Мен көрген Сочи немесе СпОртЧИ
06-15 ақпан күндері Сочидегі Қысқы Олимпиада ойындарына барып келдім. Спорт және туризм агенттігі өткен жылдың желтоқсан айында «Сізді блогер ретінде шақырғымыз келеді. Жолыңыз, жататын жеріңіз тегін. Ойындарға тегін билеттер береміз» деген кезде қуаныштан жарылып кетсем де білдірмедім әрине Агенттікке, ұйымдастырушыларға үлкен рахмет мұндай сыйлықтары үшін. Бүгін бір блогер барса, келесіде бұл сан өседі деген ойдамын. Өйткені ақпаратты тез және кең жаюшы күш блогерлер екенін қазір барлығы түсініп отыр.
Сонымен Сочи сапарым алдымен Алматыдан басталды. Турды ұйымдастырушы фирма инструктаж жасағаннан кейін, барлық жолаушыларға Қазақстан шарфы, баскиімі, күртешесі мен сөмкесін сыйлады. Сондай-ақ Сочи картасы, ойындар кестесі, Қазақстандық спортшылар туралы да барлық ақпарат бар екен сөмкелерімізде.
Кемеде
Қазақстандық делегация Сочи теңіз портында жиналған 10 шақты кеменің бірі Norwegian jade атты 5 жұлдызды лайнерде орналастырылды. Круиздерге арналған бұл кеме Сочиге арнайы шақырылған, қонақ үй қызметін атқаруы үшін. Кеме 14 палубалы (қабатты), 9 кафе-ресторан-бары бар. Таңғы ас тегін, түскі ас және кешкі ас 10-25 доллар шамасында. (сыралары 5,25 — 5,69 доллар ) Кемеде дискотека, казино, сауна, спа салоны, джакузи, бассейн, интернет кафе бар. Кеме ішіндегі wifi-дың минуты 0,99 доллар. Сондықтан мен жергілікті Мегафон операторының тиімді тарифын алып алдым барған күні. Кеме персоналы түгелімен шетелдіктер, тек қана ағылшын тілінде сөйлеседі. Көбі Перу, Колумбия сияқты Латын америкасы елдерінен және Азияның Филиппин, Мьянма, Непал сияқты еңбек күші арзан елдерден. Еуропадан румындар көп және латвиялықтарды ғана байқадым.
Мынандай түскі ас небәрі 10 доллар.
Сыраға түрлі тіскебасарлар әкеледі, тегін.
Теңізге қарап отырып темекімен кофе ішуге болады
Қала
Сочи бұрыннан туристік аймақ болғандықтан өте үлкен қала. Бағалары жоғары, қымбат. Бұрын жазғы туризм орталығы болса, енді бұған қысқы туризм да қосылған. Олимпиада үшін Ресей бюджетінен 50 млрд доллар бөлінген. Қалада орыстар саны өте аз. Жергілікті тұрғындардың көбі армяндар. Ресторан-кафе бизнесі түгелдей солардың қолында деуге болады. Кешкі ас бір адамға шамамен 3000 теңге шамасында шығады, ал кавказ шашлығы 6000 теңге. 1 бөлмелі пәтер жалдау айына 1000 доллар. Олимпиада кезінде бір бөлме жалдау 2000 рубль (10 мың теңге).
Мына алматылық орыс атайды қалың нөпір турист ішінен бірден байқадым. Үстінде шапан, басында қалпақ, артында Қазақстан туы, мойнында 2 Қазақстан шарфы. «Осылай елімізді көрсетпесек не үшін келдік?» дейді ол.
Қостанайлық мемқызметкер Қайрат 40 жаста. Олимпиадаға келу үшін бір жыл бойы ақша жинапты, кетер алдында 300 мың кредит және алған. Нағыз спорт фанаты. Ұшаққа да өмірінде алғаш рет отырыпты. Бір армян әйелдің бір бөлмесін жалдап тұрды, билеттерді сатып алып жүр екен. Біздің делегацияға бөлінген артық билеттерден әкеліп беріп жүрдім. Бірнеше жарысты бірге қарадық.
Жол
Олимпиада жарыстары 2 жерде өтті. Біріншісі Красная поляна таулы аймағында шаңғы, фристайл, биатлон, тау шаңғысы, трамплин, сноуборд жарыстары өтті. Ең алыс аймақ. Сочи вокзалынан 1,5 сағат. Одан кейін тау басына дейін арқан жолмен шығасың, сосын 15-30 минут жаяу жүріс.
Олимпиада қалашығы вокзалдан 40 минут. Бұл жерде жабық ареналардағы жарыстар өтті. Шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей, керлинг сияқты жарыстар осындағы спорт кешендерінде өтті.
