Анашыма виртуалды әлем сыйладым

Осы жаз ауылдан қайтар түні анашым электронды поштаға хат жолдауды үйретуімді өтініп еді. Жұмысына қажет екен. Броузерде жұмыс істеуді, интернеттен ақпарат іздеу, және агенттпен сөйлесуді көрсеткем.

Астанаға келдім. Бір күні жұмыста отырсам агентіме “Ерлан кал калай?” деген хат келеді. Қарасам анашым екен, қуанышымда шек болмады. Бұрын қанша рет “үйреніңізші” деп, агентке жақындата алмап едім. Дәл осылай боларын кім білген? Өте тосын сый болды.

Қазір 2 айдай болды, интернетті ақырын бағындырудамыз. Жиі жазады, бір-бірімізге сілтемелер жолдаймыз. Сөйлесеміз Әріп теру жылдамдығы әлі аздау. Бұрын “тышқанның оң жағын бас, сол жағын бас” деп отыратын едім, қазір “Яндекс жақсы ма, әлде Гугл жақсы ма” деген тақырыптарға жеттік.

Анама қарасам, өзімнің алғаш 9-сыныпта интернетпен танысқаным есіме түседі. Ол кезде білетінім Rambler, ok.kz және бір орыс чаты. Әлеуметтік желілер қазіргідей дамымаған болса да күнұзақ жыпылықтаған мониторға байланатын едім. Бір жаңа әлемді ашқандай сезімде болдым.

Ауылда не қызық?! Газет оқиды. Теледидардан жаңалық қарайды. Болды. Қаншамасы әлемде не болып жатқанынан хабарсыз, біреудің айтқан өсегін шын көреді. Қазір 21 ғасыр десек те мұндай жағдай бар.

Анам маған осы әлемді сыйласа, мен оған виртуалды әлем сыйладым) Ендігі кезек әкемде. Кейде ФБ-да әкем қатарлы кісілер пікір жазып жатқанда, “менің де әкем осыларға қосылса ғой” деп ойлап кетемін. Ол кісі жоғары білімді, көзі ашық кісі. Бұрын әр түрлі тақырыпта көп сөйлесетін едік. Қазір не істеп, не ойлап жүргенін білмеймін. Достары келсе бір марқайып қалар, былай күндері не нәрсеге алаңдайды екен? Жас ұлғайған сайын кісілер жалғызсырай бастайтын секілді. Оған қоса, қатарың бір-бірден өмірден озып жатса, қандай ойда боласың?

Алдын телефонмен сөйлескенде ФБ жайлы түсіндіріп, қызықтырып қойғам. Анашым компьютерде жұмыс істеп отырса әкем қызығып жанында отырады, “мықтысың, молодец” деп мақтап қояды екен) Бір амалын тауып, тезірек үйрету керек енді. Осы турада сіз қандай ақыл қоса аласыз? Өз ойым, демалыс күндері 1 күнге арнайы үйрету үшін ұшып барып келем шығар. Отпуск күтетін уақыт жоқ. Видео жазып жіберсем ба деген ойлар болған. Бірақ, оның пайдасы бола қоймас. Ең дұрысы, көзінше көрсеткен дұрыс секілді. Кейін ақырын көз үйрете берер.

Үлкен кісілерді интернетке үйрету керек.
  1. Интернет жаңа танысқан кімнің болса да өміріне өзгерістер әкелетіні сөзсіз
  2. Виртуалды достар тауып, кісілермен сөйлесуі аясы кеңеді. Үлкен кісілерде, әсіресе, ер кісілерде бұл үлкен проблемалардың бірі деп ойлаймын.
  3. Алыс-жақын таныс-туыс, бауырларының, балаларының өмірінен хабардар болып отырады. Ескі достарын табады.
  4. Өз баласының көзқарастарын бақылауға әлеуметтік желілер өз септігін тигізеді.
  5. Және т.б. білсеңіз пікірде жазарсыз.
Дереккөз: erekeenu.wordpress.com/
Бөлісу:

1 пікір

AknietTanirbergenkyzy
Албетте, созініздін де, туйген ой пікірініздін де жаны бар!!! Сіз ушін куаныштымын! Лайым аркез осылай тек жаксы жаналыктармен ой болісіп турасыз деген сенімдемін!!! Саттілік!!!