Блогиада #7: Ауылдың су көліктері

Өзен-суы мол елді мекендер үшін паром — тұрмыстың ажырамас бөлігі. Паром бір күн тоқтап қалса бітті дей беріңіз — бала сабақтан, ересектер жұмыстан қалады. Шағын өзен болса қиын емес — қыста мұздың үстімен өте бересің. Ал танкерлер өткізуге қауқарлы алып өзеннің арғы жағындағылар үшін жағдай басқаша — бір күн паром болмаса "үлкен жермен" қатынасу былай тұрсын, азық-түліктің жеткізілуі қиындап кетеді.

Мен өскен Жыланды мен көршілес Шортанбай ауылының арасын Шароновка деген шағын өзен бөліп тұр. Сәйкесінше, паромымыз да кішкентай. Жер қара, күн жылыда тросқа керілген темір салдың қызығын әрлі-берлі қатынаған халық көреді. Қозғалысқа келтіру әдісі де қарабайыр — екі жағаға керілген темір арқанды паром үстінде тұрып тарту арқылы жылжытылады:
Блог - patick: Блогиада #7: Ауылдың су көліктері
Кейде қатты дауылдан паромның тросы үзіліп, басқа жаққа ығып кетеді. Сондайда арғы бетке шығу үшін жаға бойындағы қайығы бар тұрғындардың көмегіне жүгінуге болады. Әрине тегінге емес. Мектеп кезінде көрші ауылдың дискотекасынан қалмау үшін «көрсетпей сұрап алатын» кездер де болды.
Блог - patick: Блогиада #7: Ауылдың су көліктері
Сұраусыз алып жатыр екен деп ойлап қалмаңыз, жай иллюстрация үшін қойылған фото

Көршілес Ресейде ахуал бізге қарағанда әлдеқайда күрделірек. Ондағы үлкен паромдар мен басқа да су көліктері жеке кәсіпкерлердің қолында. Сондықтан да ақылы.

Жыл сайын Астрахан облысындағы қайын жұртқа барғанда Еділдің сансыз көп салаларының бірінен осындай понтон арқылы өтеміз (фотосурет менікі емес):
Блог - patick: Блогиада #7: Ауылдың су көліктеріФотосурет көзі: you-family.com / Авторы: Юрий Гусев

Понтон — мобилді қалқымалы көпір. Красный Яр деген елді мекендегі осы понтоннан өту үшін бір көлік құралына 80 рубль төлеу керек. Бір жақсысы — жаяу жүргіншілер тегін өтеді.

Қайын жұрттың ауылы — ені 800 метр болатын Бақтемір өзенінің арғы жағында. Бұл жақтың паромдары көлік тасуға арналған. Паромның өзін баркастың көмегімен жылжытады:
Блог - patick: Блогиада #7: Ауылдың су көліктері
Бір жағына өту үшін жеңіл автокөліктер 25 рубль, одан үлкен габаритті және жүк көліктері көбірек төлейді. Паром таңғы сағат алтыдан кешкі тоғызға дейін жұмыс істейді.

Арғы бетке жетудің басқа да жолдары бар — «су таксисттері». Жеке қайығымен тасымалдаушылар әр адамнан 15-20 рубльден алады:
Блог - patick: Блогиада #7: Ауылдың су көліктері
2012 жылы қайын жұрттың ауылынан Астрахань қаласына бару керек болды. Үлкен паром үйден алыстау, оған жету үшін көлік керек. Сондықтан жақын маңдағы қайықшылардың қызметін біз де пайдаландық. Бірақ біз ақы төлемедік. Өйткені тасымалдаушымыз — менің қайынағам
Блог - patick: Блогиада #7: Ауылдың су көліктері
Көнкөрістік табысы ғой деп, сонда да ұялып ақша ұсынбақ болып едім: «Не позорь нацию» деп ақыдан бас тартты.

Еділ төңірегіндегі қазақтардың су көліктері бұлармен шектелмейді. Адам тасымалдайтын теплоход пен катерлер, балықшылар үшін шағын кемелер бар. Бірақ әзірге олармен жүзудің сәті түсе қоймады.
Бөлісу:

21 пікір

Marco
Еділ төңірегіндегі қазақтардың
Жүрегім жылып кетті ме, бірдеңе болып отырмын
patick
Неге?
Marco
Айрылып қалған Еділдің айналасында қазақ әлі де бар екеніне шығар)
patick
Қайын аташкі айтпақшы: «Мен Қазақстаннан қашып келген байдың ұрпағы емеспін. Менің әкем де осында туған, оның әкесінің әкесі де!»
zholantai
«Не позорь нацию»

қай ұлт? қызық прості
patick
жай метафора ғой, "қоя бер, қайтесің" дегені
nurbergen_makym
Жып-жылы жазба!

«Көнкөрістік табысы ғой деп, сонда да ұялып ақша ұсынбақ болып едім»
Әбден алматылық боп кеткен екенсің, нақ! Қайнағаң да соған қарап, дипломаттық әдіспен жауап берген-ау деймін. Әйтпесе, қайықтан лақтырып кетер едім, мен болсам...
patick
Просто туыстардың бәрі төлеп жүр деп естігенмін
Соңғы түзету:
zholantai
Әйтпесе, қайықтан лақтырып кетер едім, мен болсам...
Aya
Сонда өзенде көпір жоқ па? Халық арғы беттегі мектепке, жұмысқа бару үшін осы паромды пайдалана ма үнемі?
patick
Суы тұрақты өзендерде көпірлер болады. Ал көктемде арнасынан шығып кететін суларға паром қояды.
Екіншіден, паром иелері — монополисттер, белгілі чиновниктер. Олар көпір салуға жол берсе қырғын пайдадан қағылар еді
Aya
мәә, қорқынышты ғой. Күнде сөйтіп жүрген деген азап қой. Мен болсам жылар едім)
Олар көпір салуға жол берсе
негізі көпір салуға болады ғой, ия сонда?
patick
теориялық тұрғыдан болады, бірақ өте қымбатқа шығар еді
zholantai
Олар көпір салуға жол берсе қырғын пайдадан қағылар еді
лоббисттер епті
fatow2012
Мынау Құрманғазы ауданы, Ганюшкин селосы емеспе?
patick
Ганюшкино емес. Жыланды ауылы.
fatow2012
Ганюшкино селосынын жеріғо.
patick
Аудан орталығынан 60 шақырым қашықта орналасқанымызда ескерсек — жоқ, селоның құрамына кірмейміз. Құрманғазы ауданы екені рас енді.
fatow2012
Иа иа солай жеңесіңғой енді.Бірақ барып көрген жерім болғасын паромды білемін.
AKY
Қайықпен катать етшііііі
MickThatsMyNick
Жыланды деген аудан Ақтөбеде де бар, алайда қазір ол ауданды жай ғана Жилянка деп атайды