Арманда кеткен әнші аға — Әлімхан Оспанов
Үмітті кеткен сөндіріп,Біздің үйге қонаққа келетін болсаңыз, Шиелі ауданының темір жол станциясынан түсе салысымен, кез келген таксиге отырып, "Әлімхан Оспанов көшесі" десеңіз болғаны, араға он минут салмай жеткізіп тастайды. Кеңес Одағы ыдырағалы, әртүрлі бейтаныс кісілердің атымен аталған көшемізге 2010 жылы 15 мамырда ғана осы тұлғаның аты берілді.
Арманым, саған не дейін?!
Сен жайлы тынбай мәңгілік,
Ән шырқар бұлбұл көмейім!
Бұл кісінің бірнеше әні "Қайталанбас дауыстар" атты Сыр саңлақтарының антологиясына енген. Кей әндерін мына жерден және мына жерден өз орындауында тыңдай аласыз.
Қазір немере інісі Бауыржан Оспанов аға әндеріне жаңа дем беріп, оларды эстрадалық мақамда орындап жүр.
Барша қазақтың ұзату-үйлену тойларында Гаухар Әлімбекованың орындауында айтылатын «Ақ босаға, ақ ниет» («Келінге өсиет» деген аты да бар) әнінің авторы да — Әлімхан Оспанов.
Талай шаңырақтың шаттығын тілеп, бақытын батаға қосқан, жарқын күлкісі жердің астынан шығатын, аңқылдақ ағаның өз өмірі қандай болды?
Шығармашылық адамының басынан түрлі қиындықтарды кешуі заңдылық қой. Десек те, менің оның қыршынынан қиылған өмірінен хабарым тым аз болатын. Өзі барда, көзі барда біз боқмұрын баламыз.
Әнді сылтау етіп, өзімізбен бір көшеде орналасқан үйіне бардым. Жеңешем үйде жоқ болса да, балары мен келіні аға жайлы әңгімелескім келетінін естіді де, шай қойып, алдыма біраз сурет, бума-бума газет-журнал қиындыларын жайып тастап, әр суретке түсіндірме бере бастады.
«Мынау папаның 1990 жылы Португалияда өткен Бүкілдүниежүзілік фольклор байқауына киіп барған шапаны, ал мынау баяны, мынау домбырасы, мынау папаның бет ашып жатқаны»
Өз даусымен айтқан әндерін де тыңдадық. Жезтаңдай ағаның тірі даусын ести сала, санамның тұңғиығында жатқан бала естеліктер кеше ғана болғандай көз алдыма келді де отырды.
Әлімхан аға әр Жаңа Жыл мерекесінде көрші-қолаңды аралап, баянымен үйлескен әсем әндерімен бәрімізді елітіп, ерте әкететін. Ақыры, көшенің ана басынан мына басына жеткенімізше гуілдеп ән салған үлкен «сыған таборына» айналатынбыз.
Баласы Нұрлыжанмен әңгіме барысында, бізден бірер шақырым жердегі ауылда орналасқан атақты жырау Нартай Бекежанов мұражайында өз бұрышы барын білдім. Дереу сонда тарттым.
Ерте келіппін. Музей бір сағаттан кейін ғана ашылды. Қуанышыма орай, Нартай ауылының күні де қатты ыстық болмады.
Мінеки, атақты Нартайдың шөбересі, әнші, сазгер Әлімхан Оспановқа арналған бұрышты да таптым.
Анау әйнектің арғы жағындағы кітапты өз үйінен де көргенмін. Ал мұндағы суреттердің де, әншінің жылтыраған баянының да маған артық баяндайтын ештеңесі жоқтай көрінді.
«Не сыр болса да, осы кітаптың ішінде-ау» деген оймен, музейден шықтым да, марқұм Әлекеңнің қара шаңырағына қайта жол тарттым.
Баласынан оның әндері жазылған дискті, оның өмірбаянына арналған Әбдісаттар Сәдуақасұлының "Өмір неткен тәтті едің" атты естелік-эссесін сұрап алдым.
