Қазақ әскері: не жақсы, не жаман?

Блог - qisyq: Қазақ әскері: не жақсы, не жаман?

Жауапты һәм лауазымды тұлғалардың сөзіне құлақ түрсек, қазір қазақ әскері үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Сан және сапа тұрғысынан дамыту, әскери кадрды дайындау-іріктеу – барлық бағытта, деңгейде жүргізіліп жатқан жұмыс.

Жеке өз басым көзім көріп, құлағым естіп жүрген дерек-ақпараттың негізінде оң өзгеріс бар деп айтқым келеді, соған сенгім келеді.

Әрине, білдей мемлекеттің тәуелсіз екенін байқататын белгі екіге екіні қоссаң төрт дей салатын қарапайым түсінік емес, көптеген фактор мен себептің қосындысы. Сондықтан, артығы мен кемдігі болары сөзсіз.

Осы сұрақты өзіме ғана емес, өзгелерге де қойып көргім келді. Бірнеше адамға хабарласып едім, жауапты төмендегі үш адамнан ала алдым.

Блог - qisyq: Қазақ әскері: не жақсы, не жаман?Нұрмұхамед Байғараев, «Алаң» бағдарламасының продюсер-жүргізушісі:

Менің ойымша, бүгінгі Қазақстандық армияның басты бірнеше мақсаты бар. Оның алғашқысы — кәсіби армия құру. Жоспар бойынша, 2016 жылы аталған процес толық аяқталуы қажет. Мақсат жоғары әрі қажет. Себебі кеңестік жүйеден барлық Шығыс Еуропаның елдері бас тартып, келісім-шарттық жүйеге ауысты. Бірақ біздің жағдай не болмақ? Қазірдің өзінде көптеген әскери бөлімдерде келісім-шартпен сержанттардың саны артса да, әскер арасындағы суицид, әлімжеттік азаймай тұр. Өкінішке орай, атылған, асылғандар туралы жаңалық есіту қалыпты жағдайға айналып барады. Оған қоса, жемқорлық өте үлкен көлемде жүріп жатыр. Соңғы 1 жылда 3 генерал құрықталды. Дұрыс жөнделмеген ұшақтардың ақауларының көбеюінің себебін дәл сол парадан көреді білетіндер. Ал офицерлердің үй алудағы, шен берудегі әңгімесі бөлек. Қысқасы, осы факторлар кәсіби армия құруымызға кедергі. Дегенмен, менің көңіліме жылылық ұялатар бір жағдай — Қазақстан қару-жарақтың кейбір түрлерін өзі шығарып, кейбірін Ресейден басқа елдерден алып жатыр. Бұл – Ресейге арсеналдық тәуелдікке түспеудің жолы. Бірақ жақында Шойгу елімізге С-300 әуе қорғаныс кешенінің 5 дивизионын сыйлады. Жылы ескі де болса, әжептеуір арсенал. Ал соңғы ірі әскери қақтығыстар, әуе күресінің шешуші рөл атқаратынын көрсетті. Алайда, енді Қазақстан әуе кеңістігін Ресеймен бірге қорғау туралы Парламенттің шешім шығарғаны шамбайыма батады. Капустин Ярдан ұшқан ракета Сарышағанға түсетіні алаңдатады.

Блог - qisyq: Қазақ әскері: не жақсы, не жаман?Ербол Азанбек, Kaspi bank баспасөз хатшысы

Қазіргі қазақ армиясының кемшілігі соңғы кездегі жемқорлыққа қатысты фактлердің жиілеуі, жоғары шенді генералдардың пара алды деп ұсталуы, кейбірінің сотталуы әскерге деген сенімді азайтады. Бұл үлкен минус. Имиджіне үлкен нұсқан келді. Генералдар ақшаға сатылатын болса, оқыс жағдайлар туа қалса (соғыс т.б.Әрине болмасын) жағдайымыз қандай болады деген сұрақ еріксіз ойға оралады. Бұл тұрғыда әрине әскердің имиджімен жұмыс істеу керек. Жақсы жағы бірінші әскерге деген көзқарас өзгерді. Бірнеше жыл бұрын әскерге барған бала не мүгедек не табытпен қайтады деген қорқыныш әр ата-ананың жүрегінде жүретін. Келісім-шартпен жұмыс істейтін әскердің қалыптасып, әскери бборыш мерізімінің бір жылға қысқаруы бұл қорқынышты сейілтті. Екіншіден, әскери мамандарды өзіміз дайындай аламыз. Ол Қорғаныс министрлігіне қатысты құрылымдардың барлық сатыдағы мамандарын дайындау мүмкіндігі бар. «Арыстан» әскери мектебі, Бурабайдағы Кадет корпусы, Б.Момышұлы атындағы әскери мектеп, Құрлық іскерлері институты, т.б. әскери оқу орындары қазіргі заманға сай сала мамандарын дайындай алады. Үшінші, әскердің қаржылық жағынан қамтамасыз етілуі өз деңгейінде екенін байқауға болады. Әскери оқу жаттығулардың өтуі, жаңа қару-жарақтың сатып алынғаны туралы ақпаратты жиі оқимыз. Бұл да әскерге деген сенімді күшейтеді.

