Ақторының халі

Қоңырау дыбысынан оянып кеттім. Жақындап келіп, «Кімсің?» деп сұрамастан есікке ақырын құлағымды тостым. Мұрынын жиі-жиі қорқылдатып тарта беретін тынысынан-ақ таныдым: пәтердің қожайыны. Кезекті сылтау іздей бастап едім, миыма жөнді ой да келе қоймады. Өтірікке адам еріксіз бой алдырады екен: алғашында өтірік айтқанда ұялып, шындығы білініп қала ма деп, бетім қызарып, көзім жасаурап әбден әбігерге түсетін едім. Ал, қазір бәрібір: «Өтірігіңнен-ақ шаршадым» деп тұрған адамды да сендіруге тырысып, сенбесе де әйтеуір өз тарапымнан ақталу үшін құрастырып алған өтіріктерімнің қисыны келмесе де бетім бүлк етпейтін болыпты.
— Аш есікті! Қашанғы шықпаймын деп ойлайсың? – тарғылданып шыққан дауыстың соңын кеңсірігінен жылжып бара жатқан сұйықты кері орнына қайтару үшін қорқ етіп тартылған жағымсыз дыбыс іліп әкетті.
Елуді еңсеріп қалған толық әйел адам алғашқыда, дәлірек айтқанда пәтердің ақысын тұрақты төлеп жүрген кезімде сүйкімді көрінген. Толық денесі кең пейілін білдіргендей, ал май басқан жып-жылмағай беті үнемі күлімдеп тұрғандай көрінетін. Мұрынын жиі-жиі тартатын әдеті де балауса кіп-кішкентай қызға тән бір адалдықты байқататындай еді. Жұмыссыз қалған соңғы 4 ай уақытымда мен жиіркенетін адамдар мен құбылыстар, әрекеттер көбейе бастады, оның ішінде осы пәтердің қожайыны да бар. Есікті аштым:
-Ертең төлеймін…
-Қарағым, тезірек босатшы. Басқа ештеме де сұрамайын.
-Ертеңге дейін уақыт беріңіз…
-Күлкімді келтірмеш, «айналайын».
Бала күнімде әжемнің басымнан сипап «айналайын» деген ең жылы, ең мейірімді есітлетін еді, уақыт өте келе сөздердің де қолданылу мағынасы өзгереді екен. Дәл қазіргі айтылғаннан «айналайыннан» артық мысқыл сөз жоқ еді.
-Ертең…
-Ертең? Ертең лотореядан ұтыс шығу керек пе еді?
-Жоқ, ә…
Аздап жымиғандай болып едім, бірақ түрім жылаған адамға көбірек ұқсап кетті. Тағы бір кезекті рақымшылық күткен адамдай жалынышты көзбен қарадым. Әр әрекетімді айна алдында тұрғандай көз алдыма елестету бала күннен қалған әдет. Дәл қазіргі өзімнің осы түрімді көріп ол түгілі өзім де аяған жоқпын, жиіркендім. Пәтер иесі де аяудың орынына жиіркенген шығар:
-Ертең «мілитсиәмен» келем!- деп көмейін жағымсыз сұйыққа толтырып қорқ еткізіп тағы бір тартты да кетіп қалды. Менің мына түріммен салыстырғанда, танау дыбысы әлдеқайда сүйкімділеу шығар.
Осыншама дәрменсіздігіме, ештемеге ебім жоқтығына күйіндім. Жазудан басқа қолымнан түк келмейді екен. Тіпті еден жууға да жарамай қалдым. Әйтпесе мені жұмыс іздемеді дейсіз бе? Кеше таңертеңнен бері нәр сызбаған асқазан да шыдамсызданып кетті. Телефонның үні әлдеқашан өшкен, тек банктегі несиемнің пайызы өсіп бара жатқанын хабарлап, банк қызметкерлері ғана хабарласады. «Ақша табу керек. Бірақ қалай?». Үйде сататын да ештеме қалмаған. Соңғы құрбандыққа талай ойлар мен тұщымды дүниелер жазылған компьютер кеткен болатын. Көзімнің қарашығындай сақтап келген жазбаларымның бір күнде мәні кетіп, тіпті көшіріп алу да ойыма келмей сатып жібергем. Бар ойым жағамнан алған жоқшылықтан құтылу. Адамның санасын аштық билегенде айуанға айналады деген шындық шығар. Сатуға лайықты көзіме ештеме іліне қоймады. Отыздың ортасына келгенше жинаған байлығым — бір қабырғаны сірестіре жинаған кітаптар ғана бар еді. Кезінде ат басындай алтын берсе де айырбастамауға бекінген байлықтарымды сатам деп шештім. Елдің түкпірінен сұратып алып оқып жүрген кітаптардың бағасын іштей болжап та қойдым: ең аз дегенде пәтердің қарызы мен бір айға жетер қаражат болуы мүмкін.
