Блогиада #2: Өз денсаулығың - өзгенің амандығы үшін!
Ал, сіз өз денсаулығыңа көңіл бөлу арқылы өзге адамның өмірін сақтап қалуға болатынын білесіз бе? Жо-жоқ, біреуге донор болу екен деп ойлап қалмаңыз. Айтқым келгені мүлдем басқа жағдай. Түсінікті болу үшін толық тоқталайын.
Алматы осымен екі рет (2012, 2013 жылдары) халықаралық деңгейдегі марафон өткізді. Кәдімгі өзіміз теледидардан көріп жүрген, улап-шулап тайлы-тұяғы қалмай топырлап жарысатын — Бостон, Амстердам, Нью-Йорк қалаларындағы секілді жалпыхалықтық марафон!
Мысалы, 2012 жылы 21 мамырда өткен алғашқы жүгіріске 2 500 адам қатысқан. Бұндай шараның бір ерекшелігі сол — кез-келген ниет білдіруші қатысушы бола алады. Ол үшін әр түрлі жас шамасы мен физикалық дайындық деңгейіне орай түрлі дистанциялар қарастырылған.
Әрине, ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосу, түрлі экологиялық мәселелерге ірі кәсіпорын иелерінің назарын аударту, т.б. Бірақ, Алматы Марафонының тағы бір міндеті бар. Ол — қайырымдылық! Пайда қайдан келеді дейсіз ғой? Марафонға қатысамын деген барлық адам ресми сайтқа тіркеліп, кем дегенде 1 500 теңге жарна төлеуі тиіс.
Айта кету керек, қайырымдылық үшін аталған сомадан асыра төлегендер, жарысқа қатысуға ақшасы болмаған талаптылар үшін жарнаны өз қалтасынан шығарғандар де болыпты. Бұны Марафонның басы-қасында жүрген ұйымдастырушылардың өздерінен естідім.
2012 жылы қатысушылардан түскен жарна көлемі 292 505 теңге болған. Қаржы түгелдей балалардың церебралды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан 2 жасар Есбол Мирастың есеп-шотына аударылды. Есбол ата-анасымен бірге Мәскеуге барып, Crotex клиникасында емделуге мүмкіндік алды*.
2013 жылы «Алматы Марафонның» танымалдығы артқанын байқадық: жарыс жолына 6 мыңнан астам қатысушы шыққан, оның ішінде қала әкімі Ахметжан Есімов бастаған бірқатар белгілі тұлғалар да бар. Сондай-ақ, Алматының марафоны Халықаралық Марафондар мен жүгірулер қауымдастығының (AIMS) мүшесі атанды.
Екінші марафоннан 2 752 100 теңге жиналыпты. Қаржы «Арди» оңалту орталығына тапсырылып, церебралды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан балаларға арнап мини-акватория салынды. Акваорталықта бассейн, сауна, душ кабиналары, демалу бөлмелері бар. Жүзу — сал ауруынан емдеуде үлкен маңызға ие екен.
Марафонға қатысқысы келетіндер санының жыл сайын көбеюі — азаматтарымыздың әлеуметтік-қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамайтынын көрсетіп отырған тәрізді. Мысалы, биыл — 2014 жылғы Марафонға 7 мыңдай астам адам қатысады деп күтілуде. Қатысу жарнасынан жиналған қаржы онкологиялық дерт түрлеріне шалдыққан 2 сәбидің операцияларына жұмсалады.
Өз денсаулығына көңіл бөліп, салауатты өмір салтын қолдай отырып, емделуге мұқтаж отандасына қол ұшын созу дегеніміз осы. Спортқа түрлі себептермен көңіл бөле алмай жүрген адамдар үшін Марафонның әкелер осындай пайдасын біліп жүру — оған әрі қарай уақыт тауып, өз денесіне күтім жасай бастауына үлкен мотивация болары анық.
Мысалы, мен биылғы Марафонға қатыса алмасам да, өз атымнан жарна төлеймін. Менің орныма басқа адам қатыса алады немесе сырқат баланың емделуіне жұмсалады. Ал дене тәрбиесіне келсек, үй жанындағы мектеп ауласында жүгіріп, жаттығулар жасап тұрамын.
*2012 жылғы Марафоннан қаржылай қолдау алған Есбол Мирастың анасымен байланыспақ болдым. Мақсатым — Есболдың хал-жағдайын білу еді және қазіргі фотосуреттерін осы постқа саламын деп ойлап едім. Өкінішке орай, олар отбасымен бірге басқа мемлекетке барып, баланы емдетіп жатыр екен. Аптаның басында мессенджермен қойған сұрағыма жұмаға дейін жауап күттім. Өкінішке орай, тұщымды жауап ала алмадым. Мүмкін уақыттары жоқ шығар...
Фотосуреттермен және деректермен бөліскен «Алматы Марафон» дирекциясына алғыс білдіремін.
4 пікір