Аль Пачино: "Біз-өз әдеттеріміздің құлымыз!"
Туған кезде берілген есімі: Альфредо Джеймс Пачино
Актер, 73 жаста, Нью-Йорк
Сізге бір оқиға айтып берейін. Бейсбол ойынын көруге барғым келді. Жалпы бейсболға барғанды жақсы көремін, сонау үш жасымда да атама еріп, жұрт қатарлы ойынды тамашалап, рахат алып қайтатынмын. Ал, қазір олай болмайды. Алаңға келіп, орныма отыра бергенімде таблоға менің атым жазылып шыға келеді. Мұны ақымақтыққа санамаймын, өйткені адамдар осылай ғой. Сол жолы өзгерек болды. Ойын күндіз еді, ал кешке бір жаққа баруым керек. Сондықтан алаңға ертерек келіп, дене қыздыру жаттығуларын қарап, бір-екі иннингті тамашалап, қайтып кетпек боп шештім. Қателігім сол, жаныма еріп баратын әйелдің де менің өзім сияқты танымал екендігін ескермеппін. Ойынға келіп, көлігімнен түсіп, күзетшіме «Багажниктен ескі-құсқы кепка табыла ма?» дедім. Ол қарап шығып, бір кепка мен көзілдірік алып шықты, сөйтіп: «Ей, Аль, мұнда не жатқанын қарашы! Ескі сақал бар екен!» дейді. Сақалды жапсырып алдым. Сол сәтте не ойлап алғанымды білмеймін. Бар ойым — жұрт көзіне түспеу болатын. Ойын басталды, отырмын. Бір кезде барлық адамдар, камералар мен жаққа бұрылды. «Не боп кетті бұл сайтан алғыр? Сақалым бар емес пе?»,-деп ойлап қоямын. Сөйтсем, олардың барлығы қасымдағы серігіме қарапты. Осымен ғана аяқталып қойса мейлі ғой, дәл сол сәтте жапсырулы сақал түсіп қалды. Делқұлы жағдай. Енді қайтемін? Сақалды қайтадан орнына жапсырып алдым-басқа не істей алушы едім?! Оқиға сағат он бірдегі жаңалықтар шығарылымына: «Аль Пачино жалған сақал жапсырып алып, алаңға неге барды?» деген тақырыппен айқайлап шыға келді. Өзімді эфирден көріп, күлдім. Түйінімді жасадым: Мұндай енді қайталанбайды. Қайда барсам да, өз қалпымда көрінемін.
Бала кезімде, үлкен әжем маған анда-санда күміс тиын беретін-ді. Мені үнемі еркелетіп, әлпештейтін. Әр тиын берген сайын, үйдегілер: «Жоқ! Жоқ! Жо-о-о-қ! Оған күміс доллар берме!» деп жамырай жөнелетін. Өте кедей тұратын едік. Тиын менің қолыма түсе сала, олар: «Әкел! Қайтарып бер» деп айқайлайды. Сол кезде өзімді сыйлық алғаным үшін өте ыңғайсыз сезінетінмін.
Ата-анам ажырасқанда, әлі кішкентай едім. Оңтүстік Бронкстегі көпқабатты үйде анам, әжем, атам және мен төртеуміз тұрдық. Күнкөрісіміз нашар, бірде сұлы үлпектерінің қорабындағы купонды қиып алып, Том Микстің суреттеріне алмастыруға болатынын білгенде, қатты қуандым. Ковбой Том Микс — вестерн жұлдызы. Аты жер жаратын! Сонымен, біз де купондарды жолдадық. Олар сосын суреттерді бандерольға салып, почта арқылы үйге жіберетін. Алты жастамын. Үлкен әжем көз жұмды. Жерлеу рәсімінен кейін үйге келдік, Том Микстің суреттері салынған почта келіпті. Мен жадырап сала бердім. Дәл сол сәтте әжемнің қазір ғана қайтыс болғаны есіме түсті. Суреттерге қуанғым келді, бірақ… Алғаш рет ішкі қақтығыстың не екенін түсіндім.
Анам жұмысы бола тұра, уақыт тауып, әрбір жаңа шыққан киноға апаратын. Ертеңіне үйде отырып, сол фильмдегі кейіпкерлерді бастан-аяқ ойнап шығамын.
