Блоггинг және 8 фитнес стратегия
Блог жүргізу және фитнес, хм-м…
Мұндай тақырыпты мен «фитнес гуруы» немесе шекесінен нұр төгілген блогосфераның соңғы апостолы атағына дәмеленгендіктен таңдағаным жоқ. Фитнестің кей қағидалары мен тәсілдерін саналы не бейсаналы түрде қолдануым маған бір кездері блог жүргізуде үлкен пайдасын тигізген. Кейбірі мен үшін әлі де тың, әлі де пайдалы. Сондықтан, оларды өзіңізбен бөлісудің мүмкіндігін мүлт жібергім келмейді. Ендеше, жаттығушының ырсылы мен пернетақтаның тынымсыз тырсылында нендей ортақ нәрселер бар екен? Көрелік.
1. Жиілік стратегиясы — аптасына кемінде 1 рет
Жаттығу залында екі аптада бір-ақ рет төбесін көрсетсе де, күрделі жаттығуларды техникалық тұрғыда мінсіз орындайтын алпамсадай жігіттер болады. Олар кімдер? Тәжірибелі атлеттер. Көтеретін салмақтары ауыр. Жаттығу қарқыны өздеріне қалыпты болса, жаңа бастағандар үшін адам төзгісіз. Олар бір келгенде, әр жаттығуға бар ынтасын беріп, одан максимум нәтиже шығарады. Бірақ, әлбетте, жаттығуға бар болмысын жұмылдыра алмайтын жас қатысушы сирек жаттығулардың пайдасын сезе алмайды.
Тап сол сияқты, егер әлі «балмұздақ» блогшы болсаң, айына бір-ақ рет жазатын кейбір колумнистерден үлгі алмаған дұрыс. Олар өзінің тұрақты оқырмандарының дені қалыптасқан адамдар.
Аптасына 3-4 жазба жариялау — бастаушы блогерге тамаша жиілік дер едім. Әрине, Муза шешей батасын берсе және жалпы берсе, күніне 5 рет жазсаңыз да болады. Тек құр жазбай, әрдайым жақсырақ жазуға тырыссаңыз, көзге бірден біліне қоймайтын керемет дағдыларды қалыптастырып, саналы әрекеттеріңіз бейсаналы шеберлікке айналады. Бірақ ми мен көз де бұлшық ет сияқты тәулігіне 8 сағат тынығуы қажет екенін ұмытпаңыз.
2. Бір жыл бойы үзбей жазу стратегиясы
Залға алғаш келіп тұрғанына қарамастан, кейбіреулер әр темірді бір ұстап, "өлгенше" жаттығып, тер шыққанға мәз болып, бір аптадан соң айнадан елеулі нәтиже белгілерін көргісі келеді. Бірақ күткенін көрмейді. "Әп" дегеннен өзінің «мінсіз» жазбасына бір тонна мадақ, екі тонна пікірталас күтетіндер де соған ұқсас күй кешеді. Фрустрация. Жарайды, «облом» дей салайықшы. Өттік. Көрдік. Бірі үміті ақталмай, базына айтып, баз кешіп кетсе, екіншісі өзінің әлі шикі екенін мойындап, қатесін ескеріп, қайта талпынады.
Бір жыл арасын үзбей жаттыққан адам, тиіп-қашып, жүрдім-бардым бес жыл жаттыққаннан артық.
Бір жыл. Осы мерзім ішінде, потенциалыңыздың басым бөлігін көрсетсеңіз, аудиторияңыздың сипаты анықталып, алғашқы адал оқырмандарыңыз да пайда болады.
3. Техникалық сауаттылығыңды басынан дұрыс қойып алу стратегиясы
Дене шынықтыруда жаттығудың техникасын білмесеңіз ауыр жарақат алып, әрі қарайғы армандарыңызға еменнің үлкен бұтағы опырылып түсуі мүмкін. Шабатах! Кешіріңіз, мүгедексіз...
Құрысын, бетін аулақ дерсіз…
Алайда, шындығы сол, көбіне техникалық сауатқа мән бермеушілік бастапқы кезде білінбейді. Кейін күрделілеу жаттығуларға, ауырлау снарядтарға көшкенде сол кішкентай қателіктер омыртқаңды омырып түсіруі мүмкін. Басыңа бәле боп жабысқан қисық әдетті түзегенше, жаттығуды басынан дұрыс жасап үйренген жеңіл емес пе?!
Блог жүргізгенде де солай. Блогыңыздың көтерер жүгі өскен сайын грамматикалық қателеріңіздің контентіңізге келтіретін зияны да өсе береді.
Интернет бетіндегі грамматикалық сауатсыздыққа селқос қараушылардың бірі мен едім. Есесіне, етке сіңіп үлгерген жаман әдетті түзетудің бар қиындығын басыммен сезіп жүрмін. Демек, бірінші блог-жазбаңыздан бастап, сауатты жазуды әдетке айналдырған дұрыс. Тіпті, жазбаңызды әзірше өзіңізден басқа ешкім оқымаса да.
