Қасқабас

Қаракүңгірт бөлме. Биікте орналасқан кішкене терезелері күндіздің өзінде жарық бергені шамалы еді, алакөлеңке уақытта тіптен сығырайып қалыпты. Бірнеше ғасырдан бері көрмегені жоқ емен үстел басында отырған адамның шекесі ғана жылтыңдайды. Жоқ, ол тік отыр, ойнап тұрған батар күннің соңғы сәулесі болса керек. Бірнеше жыл бұрын осы орынтағына жымысқылана келіп келіп жайғасқан кезде қазіргі маңғаздық жоқ еді. Көңілі босап, жылап та алған…
Есік үнсіз ашылды. Рұқсатсыз кіруге болатындарды жүрсінен танитын қасқабас күдіктеніп қалды. Бұл бекерге келмейді.
— Гитлер,- деді келген адам ашуын жасыра алмай,- Гитлер бар ғой…
— Не болды, тіріліп келіпті ме?- Қасқабас түкірігін шаша сөйлеген суыр тектес көмекшісінің аптығын басқысы келіп зірк ете қалды,- Айтсаңшы асықпай, не болыпты?
— Гитлер туралы журнал шығыпты!
— Ал, шығарса не болыпты? Қойдың терісіне басып шығарыпты ма? Жалпы оларға журнал шығаруды үйренгендері үшін орден беру керек шығар!
— Бәрі ештеңе емес қой, шығара берсін,- суыртектестің сөзі бәсеңсіп қалды. Ренжіген сыңайменсөзін жалғады.- Бәрі ештеңе емес, тек соңғы бетіне Сізді Гитлермен теңеп қойыпты…
— Не? Не дейсің? Соттаңдар иттің баласын!
— Ол өзге мемлекеттің адамы ғой…
— Қашаннан бері ол өзге мемлекет? Немене, бір күннің ішінде бәрі адамша сөйлеп кетіпті ме?
Сәтті шыққан әзілге екеуі де рақаттана күлді.
— Бірақ мұны жай қалдыруға болмайды. Амалын өздерің табасыңдар ғой.
Қасқабас «Енді мені ұсақ түйекпен мазаламаңдар дегендей қолын бір сілтеді. Суыртектес дыбыссыз шығып кетті. Қасқабастың іші алай-түлей еді. Бір нүктеге қадалып көп ойланған ол әркім бір сөз болмау үшін иығындағы крестті кетіріп тастау керек деген шешімге келіп, бөлмесінен көңілдене шықты. Себебі алда оны гимнастикадан түнгі жаттығу күтіп тұрған еді…
Бөлісу:

4 пікір

abzalsariyev
жанры қалай? Маған ұнады мынауың Братан!
kozildirik
Саяси памфлет дит білетіндер. Өзім білмеймін)))
Zhan
Бір нүктеге қадалып көп ойланған ол
«Осылай бір нүктеге қарап көп ойланатындар көбейіп кетсе күніміз не болмақ» деп Марсель ме, біреу уайымдайтын сияқты еді қатты
ken
Блогиада бітті ме? Тынышталып қалды ғой.