Блог - qisyq: Қазақ әскері: не жақсы, не жаман?Назгүл Қожабекова, блогшы

Жалпы, бейбіт күнде әскер туралы айту қиын. Тек оқыған, көрген, естігендеріңнен, қазіргі сарбаздардың жағдайы жаман емес деген ой түйдім. Тұрмыс жағдайын мемлекет жасап отыр, тек еліңе адал қызмет етсең болды.

Осыдан төрт жыл бұрын бауырым әскерге алынатын кезде осы мәселе шықты алдымыздан. Шыны керек қой, жаман уайымдадық. Бұған дейін ағаларым 80-90 жылдары қызмет өтегендіктен, жаңа замандағы қазақ әскерінің жай-күйімен тек жаңалықтар арқылы ғана таныс едік. «Өлтіріп кетіпті, асылып қалыпты...» осы еді ғой естіп, оқитынымыз. Былай, парадтарды да көре бермейтінбіз.

Ініме повестка келген соң, армия туралы көбірек ізденетін болдық. Бастапқыда Қапшағайдағы Аэроұтқыр әскерге алынатын болған. Шошыдық. Кейін Республикалық гвардияға баратын болғанда, «уф» дедік. Не дегенмен, бекзат әскер ғой, артық ештеңе болмайтын шығар деп.

Інім борышын өтеп қайтқан соң, айтқан әңгімелерінен түйгенім, әскердің жағдайы жаман емес. талап та қатал. Яғни, қалай болуы керек, солай болып жатыр.

Дәл қазір, өз айналамдағы әскерге қатысы бар адамдарға қарасам, қоғамдағы әскер туралы пікірлерге қарасам, біраз өсу бар, өрлеу бар сияқты. Оның үстіне, реформалар көбейді, түсініксіз болып кетті. Контрактпен сарбаздарды алу шыққанда, әскердің сапасына алаңдау байқалды. Қанша дегенмен, кәсіби армия деген аннан қашқан, мыннан қашқан емес, бозбала кезінен сол кәсіпке бет бұрып, әскер өнерінің қыр-сырын меңгерген, физикалық дайындығы мықты, психикасы орнында, білімді азаматтардан құралуы тиіс шығар.

Әскери шерулерді көріп жүрміз, бәрі әдемі, бәрі керемет! Қару-жарақ та бар, дайындық та жетеді. Былтыр, тамыз айында Іле полигонындағы «Степной орел» әскери жаттығуларын көрдім. Біраз елден әскер келген екен, біздікі тек Американың сарбаздарынан ғана кем түсіп тұрғандай көрінді. Орталық Азияның басқа елдерінің әскері бізге жету қайда.

Осынлай, достар. Егер өз пікірлеріңізді жаза кетсеңіздер, автор ретінде қуанар едім
Бөлісу:

3 пікір

nigmetovartur
Осы постта менің де пікірім болу керек еді, бірақ, өкішінке қарай, жазып үлгермедім. Автордың өзі кешіре көрсін  Менің ойымша, Қазақстандық армияның бүгінгі ахуалын сөз ету үшін алдымен өзімізге «Ел басына күн туса, жағдай қалай болады? Біз қаншалықты дайынбыз» деп елестетіп көру керек. Техника, қару-жарақтың жұтаңдығын былай қойғанда, негізгі күш жауынгерлердің санының аздығы ойландырмай қоймайды. Қазақстандық армияға байланысты әуелден келе жатқан мәселелер әлі де өзекті.Мәселен, өзі аз қазақстандық азаматтардың ішінен денсаулығына байланысты әскерге баруға жарамсыз деп табылатындардың көптігі. Денсаулығы жарамды болғанның өзінде халық тарапынан Қазақстан армиясына деген сенімнің төмендеуінен көпшілік әскерге әдейі бармай қалудың жолын іздестіруі тағы бар. Ал әскер қатарындағылардың дайындығы ше? Менің ойымша, біздің әскерлерге профессионалдық тәжірибе жетіспейді. Сондықтан оларды 1-2 жыл оқумен шектемей, бітімгерлік миссиямен афганистан секілді соғыс алаңдарына жіберу керек. Әрине, Қазбат тек келісім-шартпен әскери қызметін өтеп жатқан жауынгерлерден құрылу қажет деп есептеймін.
Соңғы түзету:
satibaldi
Бәрі бекершілік. Қазіргі заманның ұрыс тактикасы — партизандық әрекет, лаңкестік. Контактілі жекпе-жек — тас ғасырының мұрасы.
Біздіңше*, партизандық ұрысқа диверсиялық топтар көптеп құру керек. Игрек, ептібайымайдтың — икс күні оларды топтарға бөлініп, шашыратып жіберу керек. Контактілі ұрыста бәрібір жеңіске жете алмайтынымыз белгілі болып тұр. Жақсы нұсқа ретінде Армия Крайованы айтар едім.


Біздіңше* — кенет мен өзімді үш адам сезініп кеттім. Лібә, түсіндіре алмайм нақ.
ken
Шындығында қалай екенін білмейм, бірақ телевизордан қарағанда әскеріміз жаман емес сияқты болып көрінді.