4. Бейімділігіңді ескеріп, қабілетіңе сай тәсіл таңдау стратегиясы
Фитнесте мен жиі еститін және рахаттана бөлісетін кеңес "өз тұрқыңа сай жаттығу стратегиясын таңда" дейді. Яғни сіз тумысыңыздан өте арық, жауырыныңыз жауқазындай, ал аяқтарыңыз ұзын болса, сізден табиғи жолмен тау тасыған Толағайдай зілтеміршіні баптап шығару қиындау болады. Есесіне, сізден мықты марафоншы шығару оңай болады.
Мұнда да солай, бойыңда еш алғышарты байқалмайтын, өзіңе қызықсыз дағдыларды дамытуға кеткен есіл еңбегің мен уақытыңды, өзіңе жақындау жанрда тәжірибе жинауға жұмсаған тиімдірек болады. Тек қандай да бір форматта не басқа жанрда жазуға бейім еместігіңді анықтау үшін бір реттік эксперименттер аздық қылады.
Қабілетсіздіктен тәжірибесіздікті ажыратудың бір жолы — бірнеше сәтсіз эксперименттен кейінгі әуестігіңіздің деңгейін байқау. Егер туа бітті талантыңыз жетпеген жерді жаныңызды жалынға ораған құштарлық пен энтузиазм толықтыра алмаса, зорығып туған әурешіл әрекеттеріңіз өзіңізді де, оқырманды да шаршатады.
5. Жетістіктерді тіркеу және бақылау стратегиясы
Бұл тіпті де оңай. Жаттығу барысын бақылап, қай күні жеке рекордыңызды бұзғаныңыз жайлы хабардар болу үшін арнайы күнделік арнауға не сондай бір гаджетті телефонға орнатып, оған деректерді уақытылы енгізіп отыруға мәжбүр боласыз.
Ал блогтың өзі веб-күнделік болғандықтан, бақылау барысына басыңыз қатпайды. Сіздің рейтингіңіз, лайктарыңыз, оқылу саны, сыншылардың пікірлері сізге қай жазбаңыздың құнды екенін, қай жазбаңыздың әлсіз екенін көрсетіп отырады.
Ал wordpress.com блогтұғырнамасы егжей-тегжейлі статистикалық деректерді алдыңызға жайып салады. Жазбаңызды жариялаған бойда ұмыт қалдырмай, өткенді сараптап, статистиканы бір шолып, қатемен жұмыс жасап, қорытынды шығарып отырғанды әдет қылған дұрыс.
6. Психологиялық дайындық стратегиясы
Бір белесті бағындыру үшін өзіңді түрлі фауна мен флора өкілі етіп елестету, қияли образдарға ену арқылы психологиялық демеу жасау жаттығудың маңызды бөлігі болып табылады.
Айталық, зілтемірші жаттығу барысында ойланбай көтеріп жүрген салмағын дүйім жұрт алдына шыққанда көтере алмайды.
Блогшының да, кейде мақала жазуға білімінің жетіспеушілігінен бұрын, әртүрлі сылтаулар, өз қабілетіне сенімсіздік қана кедергі болатыны бар. Оқырманның көптігі мен тақырыптың салмағынан да кібіртіктеп қалуыңыз мүмкін.
Осындайда "өз қолтығыңа өзің су бүркудің" де пайдасы бар! Оның еш сөкеттігі де, құпия сиқыры да жоқ. Жаттығу залындағы жауапты әрекет алдында христиандар шоқынса, буддист мантрасын оқиды, мұсылман «я, Раббымдап», шаманшалыс бақсылар арыс боп ақырып, барыс боп бақыруы да мүмкін. Еріккеннен не шоу үшін олай етпейді, әрине. Мұның бәрі атлеттің өз бойындағы күш-қуаты мен жүйке-бұлшық ет байланысын бір мақсатқа жұмылдыруға көмектеседі.
Ой-жігерді бір нүктеге шоғырландыра білу блогыңызға да қажет.
Таңғы үште «Аттандық, Алаш! Алға-а-а!!!» деп айқайлап, үйдегі жұртты шошытпасам да, тақырыпқа барынша терең бойлау үшін, өзімді өзім иландыру сияқты психологиялық әдістерді қолданып, актер болып, түрлі образдарға енетінімді де жасырмаймын. Сізге де ұсынамын.
7. Жинау және арылу стратегиясы
Артық майдан арылғысы келетін адам арықтау кезінде бұлшық етінің біраз бөлігін жоғалтады. Соны ескерген жас атлеттер алдымен масса жинап алып, сосын, ілеспе артық майды күйдіріп тастауға барынша тырысады. Бір жақсысы, олардың артық майымен қоса, "құрбандыққа" қия алатын артық бұлшық еті де болады.
Блогшыға бұның не қатысы бар?
