БАСТАН ӨТКЕН ТАМАША КЕЗЕҢДЕР

«Сессия» деген – тамаша кезеңдердің бірі ғой» дейтін сол кезең таяп қалған тұста жоғары математика пәнінің мұғалімі. Математик емес пе, бәрінің есебін алып жүреді. «Әшейінде хал сұрамайтындар саулығымызды сұрап, амандасып, қауқылдасып қалады, тіпті жоғарыдағы кісі-місілердің өзі сөйтеді ғой» деп жауабын шешу қиынға соққан есептей қулана күлімдеп, көңіл күйінің көрсеткіші көкке көтеріліп, көкшіл көзіне көктем орнай қалатын.
Иә, тамаша кезең! Өкінішке орай, бұл кейбір азаматтар үшін ғана сондай сәт. «Азаматша» сөзін әдейі қоса жазбадым, ол сөзді кім ойлап тапқанын білмеймін, қазақта бәрі азамат. Орыстар сияқты «мужской», «женский» деп «родтарға» бөлінбейміз. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейтін қазақ «родқа» келгенде тіпті бөлінбей біртұтас болғысы келеді. Соның арқасында ғой олар: «Кіммен қарайсаң сонымен ағар» деп отбасында татулық орнатуға құштар.
«Көгалды қуып гөләйттап, ыршып жүріп ән салғандар» үшін басқаша кезең. Олар үшін қыл көпір. Тәубеге келіп, Алланы еске алып, дұғасын оқып, иманын үйіретін нағыз қарбалас шақ. «Осы сессиядан «аман-есен» өтсем, келесі семестрден бастап сабақты жақсы оқымасам!» — деген өмірі орындалмайтын қияли ойлар да осы шақта, осы гөләйттағыштардың ойына келеді. Бұлар үшін «қиямет қайым» болған кезеңге жете бере «аһ» деп ұрған демі, сессия аяқталарда «үһ» «аман-есен» (мағынасы: өзіме әбден лайық тым нашар баға алып қалмай немесе жазғы емтиханға қалып қалмай) өттім-ау деген ырғақпен жалғасуы да, жалғаспауы да мүмкін. «Үһ» демінің шығу шықпауы, сіздің гөләйттап жүрген шағыңыздан бөлек, «қиямет қайым» (мағынасы; «нб» яғни, «сабақта болған жоқ» белгілерінен арылып, ағымдағы аттестацияның бір семестр бойы жинамаған тиісті балын, емтиханға санаулы күндер қалғанда, аяқ астынан жинай қалатын, жинай алмайтын, жинаса да тиісті балға әрең жеткен, үш болса да күш балына мәз болып қанағаттанатын, тым «қиындықпен» өткізетін алакеуім шақ) кезеңіндегі біршама «ізденістеріңізге» байланысты. Ол «ізденіс» әр түрлі формада болуы мүмкін. Мұғалімнің соңынан жүгіріп қара терге малшынасыз ба, маймыл боласыз ба, жоқ әлде… Тууу тым аңғарымпаз екенсіз, түсініп отырсыз. Ол өзіңіздің пайым-түсінігіңіз бен «көрегендігіңіздің» арқасында жүзеге асады.

Біреулерге аждаһадай болып көрінген кезең пәленшенің түгеншесі үшін шыбын шаққан құрлы болмай өте шығуы да бек мүмкін. Әрі солай болып та жүр. Оны көрген бірінші бейбақ, «ол да мен сияқты гөләйттап еді ғой» демейді. Үнсіз жүрек, үнсіз кеуде. Өйткені бұл — сүйекке біткен сиық, жазылмаған заңдылық сияқты көрінеді оған.

«Оқу инемен құдық қазғандай» деген ұранды ту қылып ұстап, сол құдықты «еңбек етсең емерсің» деп қазғандар үшін біршама жаймашуақ кезең. Серіктері гөләйттағанда, еңбекқор студент уақытының көп бөлігін кітапханада өткізген. Серіктері лекцияда ұйықтап немесе «әңгіме бұзау емізердің» керін келтіріп отырғанда, ол тақтаға телміріп, оқытушының ойын ұққандай болып отыратын.

Осы сессияда біртүрлі қызық оқиғаларға тап боласың. Аудиторияда бір топ студент отырғанбыз. Эконометрия сабағы өтіп жатыр. Қазіргі пәндер қызық, жаһанданудың үлгісі іспетті, экономика, математика, информатика саласын біріктірген дүдәмәл бірдеңе шығады. Есептерді ехcelде шығарып, экономикалық талдау жасау. Қашанда оңай есепке мысал келтіріп, қиындау есептен тапсырма беретін апайымыз, көмек сұраған жанға «соны да білмейсің бе?!» — деп әдеттегідей қабағы ашылмай қатулы күйінде отыр. «Бәрін біліп тусақ университет табалдырығын төрт жыл тоздырып жын ұрып па»- деймін іштей. Негізгі айтпағым бұл емес еді. «Ертең сессия басталады»- деп қарбаласып жүрген кез. Бір уақыттарда шеке тамыры тырысып, паңдана, менменси сөйлейтін бір қыз (өзіне көптеген жақсы қасиеттер жетіспей жатса да, өзінен басқа керемет адам жоқтай десем қалай болады?) маған күлімсіреп, жымия қарады. Оның өзіне жараспайтын мінез, біртүрлі ерсі көрініп тұр. Бұл мінезінде қандай астар бар екен деп еріксіз ойланып қаласың. А-а-а түсінікті… Ертеңгі болар сессияның қамы екен ғой. Осындай тұста көмек қолын созар деген үміттің ұшқыны жанарында жамырап тұр. (Осылай өтірік мүләйімсіп емтиханды сәтті тапсырып өткені құрысын.) Міне, билеттер. Әдеттегідей екі сұрақ, бір есеп. Кім қандай жағдайда тұрса да кемедегінің жаны бір. Бір жағынан жанашырлық сезімі оянып, серігіңнің сұрқына селкеу түсіргің келмейді екен. Жан жағыңнан көмек сұраған көздер қадала қарап тұрған сияқты ма, қалай? Бір сәт айналаға көз тастасаң, аудиторияда, әдеттегідей емес, тыныштық орнағанын байқайсың. Бірі терең ойға батқансып, билетіне бір, төбеге бір қарайды. Бірі ешкімге көрсетпей алтын тығып қойғандай партаның астына ұрлана көз тастайды. Бірі…

Туу мыналарды-ай! Үйдегі бала-шағалар да қаумалап… Студент қауымның бір кезеңі жайлы бірдеңе жазуға да мүмкіндік жоқ. Романның жүгін арқалап тұр еді, қап…!
2008 жыл. бірінші курс
Бөлісу:

4 пікір

MickThatsMyNick
оқыған жоқпын, жай ғана коммент)
Ispek92
Оқу қажет еді, бұ ару «блогкемп сұлуы» номинациясына үміткерлер қатарында )))))
Daniar-Alan
«Блогкемп аруы» — Жалғас Ертай болды ғой :)