Қарапайым қайырымдылық

Алланың алдында тең демесеңіз, бұл дүниеде адам баласының бірі — ілгері, бірі, бәрібір — кейін. Бірақ, осы жөңкілген жұрттың арасында да өзгелерден биіктеу тұратын адамдар бар. Олардың биікітігі қалтасының қалыңдығымен, әлеуметтік статусымен, сыртқы жылтырлығымен өлшенбейді. Олардың биіктігін ешкім көрмеуі де мүмкін. Әңгімеміз еш пайда ойламай-ақ өзгеге көмектесе алатын қайырымды жандар туралы болмақ. Жанары мұңды жоқ-жітік пен жаны жаралы жетімдерді араластырмай-ақ «биік адамдардың» бейнесін ұсынып көрмекпін.

***

Әдетте жұмыстан елдің соңы болып кететін Нағашыбек бүгін сағат жеті болған бойда компьютерін сөндіріп, жинала бастады. Ауылдан әке-шешесі келген болар, әлде қызымен кездесуге асықты ма екен? Мүмкін өзі бас-көз болып отырған үш студент-қарындасын сағынған шығар деген ой келді. Алайда, болжамдарымның бірі де дұрыс келмеді. Қайда жиналғанын білгенде, мен оған ере кеттім.

Кешкі сегізге таяп барсақ та, «Шұғыла» қайырымдылық қорының Астана филиалы әлі ашық екен. Біздің алдымызда ғана мейірбан жандар ескі, бірақ бүтін киімдерін әкеліп тастапты. Оларды бөліп, сұрыптап та үлгермеген. Қоқысқа тастай салудың орнына, өзгелердің қамы үшін әдейі бұрылып, алып келген адамдардың ниет жылуы әлі сезіліп тұр.

Блог - Marco: Қарапайым қайырымдылық
***

Блог - Marco: Қарапайым қайырымдылық
«Шұғыла» қайырымдылық қорының нақты ережелері бар. Ең бастысы көмек шын мұқтаж адамға жетуі тиіс. Негізгі төрт категория: тұрмысы төмен отбасылар, жетім балалар, жалғызбасты аналар және мүгедек балалар.

Сабыр Советханұлы. Филиал директоры:

«Жағдайы жоқ жанұялар тізімін жергілікті әкімдіктер береді. Алайда, бұл тізімнің өзін нақтылауға тура келеді. Кейде көмек апарып тұрған үй екі қабатты коттедж болып шыға келуі де мүмкін. Сондықтан, алдымен берілген мекен-жайларды аралап, отбасылармен танысып, не нәрсеге мұқтаж екенін білуге тырысамыз».

***

Диванның үстінде үйіліп жатқан киім-кешек пен ойыншықтарға қарауға Нағашыбектің де мұршасы жоқ. Алматыдан оқу құралдары жеткен екен. Қаншама бала осы сыйлықты тықыршып тосып отыр. Ал, қыркүйек болса таяп қалды. Демек, бірінші кезекте оқушыларды қуанту керек.

Блог - Marco: Қарапайым қайырымдылық
***
Қор жұмысы негізгі алты бағыт бойынша жүргізіледі. Оның үшеуінде тиісті көмек мұқтаж жанның үйіне дейін жеткізіледі.

Береке. Бұл жобаның мақсаты ішерге тамақ таппай отырған отбасыларға азық-түлік жеткізіп беру. Бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарында болсақ та, елімізде мұндай отбасылар баршылық.

Мектепке жол. Акция барысында жоқ-жітіктер ғана емес, көпбалалы отбасылар, жалғыз ілікті аналар да қамтылады.

Жылу сыйла. Мұнай мен газдың үстінде отырсақ та, әлі күнге қатты отын жағып отырған үйлер басқа түгіл Астана мен Алматыда да жетерлік. Жобаның мақсаты — тұрмысы қиын жанұяларға көмір түсіріп беру.

Отбасы отбасыға көмектеседі. Манағы диванның үстіндегі пакет-пакет киім-кешек есіңізде ме? Оның бәрі таза, жыртылмаған киімдер. Кейін арнайы қойма-дүкеннің сөресіне қойылады. Мұнда келген мұқтаж адамдар өзіне қажетті киімді, ойыншықты, тұрмыстық техниканы ақысыз алып кете береді.

Ең керемет күн. Жетімдер үйінің тәрибеленушілеріне арналған жоба. Оларға ең жетпейтіні – көңіл. Сондықтан, еріктілерден, демеушілерден құралған топ жетім балаларды бір күн бойы қыдыртады. Ойнайды, мейрамханаларда тамақ ішеді, кино-театрға барады.

Сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту. Туғалы дертке шалдыққан балаларды толық айықтыру мүмкін емес. Жобаның мақсаты — азабын жеңілдетіп, үміт сыйлау.

***

Нағашыбек қайырымдылық үшін қолынан келгенін аямайтын көп еріктінің біреуі ғана. Шұғыланың Астана филиалында жүз шақты волонтер бар. Көпшілігі жұмыс істейтін адамдар. Жас шамасы 25 пен 40 арасында. Еңбегі үшін ештеңе сұрамайды. Негізі, ресми тіркеліп, «Ерікті» деген куәлік те алуға болады. Бірақ, тіркелген ешкім жоқ.

Блог - Marco: Қарапайым қайырымдылық
***
Қайырымдылық қорының жұмысына ат салысу үшін ерікті болу міндет емес. Ақшалай көмек беруге де болады. Оның да түрлі әдісі бар. Мәселен, ақшаны қолма-қол апарып бере аласыз, оған ерінсеңіз банк арқылы, онлайн немесе арнайы төлем аппараттары арқылы да қаржы аударуға мүмкіндік бар. «Шұғыла» қорының бір бастамасы ерекше ұнады. Ол – мейірім конверттері. Әр конверттің сәйкестік коды бар. Осы цифлар арқылы арнайы сайтта ақшаңыздың қайда жұмсалғанын бақылап отыра аласыз.

Блог - Marco: Қарапайым қайырымдылық
Конверттерді таратудың механизмі де қарапайым. Еріктілер қалауынша алып кетіп, таныстарына береді. Ішіндегі материалмен танысқан соң, бақыр тиын салмай-ақ қайтарып берсеңіз де болады. 200 теңге салсаңыз да ешкім «аз» демейді. Өйткені, кімге қандай конверт түскенін тек ішіндегі кодты көрген адам ғана біледі.

Қайырымдылық қорларының жұмысы «ҚР коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңының аясында реттеледі. Алайда, құжатта ұйымның есеп-шотына түскен қаржының қаншасын өз қажетіне, басқаша айтқанда, кеңсе жалдап, негізгі қызметкерлерге жалақы төлеуге жарата алатыны көрсетілмеген. Басқа елдерде нақты тәртіп бар. Көптеген Еуропа мемлекеттерінде жиырма пайыз белгіленсе, Ресейде отыз пайыз жұмсалады. «Шұғыла» қоры да осы отыз пайызға тоқтапты.

***

Жүк жиналып болды. Оқу құралдары Астанадан 100 шақырым қашықтықтағы Ақкөл ауылындағы балаларға арналған. Кеш қарайып қалса да, сыйлықтарды апарып тастау керек. Нағашыбекке ертең тағы жұмыс. Бірақ, бейкүнә балаларға титтей қуаныш сыйлау үшін түнімен жол жүріп келу түк қиын емес.

Блог - Marco: Қарапайым қайырымдылық
Бөлісу:

13 пікір

zholantai
Осы цифлар арқылы арнайы сайтта ақшаңыздың қайда жұмсалғанын бақылап отыра аласыз.
бұл сайтқа доступты тек ақша бергендерге ғана ашады ма?
zholantai
ой, отчеті сайтында тұр екен ғо,
Шымкентте де бар екен, білмейді екенмін,
Marco
Иә, орталықтары Алматыда, филиалдары Астана мен Шымкентте бар
MERmukhanov
Шұғыла деген селодағы жалғыз кинотеатрға тура қарама-қарсы тұрып едік Ойылда
Aya
Былай тақыры ба, болмысы да қоңыр қарапайым екен жазбаның
Marco
Бұл жақсы деген бе, жаман деген бе?)
temir1986
2 қабатты коттежден шығады. ойылда бір ауылдың үйнің шатырларын дауыл көтеріп кеткенде, көмек алғандардың арасында ауыл әкімінің комерсант інісі де бар екен. Оған неге көмектесеміз десе, әкім — ол кредит төлеп отыр депті.
Gastarbaiter
Не деген кәсібилік

«Жағдайы жоқ жанұялар тізімін жергілікті әкімдіктер береді. Алайда, бұл тізімнің өзін нақтылауға тура келеді. Кейде көмек апарып тұрған үй екі қабатты коттедж болып шыға келуі де мүмкін. Сондықтан, алдымен берілген мекен-жайларды аралап, отбасылармен танысып, не нәрсеге мұқтаж екенін білуге тырысамыз»

«Мородерлар» көбейіп кетті, енестің
ZhanarRahimbaeva
Кеше сіздердің қорларыңыз туралы естідім. Бүгін сіздердің саиттарыңызға кіріп біліп отырмын. Керемет бастама екен. Судың тамшысындай болса да алғашқы көмегімді беріп үлгердім