Электр пойыздары тегін және әр делегацияның өз автобустары да болды. Жарыстарға тегін апарып, алып келеді.
Пойыздары ыңғайлы. Вагондарда бірнеше телефон қуаттау нүктелері де бар. Жүру жиілігі 5-10 минут.
Қауіпсіздік
Олимпиаданың басты шараларының бірі әлбетте қауіпсіздік. 40 мың полиция қызметкері жұмыс істеуде Сочиде. Жұртты шошытпас үшін олар униформа емес, күлгін түсті спорт киімдерін киген. Негізгі кіру нүктелерінде барлық туристер толық тексеруден өтеді. Қалтадағы барлық металл заттар шығарылады, сөмкелер арнайы рентгеннен өтеді. Мұндай процедураға ренжіп жатқан ешкімді байқамадым. Барлығы өз қауіпсіздігіміз үшін.
Ақ Олимпиада
Ашылу салтанатына билет болмағандықтан жігіттермен кафеден қарадық. Одан кейін биатлон, трамплиннен секіру, фристайл, хоккей, шорт-трек жарыстарына бардым. Билеттер қымбат. 1500 рубльден 6500 рубльге дейінгі бағаларда болды маған берілген билеттер. Жарыстарды өткізу, ұйымдастыру деңгейі өте жоғары деңгейде. Олимпиада Ресейде өтетін болғандықтан басында скептикалық ойларда болғаным рас. Бірақ барып, өз көзіммен көрген кезде басқаша ойда болдым. Спорт кешендері шынымен өте тамаша. Жанкүйерлердің ыңғайлылығы үшін барлық нәрсе жасалған. Әр ойынды дикторлар тамаша жүргізіп отырады. Ойын ережелерін түсіндіреді, спортшыларды жеке таныстырып отырады және көрерменмен диалогтары да керемет. Диджейлер әр елдің музыкасын қосып отырды трамплиннен секіру жарысында. Қызығы да қызғана да қарайсың ұйымдастыру істеріне. Мыңдаған волонтерлер кез келген жерде алдыңнан шығады, жөн сілтеуші, түсіндіруші солар. Арасында қазақстандықтар да бар. Келіп сәлем беріп кетеді. Жалпы Олимпиада барысында «Ооо, Қазақстан!» деп қасымызға келушілер көп болды. Көбісі бұрынғы отандастарымыз.
Трамплиннен Ұлттық Құрамамыздың массажист-дәрігері Алтынай апай трамплин туралы көп нәрсені түсіндіріп берді.
Қара Олимпиада
Әлбетте мұндай ірі іс-шара өтетін жерде, адам көп жиналған жерде қара бизнес те дамиды. Ресейдің түрлі аймақтарынан келген жезөкшелер де көп. Бір сағаттық қызметақылары 8-10 мың рубль.
Олимпиаданың ресми сувенирлері қымбат болғандықтан арзан варианттары да бар болар деп іздеп көрдім. Қаланың орталығы емес, ішкі көшелеріне кірсең бәрі табылады. Олимпиаданың ресми логотипі басылмаған сувенирлер көп және ресми логотипті қолданып сувенир жасағандар да бар. Мұндай «тауарлар» арзан бағамен ешкімге көрсетпей беріледі.
СпОртЧИ
Жалпы Сочиді Спортчи деп те атауға болады. Жанкүйерлерді спортпен де айналыстырады өйткені. жоғарыда айтқанымдай жаяу жүріс көп және таулы аймақ болғандықтан кейде бірнеше баспалдақпен көтерілуге де тура келеді. Мысалы Фристайл жарысынан кейін арқанды жолға жету үшін шамамен 20 қабат үйдің биіктігіндей жерге баспалдақпен шықтық. Бұл жолды қаламағандар таудан вокзалға дейін 15-20 минут автобуспен барады. Сондай-ақ Сочиде темекіні тек рұқсат етілген жердерде ғана тарту мүмкін. «Сочи — темекісіз қала» деген ұрандары бар.
Сочиден жасаған фоторепортаждарым:
Биатлон жарысынан көріністер
Сноуборд пен фристайлдан жарыстар өтуде
Сочидің басты медиаорталығы
Сочидегі Қазақ Үйі
Сочидегі хоккей матчтары
“Айсберг” спорт кешенінде шорт-трек жарыстары өтуде
Оңтүстік Кореялықтар Пхенчхан-2018 Олимпиадасына шақыруда
Жақсылық Үшкемпіровпен сұхбат
Сочидегі Олимпия Паркі
Фотолар:
студент кезімнен қызығамын. түріктер көп жасайды заголовоктарында.