Қызғаншақтық - дерт

Блог - Kelinshek: Қызғаншақтық - дерт
«Сенің анау қызға көзің түсіп отыр, ол қызға деген ықыласың өзгеше екенін байқамай қалды дейсің бе? Сен соны жақсы көресің, қаласаң соған бар» деген сыңайдағы жанжалды әңгімені естігенде жүйкеңіз жұқарып, төзіміңіз таусылып сала береді. Еркектер жағы өз кезегінде осы сыңайда ұрыс бастап, қызғаншақтықтың бір тарамын олар да ағытады. Бұл кез келген адамға таныс хикая. Біреуі басынан кешеді, біреуі жақынынан естиді, біреуі досынан, біреуі досының досынан деген сияқты.
Қыз бен жігіттің немесе ерлі-байлы адамдардың орынды-орынсыз бірін-бірі қызғануы жиі кездесетін құбылыс. Алайда, сол қызғаныштың соңы үлкен дау-дамайға, ұрыс-керіске әкеп соғады. Мұны екі жақ та біле тұра, қызғаншақтық ауруын іске қосып жібереді. Осылайша, қызыл кеңірдек болып айтысып, қырық пышақ болып қырқысып жатамыз. Бұл шаңырақтың шайқалуына себеп болатын жағдайлардың бірі. Сондықтан, қызғаншақтық қайдан, қалай туындайтынын қарастырып көрейік.
Біріншіден, бір-бірін сүйетін жандар арасындағы сенімнің болмауынан. Кейбір ер адам немесе әйелдер ерінің яки әйелінің біреуге қарап, көз салып қойғанын байқаса, бірден өзінен сырт айналатындай қауіпті ойлап, өзін төмен санап қалатынын айтады. Содан, жанжал туындайды екен.
Екіншіден, қызғанушы екі жақтың да ішкі мәдениетінің төмендігі мен адами қасиеттерінің беріксіздігінен туындауы ықтимал. Яғни, адамның қызғанышқа бой алдырарда белгілі бір шекті сақтамауы мен сол күйін адамдық өлшемдерге салмауынан туйындап жатады. Мысалы, еркек адамның көшеде әдемі қыз көрсе оған назар аударуы олар үшін рефлекс. Еркек келіншегін тастап, сол қызбен бірге қол ұстасып кетіп қалмасы анық. Сондықтан, қыздар жағы, қызғанбас бұрын осындай мәселені ойланып алған дұрыс. Бұл тиісінше, еркектерге де қатысты. Егер келіншегіңіз бір жігітті мақтаса, онда соны жақсы көреді яки онымен бірге кетіп қалады деген сөз емес. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді дала даналығы.
Үшіншіден, қызғаншақтық жабысып алатын ауру сияқты. Өйткені, қызғанбайын десе де, ішінен бір қара мысығы тырмайлап тұратын адамдар болады. Бұл бүгінде ғылыми түрде дәлелденіп жатыр. Қызғаншақтық – психологиялық ауытқу. Ерлі-зайыптылар арасындағы сенімсіздіктің пайда болу табиғатын анықтаған Италияның Пиза университетінің ғалымдары осындай қорытынды жасап отыр. Ғалымдар шизофрениямен, маскүнемдікпен және Паркинсон ауруымен ауыратын пациенттердің миындағы қызғаншақтыққа жауапты бөлікті зерттеген. Өйткені, бұл аурулардың басты ортақ белгісі – қызғаншақтық. Зерттеу нәтижесінде, ерін немесе зайыбын өзгелерден орынды-орынсыз қызғану әдеті, негізінен, бала кезінде кемсіту мен қорлықты сезінген секемшіл және ұялшақ адамдарға тән екені анықталды. Сол себепті ғалымдар қызғаншақтықты патологиялық аурулар қатарына жатқызып, оны ерте кезеңінен бастап емдеуді ұсынады. Сарапшылар қызғаншақтықтың бес түрін ажыратып отыр: депрессивті, параноиидтік, маниакалдық, ажырасудан қорқу және гипертофияланған қызғаншақтық.
Сіздерді осындай дерттен Құдай сақтасын, әрине. Алайда, "әрекетке берекет" деген де бар ғой. Сондықтан абай болайық! Қызғанбауға тырысайық!
Бөлісу:

3 пікір

ken
Ал егер күйеуі шынымен де басқаларға көз тастап қана қоймай, басқаға барып та жүрген болса, онысын әйелі біліп жүргендіктен ерін қызғанғаны дұрыс па, дұрыс емес па?
Kelinshek
ондай жағдайда қызғану қалыпты құбылыс қой. Ондай жағдайға жетпеген дұрыс.
MamaAya
))) Мен анау айтқан сенбеймін де, бірақ қызғанбаймын. Мүмкін оның өзінің қатты ақтала беруінен немесе қызғануға повод бермегенінен де шығар?! Алайда, мүмін қаз оның қасында біреу бар шығар, мүмкін олар...? деп ойласам, екінші жағынан: Ну и что?-деген сұрақ туады. жүрегім де қалыпты жағдайдағыдай бүлк етпейді. Бұл ешқандай потологияға жатпайды ма екен? Айтпақшы, жақсы көрмейсіз деген қабылданбайды, өйткені мен оны өөөөте жақсы көрем!