Жазбаны көлемі жағынан қысқа, ал мазмұны жағынан қанық қылудың бір әдісі — алдымен қаламыңа еш шектеу қоймай, бар ойыңды сол күйінде түсіріп алу. Сосын, ешқандай көркемдік не ақпараттық құны жоқ сөздерді «эфирге жарамсыз артық май» деген желеумен, қырқып тастау.
NB. Иә, айтпақшы, мұнда да кейде «майлы» жазбамен бірге «бұлшық ет» көлемін де құрбан етуге тура келеді. Сол себепті, жазбаңыздың өңделмеген нұсқасында «бұлшық еттің», яки ақпараттың артығымен болғаны жөн.
8. «Плато» немесе шығармашылық дағдарыстан өту стратегиялары.
«Плато» фитнес сөздігінде "әлдебір көрсеткіштердің тым жақсы өсіп келе жатып, кенет тоқтап қалуы немесе кері сырғуы" деген мағынада қолданылады. Былайша айтқанда, тоқырау.
Блогшылар бұны «шығармашылық дағдарыс» дейді. Егер сондай күйге түссеңіз, фитнес қағидаларына сүйеніп, мынадай кеңес беруге болады:
1) Алдымен мұның шын мәнінде «плато» екеніне көз жеткізу
Уақытылы ас ішу мен 8 сағат ұйқы режимін сақтап жүрсіз бе? Мидың 86 пайызы судан тұратынын білетін шығарсыз. Жеткілікті дәрежеде су ішіп жүрсіз бе? Расында да бұрынғыдай тырысып жүрсіз бе, әлде жай амалдап жүрсіз бе? Әдетте, көбіміздің «плато» деп жүргеніміз өзіміздің сылбырлығымыз ғана. Жоғарыдағы сұраққа «иә» деп жауап берсеңіз, онда келесі баптарды байқаңыз.
2) Сирету не көлемін азайту
Жазу ұзақтығына не жиілігіне кішігірім өзгеріс енгізіп көруге болады. Себебі, барған сайын сіздің жазбаңыз күрделеніп, сізден көбірек рухани күшті талап етуі мүмкін. Ешбір адам бір тәсілмен, бір сиқырлы формуламен шексіз прогресс жасай алмайды. Сол кезде, бұрыңғыдай жиілікті сақтау қиындай түседі. Уақытша сирету, мүмкін, дұрыс шешім болар. Пайда болған бос уақыт пен жаңа мүмкіндіктер жігеріңіздің желкенін қайта кермесіне кім кепіл?!
3) Формат өзгерту
Жазбаны басқа форматта беруге болады. Фоторепортаждарды меңгеру, эксперименттер жасау, видео, подкаст жасау, SEO-сауатыңды арттыру да сізді қайтадан үйренуші қалпыңызға түсіреді. Ал жаңаны үйренуден жиренбеген адамның санасы еш уақытта қартайып, қақ баспайды.
4) Мазмұнмен ойнау немесе «Бір қадам артқа, екі қадам алға»
Егер белгілі бір жаттығуда көрсеткіштеріңіз тоқтап, қанша тырыссаңыз да, алға жылжымай қалсаңыз, күнделікті кестеңізді ұмытып, снаряд салмағын азайтасыз да, сол нүктеден жаттығуды қайта бастайсыз. Санаңыз жаттығу сайын рекорд жасаудың жүгінен бір демалып қалады. Ал денеңіз ресурстарын қалпына келтіріп, платодан инерциямен өтіп кетіп, жаңа көрсеткіштер сізді қайта қуантады.
Блогшыға да тоқырау кезінде бұл айланы қолдануға болады. Яғни, зілтемір салмағын екі есе азайтқандай, жазбаңыздың салмағын азайтып, үнемі жақсы жазуға тырысу міндетінен өзіңізді уақытша босатасыз. Тырысып жазуға қолыңыз қатты қышыса да, рухани ресурсыңызды сақтап, шыдап бағасыз. Біртіндеп, сапаны өсіріп, өз тақырыбыңызға деген сағыныш шыңына жетіп, шабыт шарықтағанда пернетақтаға тап беріп, аттың басын бір-ақ жібересіз. Мұны биіктеу төбелерден өте алмаған көліктің алдымен артқа шегініп алып, содан кейін алға ұмтылуымен салыстырыңыз.
В. И. Ленин туралы не десек те, өз еңбектеріне қысқа әрі мағыналы атау табудың шебері болған ғой, жарықтық.
1,5,7-ші сурет көзі: flickr.com, juliahavey.com
Жас блогшыға міндеттен бұрын, арсеналын толықтыратын тәсілдер ретінде жасаған тізімім осы. Бұған кірмей қалған, қандай да бір көмекші тәсіл, ерекше ұсыныстарыңыз болса, бөлісіңіз.
шіркін суреттер
Ерекең менің пікірімді ұрлавалыпты
Сөйтсек, Майкл Бей әдейі соларға арнап, қыстырған екен ғо, сол эпизодты.
«Муза шешей есіктен кіріп келгенде» деп бастайтын