Бұл кітапта оның бозбалалық шағынан бастап, қаза болғанға дейінгі өмірінің белгілі-белгісіз тұстары жайлы сыр шертіліп, күнделігіндегі жазбалары, төл туындылары толық берілген.
Болмашыға қапаланып, іштей үгіліп, сыртқа жымын білдірмейтіндердің өмірі қысқа болатыны заңды құбылыс емес пе?! Тек, Әлімхан аға үш бауырынан бірдей айырылғанда, жасы жиырмаға да келмепті. Өзінен кейінгі сүйікті қарындасы Гүлхан қайтыс болғанда, небары он жеті жаста болды.
«Тәубе!» деп айтқаныммен болмады ғой,
Кеткендер орны қайтып, толмады ғой.
Төрт бауыр, көкем, апам, ата-анамды,
Сұм ажал "Қош!" дегізбей жалмады ғой.
Ал тұла бойы тұңғышы Ғалымжаны бір қаскүнемнің қолынан мерт болғанын естігенде қырықтың қырқасына жаңа шыққан еді.
Жәудіреген көздеріңнен айналдым,
Сені жоқ деп, айта алмай қиналдым.
Сағыныштан езілсе де жүрегім,
«Ақырын бер!» деген сөзге иландым.
Кенже қызы Нұрай дүниеге келіп,
Бөбегім менің құлпырсын,
Нұрын төгіп арай тек!
Куәлікке жазылсын,
"Әлімханқызы Нұрай" деп!
деп жұбана бергені сол, жүрегі қатты мазалай бастады. Әлімхан ағаға дәрігерлер ұзақ уақыт диагноз қоя алмады.
Қорықпаймын, көп болса, көз жұмылар,
Есіне алар ән сүйгіш, сөз ұғынар!
Қайранмын тек, жүректің ем қонбастай
Дәрігерге белгісіз не сыры бар?!
***
Қалт-құлт етіп жүрердей бала-шағам,
Не жазып ек соншама, Тәңір саған?!
Пендеңмін ғой, кеш мені, әйтсе дағы,
Неге керек дәл мұндай өмір маған?!
1998 ж. Алматы, Кардиология орталығы
Осылайша Әлімхан аға 44-жасында жүрек дертіне дауа таппай дүниеден өтті. Ал мен көшемнің аты берілген тұлғаның өмірлік махаббатынан, өзегін өртеген мұң-наласынан, көңілін жұбатқан қуанышынан хабарымды молайтқандай болдым.
Дегенмен, аға туралы қысқаша естелігімді, өкінішпен емес, өзінің Алуа апайға жиі айтып жүретін, жарына деген ыстық сезімін білдіретін, Қадыр Мырза Әлидің шумақтарына жазылған әнмен аяқтағым келеді.
сенің посттарыңдағы фотолардың ерекшеленуі соншалық, авторы көрсетілмесе де сенікі екен деп бірдей ойлауға болады,
қалай-қалай ғана ойнатасың, қара рамкінің өзін қатайтып бермей, жайылдырып беріп, жұмсартып әрі әсерлендіріп көрсеттің, тәнтімін,
суретті безендіруге қатысты тәжірибең туралы блогинг тақырыбына мастер класс жасап жіберсейш
Бауыржанда осы ән арқылы танып едім
дене шымырлады
зы: Бірігіп ән жазайық та
«Сене бердің» сөздері де, сазы да жеңіл, үйренуге. Жақсылап орындап, тарататын адам болса.
Келісемін. Ең танымал әнін бірінші қою керек.
Көше туралы кіріспе жазбаның басты айтары болмағандықтан артына қосымша, PS- етіп қоюға болады. Және солай жасалады.
Келесі жазбаларымда «Тек Гаста болған соң оқуым керек» — деген ойдың әрі қарай оқуға жалғыз мотиватор болмауын қадағалауға тырысамын.
Рахмет!
Келінге өсиет деген әнін тыңдаған любой келіншек өзіне арналғандай сезінетін шығар, өзім сөйткем беташар алдын. Ал Сене бер! деген әнге сенбеу мүмкін емес! Не деген универсал блогер?! Таңмын!