Блогиада #18. Бастан садаға!

Халқымызда бірнәрседен ұтылып, немесе ойламаған жерден үлкен шығынға ұшыраса: «Бастан садаға, бас аман болсыншы», — деп шүкіршілік қылып жатады. Қазіргі «Садақа» ұғымымен тура сәйкеспесе де, түп-төркіні бәрібір бір негізден алынған шығар деп ойлаймын.

Өткен апта кіші-гірім болса да, осындай құрбандықтарға толы болды. Енді қайтейін, кеткен шығындардың барлығы өз еркімнен тыс болса. Бұндайда «Бастан садаға» дейсің амалсыздан.

Автомобилім Алматы облысында тіркеуде еді. Өзімнің ресми тұрғылықты жерім қалаға ауысқаннан кейін, машинаны да Алматыға «көшіру» керек болды. Автомобилестерге арналған ХҚКО-н қалай іздеп тапқанымды, одан жолым болмай кері қайтқанымды ежіктеп сөзді көбейтпей-ақ қояйын, қысқаша айтқанда — машинаны тіркеуден шығару үшін алдымен Өтеген батыр кентіндегі (Іле ауданының орталығы) жол полициясы бөлімшесіне бару керек болды.

#1 садақа
Блог - patick: Блогиада #18. Бастан садаға!Көлік құралын тіркеуден шығару үшін бір төлемдер жасалады (ресми қалай аталатынын ұмытып қалдым). Жалпы сомасы 2-3 мыңның айналасы. Өтеген батыр кентінің маңайындағы жолполға барғанымда бұл жердегі төлемдер «БТА Банк» терминалы арқылы жасалатын болып шықты. Терминалға жақындағаным сол-ақ, бір жігіт жетіп келді: «Аға, былай төлейсіз, бүйтесіз, мынаны басасыз», — деп көмектесіп жатыр. «Жолы болар жігіттің...» деген мәтел есіме түсіп, шаруамның аздап жеңілдегеніне қуанып та қалдым. Сөйтсем, бұл жігітті ешкім кеңесші етіп тағайындамапты, сол маңайдағы ұсақ-түйек сататын дүңгіршектің сатушысы екен. Адамдардың аңқаулығын пайдаланып, осындай қызмет көрсетеді де, терминалға салынған ақшаның артылғанын өз телефонына лақтырып отырады. «Жә, енді көмектесті ғой», — деп өзімді жұбатып, үндемедім. Десек те, далаға кеткен 300-400 теңгеге ішім күйіп бара жатыр, әрі әлгінің қулығына аздап ашуым да келді. Бар айтқаным:
— БАСТАН САДАҒА!

#2 садақа
Блог - patick: Блогиада #18. Бастан садаға!Көлігімді салыстырудан өткізіп, номерді ағытып, құжаттарымен қоса офицерге тапсырдым. Полицей:
— Квитанциялар қайда? — дейді.
Терминалдан төлем жасағанда 3 квитанция алған болатынмын. Ешбірі жоқ, шамасы әрлі-берлі сабылып жүргенде бір жерде түсіп қалған. Ғимаратты кезіп шықтым — жоқ. Офицердің алдына тағы бардым: «Аға, квитанцияларды жоғалтып алыппын. Көшірмелері бар, сонымен қабылдайсыз ба?». Ол құжаттарымды қабылдаудан бас тартты. Амал жоқ, терминалдың алдына тағы бардым. Бір төлемді екі рет жасағаным үшін өз-өзімді іштей балағаттан тұрмын. Енді қайтеміз:
— БАСТАН САДАҒА!

#3 садақа
Блог - patick: Блогиада #18. Бастан садаға!Іле ауданының есебінен шыққаннан кейін, жұрт мақтаған — мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына тарттым. Бұл мекеменің қарапайым ХҚКО-нан ерекшелігі — тек қана автомобилистерге қызмет көрсетіледі. Барлық процедуралар бір жерге топтастырылған демесеңіз, қызмет көрсету жүйесі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Дәлірек айтсақ — персоналдың білімін, тәрбиесін әлі де жақсарту керек. Жә, бүгінгі әңгіме ол туралы емес.
Мемлекет тарапынан жасалған бір жақсы бастама — өздігінен қызмет көрсететін ксерокөшірме автоматтары. Жұмыс принципі қарапайым: тиынды саласыз, көшірмені жасайсыз (Өтеген батыр кентінде бір бет үшін 30 теңге алып еді, оған да бір «Бастан садаға» деп кеткенмін ). Қуанып кетіп, автоматқа жақындағаным сол, бір қыз жетіп келді: өз қалтасынан 5 теңге салады да, сізден 30 теңге алады. Ұрысып жүруге уақыт қайда, тез-тез ақшаны ұстатып, қызмет көрсететін залға жүгірдім. Кезегім келіп қалған болатын. Ақшадан гөрі, көзіңді бақырайтып қойып бассыздыққа барып отырғандарына көбірек қынжылған сияқтымын. Не де болса:
— БАСТАН САДАҒА!

#4 садақа
Блог - patick: Блогиада #18. Бастан садаға!Көлікті қайта тіркегенде келесі төлемдер жасау керек:
— Тіркеу үшін — 483 теңге.
— Техникалық паспорт үшін — 2164 теңге.
— Номер белгісі үшін — 4847 теңге. Барлығы 7494 теңге.
Қазір нақты айта алмаймын, бірақ «Qazaq banki» кассасында 8 мыңнан асатын соманы бергенім есімде. Демек, қалғаны не банктың комиссиясына, не кассирдің қалтасына кетті. Алданғанымды мен кейін, Egov-тың Call-орталығына хабарласқаннан соң біліп отырмын. Не дейміз енді:
— БАСТАН САДАҒА!

Бұлар тек Жол полициясына барған кездегі еріктен тыс садақаларым, одан бөлек үй жөндетуге, жиһаз алуға қатысты бірқатар желіну фактілерім бар.

"Өзгенің қателігінен сабақ алу" деген мәтел бар ғой. Мақсатым да сол, автоны бір жердің тіркеуінен шығарып, басқа мекенге есепке қойған кезде осындай ұтылулардан сақтандыру. Шығынның бәріне «Бастан садаға» дей бергенше, қайырымдылық қорына жіберген әлдеқайда тиімді болар ма еді. Айтпақшы, мен үшін азабы көп болған аптаны әлемдік шараға айналып кеткен Ice Bucket Challenge қайырымдылық акциясына қатысумен аяқтадым. Шарт бойынша, мүгедек балаларға арналған «Амир» қорының шотына 1 мың теңге аудардым. Бұл жолы бәрі менің еркіммен болды.
Бөлісу:

8 пікір

AKA
 Видео уаще күшТ!
qonyrbai
Кинодағыдай болды ғой видеосы.
Anar70
иә «Бастан садаға»((( Бәрі жақсы болады!!!
MERmukhanov
Жюри қалай бағалаватыр?)) Маған ұнады — осы мағына, осы қырынан келгені )
SaryQazaQ
Жалғас сияқты түсіріп тұрған