Жүрекке әжім түспейді...
Күз мезгілін жақсы көрем. Бірақ сан алуан түске боялған жапырақтар қалықтай келіп қара жердің бетіне қонған сәтін көргенде бойымды көңілсіздік билеп, көзіме жас келеді. Күздің тағы бір таңы атты…
Жылы көрпемді басыма бүркеп алып, тәтті ұйқымды қимай жатырмын. Осы кезде әлдекім бетімді бүркеп жатқан көрпені ашып, суық алақанымен маңдайымнан сипағандай болды. Орнымнан тұрып, жан-жағыма жалтақтай қарап едім, қасымда отырған ешкімді көрмедім. Сөйтсем, соққан жел жартылай ашық тұрған терезені айқара ашып тастапты. Көрпемді ашып, маңдайымнан сипаған салқын самал екен…
Сәби болып кеткендей...
Ұзату тойым болардан бірнеше күн бұрын туған жеріме бардым. Төрде отырған нағашы апам Кәмеш пен нағашы атам Бақытқа қарап қуанып қалдым. Олардың аман-есен жүргендері мен үшін үлкен бақыт. Атам қарттығына байланысты ұмытшақ болып жүр. Саналы ғұмырының басым бөлігін журналистикаға арнаған ол менің көз алдыма жазу жазып немесе газет оқып отырған кейіпте елестейді. Осы жолы көргенде денсаулығының нашарлауына байланысты газет бетін ақтаруды сиретіпті. Одан:
— Ата, кімнің тойына дайындалып жүрсіз? — десем:
— Заринам тұрмысқа шыққалы жатыр. Соған дайындалып жүрмін, — дейді маған күлімсірей қарап.
— Ата… Ата-ау, Зарина деген мен ғой… — дедім оны құшақтап алып.
— Ааа… Сен бе едің? Бәсе, саған қарап әлдекімге ұқсаттым, — дейді жүзін төмен салып. Ұрлықшы – уақыт атамды есінен жаңылыстыра бастапты. Менің қасымнан өткен-кеткен сайын жаңа көргендей амандасып, ара-тұра кім екенімді есіне түсіре алмай ойланып тұрған атама қарап бір күліп, бір жыладым. Бір кездері мен үшін ең дана адам қас қағым сәтте-ақ жас сәбиге айналып кеткендей…
Мәңгілік махаббат
Атамның қасында жүріп, сәл көзің тайып кетсе, ешкімге білдіртпей кетіп қалады. Ондай кезде оны қайдан табу керек екенін білеміз. Оның баратын жері – аудандық аурухана. Себебі, ол жерде нағашы апам жатыр. Қан қысымы жоғары болғандықтан, апам жатқан үшінші қабатқа өз бетімен шыға алмасын білсе де кетіп қалады. Жедел жәрдем бөлімінде отырғандарға барып «Кемпірімді шақырып келіңдер» деп өтінеді екен. Олар «Апаның да қан қысымы жоғары. Оған төмен түсуге болмайды! Үйіңізге қайтыңыз!» деп атамды кері қайтаратын көрінеді. Атам далаға шығуын шығып алып, апамды дауыстап шақырады. Үшінші қабаттағы терезеден басын шығарып тұрған апам атама:
— Үйге қайт! Ауырып қаласың, саған көп жүруге болмайды! — деп дауыстайды.
— Онда сен де қайт!
— Мен бұйыртса бір-екі күннен кейін шығам!
— Онда жақсы, қайттым…
Мен де апамның қал-жағдайын біліп қайтайын деп ауруханаға бара жатсам, алдымнан атам шықты.
— Ата, жалғыз не істеп жүрсіз? Адасып кетесіз ғой, — дедім ұмытшақтығы бар екенін есіне салып.
— Адаспаймын… Апаңа барып келе жатырмын.
— Түсінікті. Қолыңыздағы кәмпитіңізден беріңізші маған, — дедім атамның көңілін аудармақ болып.
— Жоқ. Оны апаң маған берді, — дейді жас балаша кәмпитін қызғанып.
— Ол астыңғы қабатқа түсе алмайды ғой, қалай берді сонда?
— Үшінші қабаттан лақтырды, мен қағып алдым.
— Үйде жатпайсыз ба, неге апама бара бересіз мазасын алып?
— Сағынам ғой, қайтейін…
Атамнан басқа жауап күтсем де, дәл осындай жауап күтпеген едім. Оның көзінен аққан жасты көріп менің де көзімнен жас ақты. Қартайған шағында бір уыс болып қалған кішкентай атамды қатты құшақтап алып, бетінен сүйдім. Оны үйге алып барып, өзім апама қарай аяңдадым.
Шерхан Мұртазаның жас кездерінде тағдыр екі жаққа айырса да, қартайған шақта бір-бірін тауып алу бұйырған екі қарияның арасындағы ізгі сезім туралы әңгімесін оқыған едім. Басты кейіпкердің «Мені несіне көргің келеді? Ол кезде жас едім, ал қазір жүзімді әжім басқан кәрі кемпір емеспін бе?» деген сұрағына жас кезіндегі ғашығы «Уақыт жүзіңе әжім салса, салған шығар, бірақ жүрекке әжім түспейді» деп оны әлі де жақсы көретінін, сағынатынын білдіреді. Осы жолы нағашы атам мен апамның арасындағы сыйластық, түсіністік қасиеттері мен бір-біріне деген сағыныш сезімдерін көріп, жүрекке әжім түспейтіндігіне тағы бір көзім жетті.
Бүгінгі таң, бүгінгі күздің ызғары сол апа-аталарымды есіме түсірді. Көзімді жұмсам, нағашы атам мен апамның үйіндегі алма, өрік ағаштары елестейді. Оқушы кезімде сыныптас достарымды қасыма ертіп алып, сол алма бағына қақпадан секіріп, ұрланып кіретінбіз. «Не деген ақымақтық!» деп ойлап қоям. Бірде бізді байқап қойған атам «Балаларым-ау, ұрланбай-ақ, сұрансаңдар да кіргізер едім ғой сендерді» дейтін мейірімді үнмен.
«Көп ойға батпайын, одан да өлі – тірісі разы болсын деп Құран бағыштайын» деп сағатыма қарап едім, сағат тілі жұмыс уақытын көрсетіп тұр екен. «Ойбай, әдеттегідей жұмыстан кешіктім!» деп орнымнан атып тұрдым жуынып-киіне бастадым. Сондағы алған бетім – жұмыс, мешіт емес…

(Бірақ өзімнің де көңілім босап отыр)P.S. Осыған ұқсас жазуды жетпіс жасқа келгенде де жазуға болар еді, бірақ онда естелікті баян еткенің -ұқсас оқиғалар бір-біріне еніп "қазіргі" сәттегі көңілінді дұрыс жеткізбер едің.
Әрине, «темірді қызған кезде басқан» дұрыс қой. ))