Әткеншек тепкен қуыршақ

Блог - bake: Әткеншек тепкен қуыршақ
Күні бойы тік тұрып істеген жұмыстан көрі автобус ішіндегі жарты сағаттық әрі-бері тербелістен шаршадым. Отыруға орын тимеді, тыныш тұрғызбады. Әрі –бері өткендер аяғымды басып, денеме соқтығысты. Оң иығыма асылған портфельдің бауы сырғып түсе берді. Портфель ішінде бір бума қағаз. Әйтеуір, оң қолымның ыңғайы келіп, турникке жетті. Содан ұстанып тұрмын. Ығы-жығы теңселген мына кішігірім дүниеде орнымды жаңа тапқандай сезіндім.
Жолаушылардың көптігінен автобус іші ыси түсті. Қашып, шығып кеткің келеді. Дегенмен, тынысымды кеңейтіп, мына мазасыз жерден құтылуыма бір –ақ аялдама қалды.
Автобустың есігіне қарай бет алдым. Ығы-жығы болған жолаушылардың аяқ киіміне сүріне-сүйретіліп, автобус есігіне әрең жеттім.
Автобус тоқтады, есігі ашылды.
Күзгі кештің салқын ауасы бірден өзінің барын еске салды — тоңазытып жіберді. Автобус ішінде ауа жетпей, тынысым тарылып, ыстықтаған соң, алқымымды ашып тастағанмын. Күртемнің сыдырма ілмегін жоғары қарай жылжыта, кеудемді қымтап, тамағыма дейін жаптым.
Үйге жақындап қалдым. Ұнатсаң да, ұнатпасаң да мына сұр түсті бес қабатты үйлерден жасалған бетон қораптың ішіне ену керек. Сол қораптың диагоналі бойынша жүріп, яғни, үйдің ауласын қиып өтіп, бұрыштағы үйдің кіріс-шығыс берісіне жетіп, үйге еніп, үш саты арасынан жоғары көтерілген соң, пәтердің есігіне жетемін.
Сәл шыда. Ваннадағы жылу су, душ сені күтіп тұр. Қырық жастан асқан шақтағы бойдақ өмірдің бір артықшылығы: пәтерді ешкіммен бөліспейсің. Қажет десең, ваннаға аяқ -киіміңді, сырт киіміңді шешпей-ақ түс. Осылайша өзіңді ақтап, аяғаннан басқа не қадыр қалды? Философсың, тыңдарманды жақын сыраханадан оп-оңай табасың.
Ауланы қиып өте бергенімде, бірден көзіме ақ көйлекті сәукелесі бар қуыршақ көзге түсті. Жалғыз өзі темір шыбықтардан жасалған әткеншек орындығында тұр. Әткеншек орындығының арқалығы оған үлкен балкон секілді. Қуыршақ содан төмен қарап тұрғандай.
— Иең сенімен ойнап жүріп ұмытып кеткен ғой, — деп, қасына жақындай өте бергенде, оның неліктен жалғыз қалғанының себебін білдім. Қуыршақтың оң қолы жоқ. Сынған ойыншық -қадірі кеткен ойыншық.
Жан – жағыма қарадым. Көзіме тек бір –бірімен сөйлесіп отырған екі кемпір көзге түсті. Не себептен екені белгісіз, жансыз қуыршақты аяп кеттім де, қуыршақты қолыма алып жүре бердім. Бар ойым «иесі табыла кетпесе болғаны, ұрлықшы атанғым келмейді» деп аяғымды жылдам баса бастадым.
Пәтердің үлкен бөлмесіндегі екі креслоның ортасында тұрған кішігірім журнал, газет қоюға арналған үстелден қуыршаққа орын табылды. Үстелдің дәл ортасына тұрғызып қойдым, қуыршақ бетін алдындағы қабырғадағы теледидарға қараттым.
Сырт киімімді ауыстыра сала, ас үйге бет алдым. Қарыным аш. Түсте ас болған бәліш, бір кесе шай бойға берген қуаты кеткелі қай заман. Кешеден қалған көжені тауысқанға асықпын.
Кешкі астан кейін басқан ұйқы жеңіп барады. Төсек –орынды салып, жатып қалдым. Таңертең үстелдің үстіндегі қуыршақты көріп «жағдайын» түзеу қажет деген шешімге келдім. Бүгін жұмыстан қайтар жолда ойыншықтар дүкеніне соғамын, ұмытпауға тиіспін.
Күн лезде өте шықты. Жұмыстан қайтып барамын. Тағы да автобусқа отырамын. Оның іші ығы –жығы болып, жолаушыларға толады. Аптаның тек жексенбісінде үзілетін күнделікті әрекет.
-Ә, -ұмыт қалып барады. Ойыма түскені жақсы болды. Ойыншықтар дүкеніне жақын келіп қалыппын. Ішіне кірдім де, сатушы қызға:
— Бойы үш-төрт қарыс қуыршақтарды көрсетіңізші.
— Неше жастағы қыз балаға арналған қуыршақ қажет?
— Қалай айтсам? Ешкімге сатып әпермеймін. Өзіме керек болып тұр.
"Қазіргі ерлердің (еркектердің) сұранысы бір түрлі",- деп сатушы қыз ішінен ойлады да, ойын сыртқа шығармастан әрі қарай жалғастырды «сұранысында шаруам қанша, бастысы бизнесімнің жүргені, табыс тапқан қазір маңыздырақ», -деп және осы ойға дер кезінде келіп, табыс табудың сәтін жібермегенін ескере барынша жайбарақат күймен:
