Бақ шапқан сәт

Doing a Bradbury. Тек қана Австралияға тән осындай тұрақты сөз тіркесі бар. Мағынасы «еш күш салмай табысқа жету» дегенді білдіреді. Тіркестің пайда болуына спорт тарихындағы аса бір таңғажайып оқиға себеп болды.
Блог - Marco: Бақ шапқан сәт Танысып қойыңыз: Стивен Джон Брэдбери. Австралиялық шорт-трекші, 2002 жылғы Солт Лейк Сити олимпиадасының чемпионы. Жалпы, қысқы олимпиадалар тарихында оңтүстік жарты шардан шыққан тұңғыш чемпион.

Оның жұлдызды сәтін айтпай тұрып, спорттық карьерасының қалай өрбігеніне тоқтала кеткен жөн. 17 жасында құрама командаға алынған Стивен, 1991 жылы командасымен бірге әлем чемпионы, 1994 жылғы олимпиадада қола жүлдегер болды, Нагано олимпиадасында (1998 ж.) жекелей есепте сегізінші орынды қанағат тұтты. 2002-жылға дейін екі рет қауіпті жарақат алды. Біріншісінде, жамбасына қарсыласының конькиі тиіп, 111 тігіс салуға тура келсе, 2000 жылы жаттығу кезінде құлап мойнын сындырып алады. Бұдан кейін оның спортқа оралуы да неғайбіл еді.

2002 жыл. АҚШ. Бұл кезде Брэдбериді ешкім фавориттер қатарына қосқан да жоқ. Оған жарақатынан енді айыққан ардагер деп қана қарады. Брэдберидің өзі де медальдан үміттенбегені анық. Ол кезде Аполло Оно, Ан Хун Сен секілді қасқырлар бабында болатын.

Ғажайып ширек финалда басталды. Өз тобында Стивен үшінші болып келеді. Ал, келесі айналымға тек екі спортшы өтуі тиіс. Бірақ, екінші орын алған канадалық спортшы, қарсыласын қолымен итергені үшін жарыстан шеттетіліп, біздің жігіт жартылай финалға өтіп кетеді.

Жартылай финалда Брэдбери төрттіктің ең соңында қалып қояды. Бірақ, алдағы екеуі бір-біріне соғып құлап, естерін жиям дегенше, Стивен мәре сызығын екінші болып кесіп үлгереді. Сонымен – финал.

Енді, финалда түк мүмкіндік жоқ екені анық. Тіпті, Брэдбери Ононың бірінші келетініне күмәнданбайды да. Өйткені, «Чемпион болғасын менің жасайтын конькилерімді мақтап бір ауыз сөз айтшы», — деп қола салыпты. Сонымен финалға шыққан бесеу жарысты бастап кетеді. Соңғы бұрылыстың алдында Брэдбери ең соңғы келе жатқан. Бір кезде алдындағы төртеу жалп-жалп құлап түседі. Оно атып тұрып барынша аяғын созғанмен Брэдбери мәре сызығын бірінші кесіп үлгереді.

Маған сенбей отырсаңыз, міне видео


Бұл оқиғадан соң Брэдберидің атағы әлемге тарады. Елінде оның құрметіне пошта маркасы шықты, Австралия орденімен марапатталды. Бір сөзбен бағы жанды жігіттің.

Кейін ол конькиді қойып автожарыспен айналысады. Бағы шығар, Квинсленд чемпионатында екі рет жүлделі орынға ілігіпті.

Мұның бәрі неге еске түсті. Бүгін шорт-трек қой. Жігіттеріміз финалда. Бізге де бір бақ бұйырып қалар.
Бөлісу:

7 пікір

Adiletshu
Артта жалғыз жүргеннің бір пайдасы ешкім қағып кетпейді
neoaskar
Құдай тағала бұйыртамын десе, солай болады да…
Ispek92
Нағыз бақ шауыпты, анадағы немістің шаңғы жарысында құлап, Финдердің алтын алғаны секілді екен. Шорт трекшілерімізге сәттілік
asaubota
өткен жартылайфиналдың видеосы мынау. АҚШ пен Кореяның құлау сәті 07:58-де

Соңғы түзету:
MickThatsMyNick
Кәзіхстән деген ағылшынша әдемі естіледі екен, оның үстіне -стан деген суффикс парсы тілінен екен ғо.)
torgai
Құлап қалып жеңілгендердің өкініші өмір бойы ұмытылмайтын шығар. Мына жігіттен жеңілгендер осы видеоны көргісі келмейтін болар. Бармақтай бақ дейтін қазақпыз ғой. Талабымызға бақтары серік болсын.
bazuka
Құлап құдай қарасты ғой, жігіттерге бақ жетіспеді ау дим))) бап жөнінен айта алмаймын ештеме олардың спорттық өмірінен хабарым жоқ)