Уаххабшының бастан кешкендері немесе мен қалай уаххабшы атандым. Парт І
Ескерту: Бұл оқиға көбәрібтен тұрады. Сондықтан екі партқа бөліп отырмын. Тек шыдамдылық танытсаңыз бұл сіз үшін қызық болады деп ойлаймын. Ал кеттік.
Бұл оқиға осыдан екі жыл бұрын болды. Қазан айы. Ол кезде әлеуметтік зерттеу жүргізетін ұйымдармен бірге жұмыс жасайтынмын. Тақырыптарды тапсырыс беруші анықтайды. Біздің міндет соны орындау. Сонымен бір жолы «Оңтүстіктегі егіндік алқаптардағы балалар еңбегін пайдалану» деген тақырыпта тапсырыс түсті. Тапсырыс беруші БҰҰ жанындағы ХЕҰ (Халықаралық еңбек ұйымы) екен. Алматыдан тапсырыс орындаушы орталықтан бір куратор келіп, төрт жігіт — Мен, куратор Санат, Бауыржан, Мейіржан жолға шықтық. Жоспар бойынша бірінші кезекте Сарыағаш ауданы. Ол жерде бір аптадай жұмыс жүргіздік. Анау айтқандай ештеңе болған жоқ. Келесі кезекте Мақтаарал ауданы. Воот, қызықтың көкесі осы жерде басталды. Жетісайға түнде келдік. Төртеуміз де бірінші рет келіп тұр екенбіз. Әйтеуір сұрастырып жүріп Әл-Фараби деген қонақүй тауып алдық. Оның алдында Асылхан дегеніне барғанбыз. Ертең босайды. Қазір бос нөмір жоқ деп шығарып салды. Мақұл. Сонымен Әл-Фарабидің қонақүй қызметкері екінші қабаттағы нөмірді көрсетуге келе жатыр. Сөйлеп келеді жарықтық: «Не ғой. Төртеусіңдер ма? Қанша қыз керек? Қыздар мына арт жақта. Қалағаныңды. Бағасы да қыздарға байланысты болады.» Өй, епті, нөмірді көрсетші. Сонау жерден Жетісайға қыз көруге келмедік. Жолдан шаршап, құлай кететін төсек таппай келе жатсақ өзіміз — деп, іштей балағаттап, әрең келеміз сүйретіліп. Аңсаған нөмірге де жеттік-ау ақыры. Не керек, сонда түнеп шықтық. Ұйықтаған деген атымыз ғана. Түнімен тыныштық жоқ. Ары-бері сапырылысып, келіп-кетіп жатқан клиенттер. Азанымен тұра сала басқа қонақүй табу керек деп шештік, бір ауыздан. Кешегі Асылханға барсақ екі Люкс нөмір босапты. Жолы болды деген осы. Жайғасып алып, жұмысқа кірістік. Мен ұрлық қылғанда ай жарық болды дегендей дәл біз барғанда Жетісайда: "- Ойбай, не дейсің, елді уаххабшылар аралап жүр екен. Олар балаларды ұрлап, Құрбан айтқа дайындап, сояды-мыс. Пәлен парк жақта бір баланы ұрлап кетіпті" — деген өсек гулеп тұр екен. Естідім де күлдім. Ептілер-ау, исламның қай ағымы болмасын, мейлі ультра-радикалдары болсын адамды құрбандыққа шалмайды. Мынаған сену надандық қой енді деп күйдім. Алғашқы ауыл Жетісайдың іргесіндегі Микоян болды. Талап бойынша әр үйге кіріп, бала саны, олардың бос уақытын қалай өткізетіні туралы жазуымыз керек. Солай деп бастай берсең жұрт үркіп, ала көзбен қарайды. Түстеніп, сол ауылға қайтып келсек бір участковой күтіп тұр. Сондай екенін куәлігін көрсеткен соң ғана білдік. Әйтпесе үстіне олпы-солпы бір гражданканы киіп алған. Әңгімесі ірі. Сұрастырып болған соң РОВыДы-ға кеттік. Сендерді алып келіңдер деген тапсырма бар — деп, алдымызға түсті. Уаххабшы еместігімізге көзі жеткен соң әңгімені еркін соғып келеді: «Браттар, бұл жақ ауыл ғой. Халық надан ғой. Мамбетализм ғой мля. Болмаайтын нәрсеге сенеді. Натуральный мамбетализм ғой». Мәмбетәлі братқа жаным ашып келеді. Қайран брат, Мәмбет көкенің кесірінен сен кеттің.
РОВД-ға келген соң зам қабылдады. Анау участковой: — Міне, әкелдім. Осы жігіттер екен шулатып жүрген — деп, есеп беріп жатыр. Зам сауатты кісі екен. Бізден сұрастырып білген соң анаған прикол тастай бастады:
— Ііі, террористтерді ұстадым де. Маладес. Енді не істейсің бұларды?
Участковой: Әкімге апарамын. Кім екен, алып кел деген.
Зам: — Қой е, Әәкімге барасың ба? Өз қолыңмен тапсырасың ба сөйтіп? Прикол жалғасып жатыр. Зам күлкіден жарылайын деп отыр.
Участковой: Иә, тапсырма солай.
Обшым не керек, көріп, көздері жеткен соң жіберді. Жұмысты ары қарай жалғастырдық. Келесі ауыл Достық. Пәле осы жерден басталды. Сендер кімсіңдер? Уаххабшы емессіңдер ма? Балалардың бос уақыты сендерге не керек? Сұрақтың астында қалдық. "Қазір балаларымызды көшеге күндіз шығаруға қорқып отырмыз. Уаххабшылар қаптап жүр. Өткенде мектепте бір баланы ұрламақшы болған екен завхозымыз көріп қалып, әрең алып қалыпты. Шетінен ұрлап, Құрбан айтқа құрбандық қылады екен". Естіп тұрып жыным қайнап кетті. Сабыр сақтап сұрадым: Сол уаххабшыларды көрген хотя бы бір адам бар ма? Солар ұрлаған хотя бы бір бала бар ма осы ауылда?
Ешқайсысы ештеңе айта алмайды. Тек пәленше естіпті, пәленше көріпті деген далбасалар. Ал күндіз көшеде шынымен-ақ балалар аз екен. Оның сырын кейін білдік. Күндіз бәрі мақталықта терімге кетеді екен. Жұмыс істеп, ақша табумен айналысады.
Сөйтіп сұрақ көбейіп кеткен соң ертеңіне сол ауылдың тумасын ертіп алдық. Кешке дейін ауыл аралап, жазу жаздық. Соңғы қалған үйге кіріп, шығып келе жатсақ алдымызда сол ауылдың участковойы Нұрбол деген жігіт пен бір қасқа бас тұр. Өзін КНБ-ның терроризм мен экстремизммен күрес бөлімінің бас маманы деп таныстырды. Халықтан сіздерге көп шағым түсті, елді шулатып, тізім жазып жүр екенсіңдер. Бізге еріңдер, РОВыДы-ға кеттік деді. Біттің деген осы. Мейлі деп, участковой Нұрболдың қара Нексиясының соңына түстік.
Жетісай қараңғылықтың ыстық құшағына емірене еніп бара жатқан. Ал біздің алдымыз одан да қараңғы болатын сияқты.
ЖАЛҒАСЫ БАР.
Барлық елді мекендерде сыпсың сыбысқа сенетіндер табылады. Жетісайда да алыпқашпа әнгімеге сенбейтіндер де бар.