Құрт

Ертеректе жазғы каникул кезінде шөп шабу науқанына қатысып келген сыныптас достарымыздың әңгімелері бәрімізді (айтып отырғандардың өздерін де) әрдайым таң қалдырса да еш күмәнсіз сендіре білетін. Бұл хикаялардың барлығы бір адамның ауызынан шыққандықтан әрдайым бірдей басталатын. «Бәленбайыншы жыл болатын. Нүкен деректр, Найыл енженер, Сәкеңнің екі жағына төрт төрттен сегіз жарты арақ сиятын қара қожыны бар. Біздің үйден бәріміз қара қуырдаққа бөгіп алып жолға шықтық.» Әрі қарай жұрттың көңіл күйіне қарай сюжет өз бетімен дами беретін. Бірақ ол ертеректе. Біздің айтпақ хикаямыз бертін мен артынның шекарасында болып біткен еді.

Совхоздың деректірі, зоотехнигі, мал дәрігері, экономисі һәм парткомы қыстақтарды аралап, сақманға дайындықты тексеріп саралап жүріпті. Комиссия кешкілік бір шопанның қыстауына келіп тоқтап, қонуға ниет білдірсе керек.

Үй иесі бір тұяғын шалып жіберіп, қадірлі меймандарды күте бастапты. Ет піскенше шай беріліп, дөңгелек үстел сары май, таба нан, кілегей, ақ және сары ірімшік, балқаймақ, брензі, сыр, және құрт атаулының түр түрімен тотырылыпты. Күні бойы атсоқты болған қадірлі меймандар ерекше сәтті шыққан ежегей құртты мақтай отырып опырып жіберіпті.

Құрт салынған табақ тақырлана бергенде, үй иесі бәйбішесіне жеңсік асты еселеу қажеттігін жетізіпті. Қазандағы еттің көбігін алып жатқан бәйбіше, ерсектеу қызын кілетке барып, құрт алып келуге жұмсапты.

Екі минуттан кейін қызы қайтып келіп,«Апа, гамаждағыны әкелейін бе, шөлкидегіні әкелейін бе» деп сұраған екен.

Оны естіген атқамінерлер әр түрлі аллергияға шалдыққан көрінеді. Бірақ кейбіреулері әлі шауып жүр.
Бөлісу:

2 пікір

KONILDI
Құрттан бөлек…
Бірде бір кісі көрші ауылдың әкіміне барыпты-мыс. Жұмысқа тұруға. Әлгі әкім еңбек кітапшасына қарап отырып, (көп жерде қызмет істеген болса керек) — Айналайын-ау тышпаған төбең қалмапты ғой — деген екен. Сонда әлгі қу еш саспастан — Сізді де бір төбе деп келдік қой — деген екен
Qnh
)))) Қатырған екен ))))