… Екі ала дорбаға салынған кітаптарымды сүйреп орталық базарға келдім. Алдымен «Кітап аласыз ба?» деп жанымнан өтіп бара жатқан бір-екі адамнан сұрадым. «Кітап?» деп таңырқап тұрды да, бағасын сұрады. Өз ойымша бағалап алған құнды естігеннен кейін күлімдеп бастарын шайқайды. Күлімдеудің де түрі бар: біреулер мейірленіп, біреулер ызамен, біреулер қуанып, біреулер ұялып, біреулер мысқылдап, біреулер армандап, біреулер еріксіз… Мына күлімдеулер басқаша: аяушылыққа да, таңырқауға да, мысқылға да ұқсамайды – есі дұрыс емес адамның әрекетін көргенде кейде күлу әбестік екенін біліп тұрып, еріксіз ұяла жымиясың ғой. Міне, соған ұқсас. Демек, қоғам үшін есім дұрыс емес екен. Кітапты байлыққа балап, сатып қаражатқа айырбастаймын деп ойлаған менің есім дұрыс емес. «Есі дұрыстарға» кітап керек емес. Көзілдірігі өзінің мұрынынан шыққан демімен қырауланып қалған ер адамға екі-үш күндікке жететін тамақтың бағасына айырбастадым кетіп қалдым. Тіпті, өкініш те болған жоқ. Керісінше ауыр дорбаларды үйге кері сүйреуден құтылғаныма қуанғандай кетіп бара жаттым.
… Телефоным шырылдады. Банк қызметкерлері шығар деген оймен қарай қоймағам, артынша хабарлама келді. «Қайдасың? Хабарлас?» Нөмір иесін де таныдым. «Ұнайсың..» деген сөзінен-ақ түпкі пиғылын сезе қойып, адамды ұялтатындай ауыр сөздер айтып кеткенмін. Әйтпесе, пайғамбар жасына келген адамның менен не үміті болуы мүмкін? Шынымен, жаны жомарт деп бағалап жүрген адамның өз есебі бар екенін білген күні-ақ сырт айналдым. Мен намыс деген атауды осылайша түсіндім, ол басқаша түсінді. Намысы оянды, қаршадай біреуден ауыр сөз есту оңайға түспеді. Көкірегінде оянған сезім намыстан гөрі кекке ұқсас еді. Аз ғана уақыттың ішінде ортадан аласталып, жұмыссыз, ешкімсіз қалдым. Дос дегендерім алғашында мені қолдап жігер беріп жүргенмен, уақыт өте келе алыстай берді. Құрғақ сөз қашанғы азық болсын…
Ойланып қалдым. Бас имей кеткен күн үшін мені ешкім марапаттамады, арқамнан қақпады. Арым таза ғой деп жұбаттым алғашында, бірақ ардың тазалығын бағалар кім бар? Жұмыс сұрап қағар есіктің алдында тұрып, алдымен «Жолымды оңғарса екен...» деп Алладан тілегем. Бірақ қолынан жазудан басқа ешқандай тірлік келмейтін мен сияқты бейшараның үні Аллаға жетпей, жарты жолда қалатын болса керек.
