Сандық немесе цифрлық техника?

Күнделікті өмірде сөздің шығу тегіне мән бермей, қолдана береміз. Сөздер тұрақты сөз тіркесін жасап жаңа мағынамен толығып жатады. Жаңа мағынасы демекші. Жаңа сөз тіркесінің мағынасын қалайша біліп жатамыз? Біліп алудың екі-үш жолы бар.
Бірінші жолы, мектептегі оқулық бетінен (әрине, егер онда сондай ақпарат табылып жатса). Екінші жолы, ғылыми-танымдық деректі бейнефильмдерден. Үшінші жолы, әріптестер, құрдастар арасындағы әңгімеден. Төртінші жолы, кәсіптік қызмет бабы бойынша.
Сонымен «сандық техника» сөз тіркесі «микроконтроллер» құрылғысы бар теледидарларға, фотоаппараттарға, ұялы телефондарға, компьютерлерге және сағаттар секілді құрылғылардың тобына қатысты қолданылады.
Бір, екі, үш сандарымен байланысқан «1 кг ұн», «2 дөңгелекті велосипед», «3 күміс тиын»-ды бейнелейтін көріністі көз алдымызға елестету қиын емес. «Сандық» сөзі сан сөзінен жасалып тұр (осы сөзге қатысты қандай бейне көз алдыңызға келеді?)
Әр санға байланысты бейнені елестету қажет пе?
Микроконтроллердің негізгі құрама бөліктері процессор және жады. Жады атауымен белгілі құрама бөлігін қарастырайық. Жады екілік санның таңбасынан тұратын жиынды сақтайды. Яғни, адам елестеткендей «1 кг ұн», «2 дөңгелекті велосипед», «3 күміс тиын» бейнесін емес, екілік санның таңбаларын сақтайды. Екілік таңба жадыда оңай сақталынады. Мысалы жадыда санның таңбасын электр тогының кернеуімен сақтасақ, онда жадының кез-келген жерінде электр кернеулігі не төмен, не жоғары болады. Төмен кернеудегі электр тогы екілік санның «0» таңбасына сәйкес десек, кернеулігі жоғары жері екілік санның «1» таңбасына сәйкестігін тағайындау қиын емес.
Яғни, жадыда екілік сандар таңбасы келесідей сақталып жатыр десек:
00011001010111101
00010100111010010. Жадыда сандардың өзі емес таңбалары сақталып жатқанына көз жеткізу қиын емес. Сол себепті «сандық» дегеннен гөрі «цифрлық» деген дұрыс. «Цифрлы техника» деп дәл орыс тіліндегі нұсқасына емес түпкі ағылшын тіліндегі нұсқасына меңзеп отырғаным.
Сөз тіркесінің мазмұнын толық білсек, әрине, жаман емес. Білмесек те цифрлы теледидарымыздың арналарын ауыстырып көре береміз. Бірақ соңында қазақ тілді цифрлы техникасының конструкторы жоғына өкінбейік. Болашақ конструктор — бүгінгі бала. Балаға түсіндіріп жібергенге ерінбейік. Өзіміз үшін емес, мектеп табалдырығын аттаған балаларымыз үшін қолданған сөздерімізге мән берейік!
Бөлісу:

5 пікір

bake
Сандық фотоаппарат болмайды «цифрлы фотоаппарат» бар!
Marco
Менің енем математик, «сандық құрылғы» дегенді естісе жыны құрысады. Сандық деген число, числовая деп.
asaubota
Цифра дня дегенді қалай аударар едіңдер?
bake
Бірінші сынып оқушысына берілген тапсырма
orfo
«Мына сөздердегі дыбыстарды екіге бөліп жаз. Алуа, ине, шөп, жылқы, сарай. Дауысты, дуыс-з». Упс!!! Халайық. Әріп және дыбыс екі түрлі ұғым ғой!!! Санды және цифрды, әріпті және дыбысты ажыратпай балаларымызды оқытып жатқанымыз-ай!!! Жаза-жаза жалықтым. Кейде ойлаймын «баламды неғып қазақ мектебіне оқуға бердім» дегендей. Ойланып қоймай орыс тілді мектепке беріп жатқандар баршылық. Біздің шағын ауданда орыс тілде оқытатын жалғыз мектеп бар. Егер оған қазақ балалары барып оқымағанда жабылып қалар еді. Жабылмайды-ау! Қазір көбінде көрген -білгенімді жазбаймын. Бірақ кейде… сыймайды ішке(балаларымен бірге сабақ қарайтын ата-аналар мені түсінетін шығар).