— Сізге ұнайтынын қайдан білейін, — деп әрі қарай ойын дауыстамай –«маньяк мырзасын» қосып қойды. Қазір табыс тапқан маңызды, әйтпегенде мына еркекті полицияға тапсырып жіберсе! Өзінің түрі кинода көрсететін маньяктарға ұқсас. Ух, маньясын қайтейін, бір қуыршақ сатылып өтіп кетсе екен. Қымбатын сатып алса жақсы болады. Барынша сатып алушыға сатушы таныта алатын жылы қабақпен:
— Қуыршақтың бары сөрелерде тұр, таңдап алыңыз, -деді. Қолын қымбат қуыршақтар жинастырылған сөреге қарай жайғанын ұмытпады.
Сатушы қыздың маған қатысты айтылмай қалған жағымсыз ойын сезіп тұрмын. Қаншама сыпайы болып көрінгісі келгенмен, көз қырымен әр қимылымды бақылап тұрғаны білінді. Сатушы қыздың көзқарасынан ұялып кеттім де, ештеңе айтпастан теріс бұрылып, дүкеннен шығып кеттім.
Енді ең бастысы. Неліктен қуыршақ дүкеніне барғанымды түсіндірейін. Пішімі үйде қалған қуыршаққа ұқсас қуыршақты бөлшектегенге сатып алып, сынған қуыршаққа салып жөндемекшімін. Менің асығыс шешім де емес, ойланып, өмірді саралаудан қалғандықтан ба? Ойланбаппын бөлшектенген қуыршақты қайда жіберемін. Қоқысқа? Бір қуыршақты қирату арқылы екіншісін жөндеудің дұрыс әрекетке жатпайтынына көзім жетті. Қырыққа келгенше өмірімде солай болыпты. Маған кезіккен қыздар –ай! Кейінгісі алдыңғысы бермегенін алдыма тартыпты. Мен болсам, алдыңғысынан кейінгісі жақсы болады деп, кездескенінен бас тартып отырыппын. Уақыт өтіп кетті. Өмірден тек жақсылығын күтейік. Өткенді түзей алмасам да, мына қуыршақты жөндеуге болады. Енді не істедім? Есіме түсті. Мүсінші танысым бар болатын. Оның жуықта полимерлік саздан декоративтік ұсақ –түйек заттар жасап жүргенін естігенмін. Ең бастысы полимерлік саз температурамен өңделген соң, пластмассадан жасалған бұйымға айналатын. Сондай жаңа материалдың табылғанына разы екенін бірнеше рет қайталап, өзі де маған айтқан болатын.
Үйге барып қуыршақты алып, мүсінші (бейнелеу өнерінің иесі) танысыма бардым. Қуыршақтың менде калай пайда болғанын айтып бердім. Әңгімемді айтып болғанша бір сағат ішінде қуыршаққа жаңа қол салынды. Қуыршақ сынық ойыншықтан қайтадан қолға сұранатын ойыншыққа айналды. Мүсіншіге ризылығымды білдіріп, еңбегін төледім. Бірақ, қуыршақты өзіне сыйға тарттым да:
— Сенің қолыңнан қуыршақ жаңа иесін тапсын! Замандас, мені түсінуге тырыс, — дедім де, кетіп қалдым.
Бір жылдан кейін үйлендім. Тойды шағын кафеде жасадық. Қонақтар саны шағын: жұмыстағы әріптестер, қыз жақтан келген қонақтар. Тойдың ортасында мүсінші танысым келді.
Қолында үлкен қорап. Дәл алдымызға келіп, құттықтау сөзін сұрап, айтылатын сөздерді тік тұрып тыңдауымызды сұрады. Қысқа, мәнді құттықтау сөзін аяқтай бере:
— Сыйлығымды қабыл алыңдар, — деп, қорап ішіндегі сыйлығын қорабымен үстелімізге қойды. Қораптың үстіңгі жағын көтеріп шешіп алды. Ақ көйлек киген, ақ сәукелесі бар қуыршақ, әлгі мүсіншіге сыйға тартқан қуыршақтың дәл өзі ғой. Енді қасында қол ұстасқан жігіт қуыршағы бар. Жігіт қуыршақ шеттері қызыл өрнекпен көмкерілген ақ түсті костюм –шалбар киіпті.
Нағыз сиқырлы сәт. Мүсінші қуыршақтардың жұбын жарастырды, біз болсақ өзімізді сыртымыздан көрдік (әйелім екеуіміз дәл қазір осы қуыршақтар секілді тұрмыз). Қуанышымды білдіртіп әйелімнің алақанын қысып –қысып қоямын. Әйелім болса, кірпігін қағып. -Түсіндім,-деп жауап береді.

P.S. 02.11.2013 алғашқы нұсқасына түзету енгізілді. Әңгімені оқып, пікір білдіртіп, құнды кеңес берген КерекИнфо блог тұғырнамасының қолданушыларына алғысымды білдіремін.
13.02.2013 өзгерістер енгізілді. Сатушы қыздың диалогына.
29.04.2015 Кеткен қателерге өзгеріс енгізілді. Корректор ролін атқарған әріптесіме алғыс!
Бөлісу:

13 пікір

a63a1
жақсы әңгіме екен. Бір деммен оқып шықтым
NurbaiShakim-Bai
Кім болсаңызда әдебиетке жақын жан екеніңізді байқауға болатындай.
bake
02.11.2013 алғашқы нұсқасына түзету енгізілді. Әңгімені оқып, пікір білдіртіп, құнды кеңес берген КерекИнфо блог тұғырнамасының қолданушыларына алғысымды білдіремін.
MamaAya
не деген керемет оқиға?!
bake
Жақсылық сыйлаған сыйқырлы мезеттер өмірде болады, ондай мезеттер мол болсын!
ademi_alem
Әдемі әңгіменің соңындағы ерекше сәт Сіздің өміріңізде іске асуына тілектеспін!