Телефонды көтердім. Қарлығыңқырап шығатын дауыс: «Жоғалып кеттің ғой...» деді. Соңғы айларда көрген қиянатым әбден шегіне жетсе керек, еңіреп жылап жібердім. Жылаған дауысымды ол кешірім сұрап отыр деп қабылдады: «Жарайды, жылама, енді! Тентектігіңді қойдың ба?» деп жұбатып жатты. Сабасына түсірдім-ау деген мысқылмен күліп тұрғандай көрінді.
Таршылық келіп қыспаққа алса, кеудесі көк тіреген небір алыпты да морт сындырып, екі бүктеп тынады екен. Жарты жыл бұрынғы ойларым тіптен басқаша еді, ондай ойларды ойлаған да мен емес секілді. Әлемді аппақ күйінде елестетіп, адамдардан да тазалықты күтетін едім. Ал қазір ше? Күлімдеген көздер, мейірлене жымиған жүздер бәрі жасанды сияқты көрінеді.
Мені мына қоршаудан құтқарар жан табылғандай қуанып, тез-тез киіне бастадым. Бұрын өртеген намыстың әншейін ғана қамыстың өртіндей ғана болғаны ғой, лап етіп жанды да, кейін шоғы қалмастан жоғалып кетті.
Шақырған жеріне асыға жеттім. Есікті өзі ашты. Ел алдында аталы сөз сөйлеп, абыройдың асқақ үлгісіндей болып жүрген азаматтың да көлеңкелі тұстары болуы шарттты секілді, бұл жолы еш таңғалмадым. Менің алдымда жас болып көрінгісі келді ме, әлде өзіне солай ыңғайлы ма білмедім, денесіне жабысып тұрған спорт киімін киіп алыпты. Құшағына қысты, иіс суының иісі студент інімдікіне ұқсас, өз жасына сәйкес мүлдем сәйкес емес еді. Өзіне сүйкімді көрініп тұрғаны болар, ал мен үшін күлкілі еді.
-Сені кітап сатып жүрген жеріңнен көргендер бар екен…
Бұдан артық қорлау керек емес еді… Бірақ, бұл жолы ешқандай да ашуланбадым, керісінше бәріне көндіккен адамдай отыра бердім.
-Қатты өзгеріпсің…
Даланы ғана иелік етіп, аспанға шапшитын асау жылқыны қалай үйреткенін көргем… Ауыздығын тартқанда езуінен қанды көбік атып, көзі алақтап шыңғыра кісінеген Ақторының халі аянышты еді. Көнгісі келмей көкке қанша шапшыса да, ақыры өн-бойынан тер саулап, ентігіп барып басылып еді. Кейін Ақторыдан артық жуас ат болмады. Жанына жан жуытпайтын асау Ақторының үсітіне көршінің бар баласы кезектесіп мініп, қызығын көріп еді… Ақторыны аяғанмын сонда…
Осыған дейін көрген қиындық түк емес екен, ең сорақысы алдымда тұр еді… Еті қашқан білегімен белімнен орай құшақтағанда қайтерімді білмедім. Сытылып шықсам, бұрынғы күйіме кері ораламын. Ертең полиция қызметкерлерін ертіп келіп, мені үйден қуатын пәтер иесі түсті есіме. Көзімді жұмдым… Ойыма осыдан бір жыл бұрын кездескен музыкант жігіт келді. Өн бойы тұнған дарын еді, сөйлегенінің өзі әуен. Жаныма жұмбақ сыр қалдырған. Іштей денемнің бір бөлшегіне айналғанын қанша қалап тұрсам да өз сезіміме сараңдық танытып, алыстан ғана сыйласып шығарып салғанмын. Жанының жақындығын тәнімен сезінгісі келіп қанша қиылса да, сезімді тұсаулап бақтым. Ол кетіп қалғаннан кейін, қатты өкіндім. Енді көрмейтінімді ойлап, сағынсам да қолым жетпейтінін біліп өзегім өртенген. Адамдардың арасындағы жақындық, шынайы сүйіспеншілік жынысқа бағынбайды деп қалыптастырып алған ойымның құр әншейін ғана ұстаным екенін білгем сол күні. Қоштасарда бетімнен сүйген еріннің табы өртеп жіберердей көп уақыт есімнен шықпай қойды.
