Шал

Блог - kozildirik: Шал

Тақтайының бір шетін бассаң екінші жағы шиқылдай көтерілетін дәліздің іші алакөлеңке. Қырық жамау мәсісін сүйрете басқан шал шеткі есіктің тұтқа орнына іле салған жібін сенімсіздеу тартты. Өзінің қаншалықты қиналғанын әлемге жар сала бажылдаған есік жартылай ғана ашылды. Бір жөтеліп алған шал сырқатқа көңілді көрінгісі келді ме, еңсесін тіктей кірді. Ескі төсекте ауыр дем алып жатқан адам қаракөлеңке жерде қартамыс көрінгенімен бажайлай қарасаң жас екенін білуге болар еді. Бірақ сырқат самайына ақ кіргізіп, маңдайында жазылмас екі сызық әжім пайда болған.
— Қалайсың балам?
— Шүкір…
Булыға ұзақ жөтелген жігіттің беті алаулап тұр.
— Қызуың көтеріліп тұр ма?
Шал кәртамыс алақанын екі сызықтың үстіне басты.
— Соңғы апта 182 ге дейін барды…
— Доғдырлар не дейді?
— Тұрақталады дейді. Сенімсіздеумін. Бір ай бұрын да солай айтып еді…
Көңіл сұрай келген адамның жазылмаған миссиясы сырқаттың көңілін аулау керек екенін білсе де шал жұбатар ештеңе айтпады. Үнсіздік созыла түсті. Шалдың күрсінді. Әкелген хабарын қалай жеткізерін білмей қипақтап отыр. Оны өзінше түсінген жігіт тістене сөйледі.
— Менің өмір сүргім келеді. Жиырмадан енді астым ғой. Даналардың өсиетін жеткізетін бейнемнен айырды. Алақан жайып қалдым. Қызуым да үнемі көтеріліп, түсіп мазам қашып кетті. Бірақ әлі тірімін ғой?! Уайымдамаңыз, мен әлі-ақ жазылып шығамын…
Көп сөйлеп қойып алқынған жігіт демігіп тоқтады. Шал тіктеле тыңдап отыр екен. Жүзінде "Қарағым, сені менен басқа кім түсінсін" деген аяныш сезімі жазылып тұр. Бірдеңе демекке аузын аша бергенде бажылдақ есік топсасынан жұлынып кетердей оқыс ашылды. Көзілдірік киген қасқабас дәрігер екен. Сөйлей кірді.
— Сіз, аташка ренжімеңіз! Сырқаттың қызуы көтерілгенін өзім таңертең білдім. Ұйықтап жатқанмын. Екі жүзден асып кеткен екен, қазір дұрысталды!
«Мына екеуі мені тыңдап отыр ма?» дегендей көзілдірігін түсіре қараған қасқабас монологын ары жалғап кетті.
— Ақсақал, Сіз уайымдамаңыз! Жаңа ғана узидан келемін. Жақында қызды боласыз! Өкіл әкесі есімін Алтын деп қойыңдар дейді. Теңгеңіз, енді аман болсақ емдеп шығарамыз әлі!
Талай жылдар аңсаған қызы, алтын қызы дүниеге келер уақыт жақын екенін естіген шалдың күңгірт көзі жарқ ете қалды. Бір сөзден палата ішіндегі ауа райы өзгеріп сала бергенін сезген Теңге күбірлеп, тілін кәлимаға келтіріп жатқан еді…
Бөлісу:

4 пікір

Janasil
Блогиаданың Экспресі!!!
Daniar-Alan
Әдемі… ерекше… ай Найманым жарадығ
dark_nazgul
 суолыш, аллегорияңа болайын
Gastarbaiter
Білә, шалдың ана бұрышта қарап тұрған ракурсын ұзақ іздедің бе?