Стақандастарым. Ақыншаның үш ерлігі. #2
Әәә, өткен әңгімедегі Ақыншаның даңқы маза бермейді әлі, ә? Ойлайсың, "ішу де өнер боп па! Онда мені де дәріптеңдер!" деп. Асып түскің келеді. Басқа нәрсе қолыңнан келмегесін, мынау қураған қу пәниде ең болмаса осылай із қалдырайын дейсің ғой баяғы. Ендеше сені паласқа отырғызып, хан көтермес бұрын, Ақынша амигоның екінші ерлігін шолып өтсек. Бәлкім, райыңнан қайтарсың.
Бірде Ақынша амиго жұмыссыз қалыпты. Қоғамдық қор немесе бірлестік ашып, тиын істеу дәстүрі сол кездерде басталса керек. Содан бір досы айтады ғой баяғы: «Салауатты өмір салты» деген қоғамдық қозғалыс ашыватрым, мүше боп тіркелш ең болмаса, 100 сом айлығы бар!". Ақынша жарықтық мұны әуелде балағаттап тұр деп ойлайды. «Ептібайымайд, сонда арағыңды қой дегенді әдемілеп жеткізген түрің бе?» дейді шабаланып-түтеп. «Ой ептібайымайд, көтіңнен су аққанша іш маған десең! Айына тек екі-үш рет сау келсең болад! Лібә, нең кетед?».
Әлқисса, Ақынша содан «Салауатты өмір салтының» белсенді насихатшысы ретінде жұмысқа алынады. Ауылда бұтын ашып күлмеген адам қалмайды. Жұмыс басталып, «жалақысы» уақтылы түсіп тұрады. Әлгі досы мұның орнына есепхат жазып, тапсырып жүреді.
Жалғанды жалпағынан басып жүрген Ақынша бір күні товаровед стақандасымен қоймаға түнейді. Қоймада арақ самсап тұр: «Экстра»,«Пшеничная»,«Столичная», Шивам-ау — қойма емес, пейіш нақ! Кез-келгенін алып іше бер, қолыңды бос қойдым дейді товаровед. Сол кезде қойманың телефоны шар етіп, әлгі, қоғамдық қордағы досы жалынады:
— Ойбай, Ақынша! Ертең Москвадан біздің қоғамдық қорға комиссия келетін болды! Олар қазір көрші стансада! Ойбай, құлың боп кетейін: бір грамм да ішпеш! Өлгенде салған топырағың болсын!
… Иә, досы өзінің айтып тұрғанына өзінің қаншалықты сенгені белгісіз. Тарихтың тасақ беттерінде ол жөнінен еш дерек жоқ. Ал ертеңіне қоймадан мұнтаздай таза киініп алған, сымдай тартылған Ақыншаның, ең бастысы — түк ішпеген(!) Ақыншаның қоғамдық қорға келіп, өзінің ішкіліктен қалай арылғаны туралы жалынды сөз сөйлеп, мәскеулік комиссияны қорс-қорс жылатқаны туралы ел артындағы аңызға айналған деректер жетіп-артылады. «Соншама бөтелкенің ортасында отырып — бір грамм татпау! Шынымды айтсам, Ақынша түгілі, өзім де ішіп қояр едім!» деп, ағынан жарылушы еді «Салауатты өмір салты» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Сақтаған, саунада бықсып отырғанда.
Ал сен ше? Қоймада сонша нәпсінің арасында түнеп, таңға дейін ішпей шыға аласың ба?
* Иллюстрация: Василий Шульженко
обал емес пе?
маған ұнады. жазған нәрселерінің 90 пайызы көңлімнен шығады.
тағы бірер шығармалары бар шығар
1. Ең соңғы арағын өзі сияқты бір алқашқа бас жазуға беріп жібереді.
2. Химфармда істеп жүріп су қосылған спирттен бір тамшы да жұтпайды, тек өз ақшасына сатып ап ішеді.