Қарты бар үйдің қазынасы бар!

Блог - ErzhanKhamitov: Қарты бар үйдің қазынасы бар!
Менің атам Ибраев Хамит Ыбырайұлы 90 жастан асып өмірден қайтты. Немере, шөберелері қасына жиналып дастархан басында отырғанда апама қарап: — Осылардың қызығын көрсек! Екеуіміз енді жүзге келсек — деуші еді. Апам да қалжыңдап: — Еще өзінің жүзге келетін ойы бар деп күліп отыратын) Дегенмен, мықты болды. Бір қисайып белім деген емес. Қасқайған бетінде өтті. Бір жылдары ауырып емханаға апарғанда «кәрі адам, ота жасай алмаймыз, жүрегі шыдамайды» дегенде болмай жасатқызғанбыз. Жүрегі шыдады! Дәрігерлердің тезірек құтылғылары келді ма қайдам, «әрі кетсе бір-екі апта өмірі қалды үйлеріңізге жеткізіп алыңдар» деді. Шыны керек дайындалдық. Бірақ, шыдамдылығының, сабырлығының арқасында, берген дәріні уақытылы ішіп, жақсы күтім жасағанының арқасында дертке төтеп берді. Одан кейін он шақты жыл қасымызда болып тағы 3 шөбересін қолына ұстап кетті.

Жастайынан жетімдікті көріп, жігіттік жасқа енді келгенде соғысқа барып, кейін ел ісіне араласқан атам туралы бір кітап жазатындай ақпаратым бар. Әзірше соғыс туралы әңгімесін біле отырыңыздар)

Баламыз ғой. Соғыс дегеннің қалай болатыны қызық. Көңіл-күйі бар-ау дегенде сұрақты жаудырамыз: «Соғыс туралы айтыңызшы», «неше неміс өлтірдің», «қандай мылтық ұстадың» деген сияқты. Есіне түсіріп,қай-қайдағы ойға оралмасын дейтін шығыр, жымиып қана қоятын. Тек бір-екі әңгімесін ғана қайталап айтып отырушы еді.

1942 жылы Қарқаралы қаласындағы 42 азаматпен соғысқа аттанады. 3 ай дайындықта болып кейін майданға жіберген. – Біздің әскер үшін ең қиын кезеңдердің бірі еді. Немістер «Біз сендерді жеңеміз! Өмір сүргілерің келсе беріліңдер» деген қағаздар тарата бастады. Окоптарымыздың арасы 60-70 метр ғана болатын. Көз алдымда бір орыстың және бір қазақтың жігіттері неміс жаққа өтіп кеткендерін көрдім – дейтін. Қақтығыстардың бірінде замандасы Ақтаев Рымбайдың: «Хамит, Хамит, аяғымды жұлып кетті..» деген дауысын естиді. Жаудың бетін қайтарып, дәрігермен қасына барғанша ол жүріп кеткен. Соның алдында ғана «Хамит, мыналарға еріп кетіп жүрме! Немістерге сатылма!» деп отыратын дейді. Сол күні атам да екі қолынан ауыр жарақат алып госпиталге түседі. 3 айдан астам уақыт сонда жатып 1942 жылдың соңына қарай еліне қайтарған. – Менен кейін Аймақов Әділхан және Омаров Айташ деген екі азамат еліне оралды. Қалған 39 Қарқаралылық майданда қалды – дейтін. Соғыстан келгеннен кейін көп ұзамай қазіргі #Қарқаралы ауданына қарасты #Темірші ауылында еңбек етіп көп жылдар бойы бухалгер болып қызмет атқарды. Зәбира апаммен отбасын құрып 6 бала тәрбиеледі. Сол Темірші ауылын айдаладағы Семейге қосып жіберейін деп тұрған жерінен аман алып қалып, жақын жердегі Қарқаралы ауданына қосуға ат салысқан. Өзінің айтуы бойынша Қарағандыдағы алғашқы ағаштарды отырғызған екен. Ол жеке әңгіме.

P/S: «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді. Қазақстанда 5015 соғыс ардагері қалыпты. Қашанғы жүрер дейсіз. Қадіріне жетіп құрмет көрсетейік. Өткендегі Азамат деген ақымақтың ардагерге қол жұмсағанын көріп күйіп кеттім. Тарихын білмеген, тәрбие көрмеген тексіздер ғана сондай қылыққа барады! Ардагерлерімізді аялайық ағайын!

Барлығымыз абыройлы болсақ игі,
Бірге жүріп тоқсанға толсақ игі.
Әй бірақ біздің арман таусылмайды
Дүниеге әкелсек те он сәбиді.
Мен өзім атам тірі болса деймін,
Атам да атам тірі болса дейді)
Қ. Алагөзов
Бөлісу:

1 пікір

bake
Ұрпағымен жасаған Ел!