Көптен ойламай кеткен екенмін оны. Есіме түсе салысымен жүректе қалып қойған сағыныш, түнімен маза бермей өкіндірген құштарлық қайтып оянды. Белімді орай құшақтаған еті қашқан кәрі білек емес, тамырлары бұлаудай көрініп тұратын музыканттың қайратты білегі… Бетімнен сүйген де жасанды тістерді көмкеріп тұратын көкшіл тартқан ерін емес, сөйлеген сайын әуен естілетін сыйқырға толы оның ыстық еріні… Өзім жасап алған бейнемді жоғалтып алмау үшін, көзімді ашуға қорықтым…
Көзімді аштым… Ақ жастықта бурыл тартқан шаш… Шындық осы…
...Қарыздарымнан құтылып, жұмысыма кері оралдым. Сұп-сұр күндер қызылды-жасылды думанға айналды. Іздейтін достар да көбейді, мен де кек сақтамадым. Қуана қауышқан адамдай сыр бермедім. Тіпті іштей де ренжіген жоқпын. Бәрін заңды құбылыстай қабылдадым.
Есігімді жау шапқандай тарсылдататын пәтердің иесі де ерекше мейірімге малынып жүрді. Мұрынын жиі-жиі пысылдатып тартып қойып, кешкісін ыстық сорпа құйылған қазанын көтере келеді. «Күн суық, ішіп ал» деп қояр да қоймай тамақтандырады. Өкпе мен наланың бәрі ұмытылған.
Жұмыстан келе жаттым. Көгершіндерге деп шашылған нанның қиқымына келген торғай алыстан аңдып отырған мысықты байқамады. Жер бауырлап ақырын жылжып келе жатқан ажалдың иісін сезді де пыр етіп ұшып, бірақ алысқа ұзамай қайта қонды. Жақындап барып нанның бір қиқымын алды да, кері кетті. Нанның дәмінен алыстай алмай ұзақ тұрды, жақындаса бір қатердің төнетінін де сезеді. Ұшып кетсе, мына байлықты кімге тастамақ. Мүмкін тағы біреуінің дәмін көрермін деп кері қонып, енді енді шоқи бергені сол еді, аш көздері қанталаған мысық тырнағын батырып, шап беріп ұстап алды. Мысықты таспен бір атып, аузындағы торғайды босатып жіберу қолымнан келер еді… Бірақ мен жемтіктің ақырын көргім келді. Бір қанаты дір-дір қаққан торғайды қысып, жан-жағына қызғана қараған мысық үйдің артына зып берді.
Таңертең шығып келе жатып, үйдің артына бұрылдым. Қардың үстіне қызыл қанның дақтары тамыпты. Әрбір жерде шашылған торғайдың мамықтары…
Бөлісу:

15 пікір

MERmukhanov
О, Сәрмегім, Сәрмегім!
MamaAya
Керемет жазба! Сөз жоқ!
qonyrbai
Өте жиіркенішті таңдау екен.
merekeee
«Даяшы боп жұмысқа тұрайын десем, біреулерге кальян тұтату міндетіме кіреді екен, өлең жазатын қолым үшін қиянат тірлік» ©
meirman_kz89
көзімді алмай рақаттанып оқыдым ей. Рақмет. кушті екен жазба. Ұнады.
zholantai
Түсінгенім, жас қыз өзінен егде жастағы еркекпен тебіседі ме?
Ispek92
Ничего ты не знаешь ©
zholantai
лібә, мен солай түсіндім, сендердің не кино көргендеріңді хз :)
Ispek92
Тақтар ойынындағыдай тебіседі жазбада, əлгі Мейстер секілді))))
Arys_arlany
эх Мақтақызбысың, жоскы жазыпсың, білегімнің тамырлары білеуленіп барып басылды
MickThatsMyNick
оқымай өте алмадым.)
Ispek92
Кім кино көргендей əсер алды?
MamaAya
Мен, аж қайталап оқып шықтым. Бұғызбен поближе танысқым кеп қалды че то )))
Medium
қызыл қанның дақтары тамыпты
осы жерін ғана оқыдым))))))))))))))))))))