«Әзірет Сұлтан» мешітінде заманауи стандарттарға сай студия ашылды
Елімізде қалыптасқан діни ахуалды жақсартудың бірден бір жолы – діни үгіт-насихат екені көптен айтылып келген. Ал, қазір халыққа көзбен көріп, құлақпен еститін аудио және видео өнімдердің тиімді екенін ескерсек, жалпақ жұрттың діни сауатын көтеруге қызмет ететін заманауи студия ашу күн тәртібіндегі өзекті мәселе болатын.
Енді міне, көптен күткен аудио және теле студия Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде жабдықталып, ашылып отыр. Студияның құрылғылары мен бөлшектері берісі Ресей, әрісі Америка Құрама штаттарынан арнайы тапсырыспен алдырылды.
Халықты асыл дінімізге даналықпен, терең біліммен шақыруға бастама болсын деген ниетпен бұл студияға «Хикмет» деген ат қойылды. Бұл студияда әзірленген үн таспалар мен бейнеөнімдер бүкіл Қазақстан халқының дұрыс діни сауатын ашуға мол үлес қосылады деп күтілуде. «Хикметте» әзірленген діни бағдарламалар бірінші кезекте мемлекеттік телеарналарда және арнайы ашылып жатқан «HIKMET.TV» интернет порталында көрсетіледі деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, «Хикмет» студиясының өнімдерін мол таралыммен көбейтуге арналған ең соңғы үлгіде жасалынған арнайы диск көбейткіш дубликатор алынып іске қосылды.
Бүгінгі таңда осы дубликаторда көбейтілген аудио және видео өнімдерді мешіт жамағатына, студенттерге және еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарға тарату ісі басталып кетті. Іске сәт! Алла жаңа ашылған студия жұмысына береке берсін!
2 пікір