Кеткен қыздың мұраты...

Қыз мұраты — кету екені белгілі. Ал кеткен қыздың мұраты — барған жерге сыю. Барған жерге сыю үшін, меніңше, кез келген келін қазақтың салт-дәстүрін орындап, таңертең ерте тұрып ата-енеге шай беріп, қысқасы, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығуға міндеттеліп жатады. Келіннің өзі оның барлығын мойнына артып алады. Әрине, бара салған жерде мойныңа ешкім сенің міндеттерің осы деп тәптіштеп жатпайды ғой. Бірақ оны өзі біліп орындап жүру де естіліктің, тәрбиеліліктің белгісі. Алайда, айтайын дегенім бұл емес. Айтайын дегенім, тұрмысқа шыққан әйел бақытты болу үшін сол шаңырақты айрандай ұйытып отыруға тырысады. Ол талпыныс әркімдерде әртүрлі көрініс береді. Мысалы, біреулер күйеуімнің жайын күйттеп, қамын қамдасам, соның көңілін тапсам болғаны ғой деп күйеуіне ғана қамқорлық жасайды да отбасының басқа мүшелеріне сондай көңілмен қарамайды. Біреулер сен тимесең, мен тименнің керін келтіріп жүре береді. Олардың түсінігі, қайын жұрттың қайсібірінің көңілін табуға тырысамын, мен оларға, олар маған тиіспей жүре берсек, жер жаһанда тыныштық орнамай ма, ұрыс-соғыс болмайды ғой деген сыңайда. Ал біреулер қайын жұртымен шынайы туысқанындай, туғанындай араласады. Ол келін үшін күйеуінің туған туыстары оның да ет жақындары болып саналады. Ең маңыздысы, тұрмысқа шыққан соң сол үйге шынайы еніп кету, өз үйің сияқты сезініп кету керек. Ең дұрысы, келін сол шаңырақтың қызы болып жүре алса мұратына жеткені. Өзім осы соңғы нұсқаны ұстанамын. Менің келін болып түскеніме көп болған жоқ. Бірақ, ата-енем мен қайынымды, қайын ағамды туғанымдай көремін. Олармен керек жерінде қалжыңдаса аламын, еркелей де аламын, тіпті туғаныңмен ұрсысқандай ұрсыса да аламын. Әрине, шектен шықпаймыз. Сыртта жұмыстарым болғанда кішкентайымды атасына қалдырып кетемін. Атасын, әрине алдаймын. «Папа, папа, сіз менің сүйікті папамсыз ғой, иә?» деген кезде қайын атам еріксіз күліп, "әй, жынды қыз-ай" деп маңдайымнан иіскеп қояды. Қайын атам: «Осы келінге дауа жоқ, өзіңді жынды қылады ғой » деп жүреді. Ал, қайныммен үнемі қалжыңдасып отырамын. Оған қатты тиісемін, қатты еркелеймін, «Сен тормозсың» десем, ол маған «Сен — газсың. Қатты басып жіберсең, шыңғырасың» дейді. Сөз тапқанын айтсайш, жүгермектің.
Кей кейде бәәәәәріне жыным ұстап кетеді, сол кезде жақсылап жылап аламын. Болды, сосын бір жеңілдеп қаламын да, ары қарай өмірім жалғаса береді. Сондықтан, бұл шимайды оқып отырған келіншектер болса, еш мұңаймаңыз, ертең атар таң бар. Кешке батар күн бар! Өмір жалғаса береді, тек біз морт сынып, мүлт баспасақ болғаны.
Бөлісу:

1 пікір

MamaAya
біртүрлііі ғой атаңды алдау деген)))) қайныңмен де ойының түрпідей екен!!! Жалпы өзің бақытты боп, өзіңнің көңіліңнен шықсаң бопты дә.