болып, тез жоғалды. Жымиғанын доғара қойды, демек. — Күліп жүрші үнемі… — Кім үшін? — Ешкім жоқ болса, мен үшін күліп жүрші… Миығынан мырс етті, сөзімді тағы да арзанға балағаны. Ішілген шараптың ба, әлде келелі әңгіменің әсері ме, бойымды, ойымды әлсіздік билей бастады. Екеуміз де табиғаттың алдында дәрменсіздік таныттық. Ол әйел, ал мен ер екенімді қанша елегіміз келмегенмен, бізге дейін жазылып қойған заңдылыққа қарсы тұруға қайратымыз жетпеді, әлде өзіміз солай болғанын қаладық па? Бағалы әңгімелер іштей жүректерді жақындастырды, пайда болған жақындық жылылық шақырды. Ал өзіңе жылы тартқан бейнеге сүйсінбеу мүмкін емес. Адалдыққа мүлдем жат болса да, дәл қазіргі тәтті кезеңді жіберіп алып, кейін өкінгім келмеді.… Май шамның әлсіз сәулесі түсіп тұрған бөлмеге ендік. Есік ашылып жабылғандағы леппен майшамның оты дір етіп өшіп бара жатты да, кейін маздап кетті. Қабырғаға түскен екеуміздің көлеңкеміз де дірілдеп тұрды да, кейін еңсесін тіктеп алды. Табалдырықты аттамас бұрын пайда болған күдік те сейілді. Қызық, көргеніме көп болмаған Айым көптен танитын адамымдай болды. Мен оны зарыға күтіп, жаңа табысқандай болдым. Талай жыл бірге болған адамың жаныңа дәл осылай жылу сыйлай алмауы мүмкін. Ол бауырыма тығыла түсіп, күрсінді. Оның да бұл сәтті жібергісі келмейтіні белгілі еді. Мүмкін қарсылық танытар деп әлі де сенімсіз күйде маңдайынан сүйдім… Май шам еріген сайын лаулай түсті. Еріген балауыз кемерінен тасып барып төгіліп жатты, жиі-жиі шығарған демімізден оты жалп ете өшіп, бықсып барып, қайта жанады. Қабырғаға түскен көлеңкеміз әлдеқашан бір денеге айналған. Бірде баяу, бірде үзіліп барып қайта жалғасатын, тіпті әлденеден қашқан адамның тез-тез жүгірісіне ұқсап, кері біразға дейін қимылсыз қалатын мына қабырғадағы көлеңкелердің бейнесіне қарап, бұларға тап қазір ешкім де, еш нәрсе де бөгет болмайтынын түсінерсіз. Мейлі ертеңгі күнді ұлы қасірет күтіп тұрса да, дәл қазіргі ләззат үшін ештемеден де бас тарту мүмкін емес еді. Денемнен әл кеткен сайын, белгісіз сиқырдың арбауына сүңгіп бара жаттым… Ол киініп, үсті-басын дұрыстап, кетуге ыңғайланды: -Тағы да біраз қалсаңшы. -Жұбайыңыз күтіп қалар. Бір ғана сөз есімді жиғызды. Адалдық бар деген пікірім желге ұшты ма? Ол қоштаспастан шығып кетті. Асығыс басқан қызыл туфлидің тықылы алыстай берді. Жұмбақ күйде пайда болып, белгісіз күйде жоғалып кеткен Айымды елеңдеп күтіп жүрдім. Жолымда ақ та, қызыл да туфли кездесіп қалып жатты. Бірақ ешқайсысы да ыстық болмады.… Машиналардың қосалқы бөлшектерін сататын қара базарға керекті заттарымды іздей бардым. Іші-бауырыңа кіріп, тіпті, дәл қазір көлігіңді өзі-ақ жөндеп беретін адамдай асты-үстіме түсіп жатқан жігіт ағасының қолын қайтару мүмкін емес еді. Әркім өз кәсібінің шебері. — Кілтті алып бере салшы,- деген сөзді аяқтамай жатып-ақ, зілдей темірді көтеріп әкелген әйел ерінің алдына қолындағысын тастай салды: -Осы ма? Оны да самарқау айтты. Сөзге сараң қандай жан еді өзі? Бетіне қарадым. Айым! Алтынды тот баспайды деуші еді ғой. Тот басқаны былай тұрсын, әбден жеп қара түтігін шығарыпты. Жұмбақ жымиятын мұхиттай терең көзқарасы жаңбырдан кейін қалған қаққа ұқсап жай ғана мәнсіз жылтыңдайды. Әйтеуір, көз деген аты ғана болғасын, жан-жағына енжар қарап тұр. Қызыл туфлиімен әуен ойната басатын аяқтарды айтсаңшы?! Жұп-жуан түйенің аяғы дерсің. Самайына ақ шаш кірген шығар десем, демінен шыққан ыстық бу салқын ауаға араласып, шашына қырау болып тұрып қалған екен. Ақша санауға бейімдеп кесіп тастаған қолғабының ұшынан көрініп тұрған сұп-сұр саусақтары суыққа әбден үйренген болуы керек, тоңатын түр танытпайды. Бетінен бұрынғы Айымның жұрнағын да таба алмадым. -Айым, қалайсың? Бетіме бажырая қарады. Көзінің оты адамды өртеп жіберер найзағайдай жарқ еткенде, жүрегім тіксініп кетті. Бекер айттым. — Ә, сен бе? Аздап жымиғандай болды, екі бетінің ұшында пайда болатын әдемі ойық бұл жолы көрдің үңгіріндей суық еді… Күндегі сұрамсақ көршісін көргендей ешқандай таңданбады да. Жанындағы ер адам жолдасы болса керек, мынау кім дегендей қарап тұрды да, өз ісіне көшіп, саудасын қыздыра берді. Мен кетуге ыңғайландым. -Адалдық бар ғой. Мұрнының астынан міңгір ете қалды.Өзге адамның түсінуі мүмкін емес еді: -Бірақ аппақ болуы міндетті емес,-деді тағы, әкелген темірлерін ауыстырып жатып, — Әп-әдемі аяқталуы да шарт емес. — Оған өткенім маңызды емес, бүгін, сосын алдағы уақытта дақ түспесе болды арамызға,- деді басын күйеуіне қарай елеусіздей бұрып, — Осылай бақытты шығармын. Ештеме дей алмадым. Іздеген заттарым да жайына қалды. Теріс бұрылып кете бардым. Жүн байпақ киілген жуан аяқтарға қызыл туфлиді ойша қиыстыра алмай, миым солқылдап ауырып кетті. Біреуге өкпелегендей болдым. Әдемілікті жұтып қойған уақытқа ма, әлде жолы ауыр адалдыққа ма, қиялымда әдеміліктің анық бейнесін сомдап қойған алдамшы қызыл туфлиге ме? Белгісіз…
Басқаларын қайдан оқи алам?