Баламын. Бірде көше бойындағы құмар ойындар ойнайтын дүңгіршектердің біріне кірдім. Допты лақтырып, бірнеше бөтелкені құлаттым. Бірақ, маған сыйлық бермеді. Осы күнге дейін, олардың неге сөйткеніне басым жетпейді. Неткен әділетсіздік! Үйге келіп, барлығын атама айттым. Оның сол кездегі түрі… әліге дейін көз алдымда. Бет әлпетінде: «Демек, сеніңше, мына мен алтыншы қабаттан баспалдақпен төмен түсіп, бес кварталды жаяу жүріп өтіп, қай-қайдағы алаяққа сенің бөтелкелерді құлатқаныңды, сыйлық алуға лайық екендігіңді дәлелдеуге тырысуым керек екен ғой, солай ма?!» деген сөз жазулы тұрды. Сөйте тұра, өмірде ондай жағдайлар болатынын түсіндіруге тырысты. Дұрыс айтыпты. Болғанда қандай!
Анамның көзі тірісінде, еш жетістікке жетпеген едім. Жасым онда. Біздің пәтер жоғарғы қабатта орналасқан. Өте суық. Төменнен достарым ысқырып шақыратын. Сондағысы көше кезіп қайту үшін. Анам жібермейді. Қатты ашуланып, оған айқайлайтынмын. Үндемейді. Осылайша мені құтқарып қалды. Сол жігіттердің барлығы да қазір тірілер қатарында жоқ. Анам болса, түннің бір уағына дейін көшеде сандалмай, сабақ оқығанымды қалайтын, қадағалайтын. Мінекей, сол қамқорлығы арқасында ғана, мен осы жерде сізбен әңгімелесіп отырмын. Солай ғой, дұрыс па? Ал, біздер- ұмытшақпыз…
Өмірімдегі үлкен толғаныстардың бірін Оңтүстік Бронксте басымнан өткердім. Қазіргі кинотеатр орналасқан зал, бұрын варьете болатын. Кезбе труппа Чеховтың «Шағала»-сын қойды. Қойылым басталды… аяқталды. Қас-қағымда өте шықты. Бұл — бір ғажайып. «Мұндайды жазу үшін кім болу керек?» деген таңданысты ой үстінде отырып қалдым. Көп уақыт өтпей Чеховтың әңгімелер жинағын таптым.
Бір күні «Ховард Джонсонға» тамақтанып алу үшін, бас сұқтым. «Шағала»-да жарқырай көрініп, мені өзіне баурап алған актер мұнда кофе құйып тұр. Түсінгенім, өмірде бәрі де салыстырмалы: алдымен ол мені өз ойынымен табындырса, енді «Ховард Джонсонда» даяшы болып, маған қызмет етіп жүр.
Киоскілерге «Шоу-бизнес» атты газет таситынмын. Еңбегіме он екі доллар төлейтінін ешқашан ұмытпаймын. 1 ондық және 2 бірдолларлық қағаздар. Ондықты сол сәтте ұсақ ақшаға айырбастап, 12 бірдолларлыққа айналдыратынмын. Барға барып, төлем жасарда дөңгеленген орамадан бірдолларлықты суырасың, сырттан қарағанға ақшаң көп болып көрінеді.
Алғашқы тәп-тәуір гонорарымды бостондық театрда жұмыс жасап жүргенде алдым, жасым 25-те. Барға кірдім, стейк жеп, мартини іштім. Содан кейін де менің қалтамда ақша қалды!
Театр мен кинодағы ойынның не айырмасы бар екенін білесіз бе? Кейіпкерді сомдау-бұл керулі арқан үстімен жүру. Театр сахнасында арқан өте биікте тартылған. Құласаң, оңбай құлайсың. Кинода арқан жерде жатады.
Бағдаршамның жанында тұрғанымда, жолдың арғы бетіндегі қызды көріп, оған қарап жымидым. Ал, ол: «О, сәлем, Майкл!» деді. «Өкіл әкедегі» Майкл. Осы сөзімен-ақ ол мені бір сәтке қарапайым жүргінші болу құқығымнан айырып тастады. Ол мені көрді, бірақ менен мені көрмеді, түсінесіз бе?
Бұрын көп нәрсе менің көңіл-күйіме байланысты шешілетін, тірлік сол бойынша жүретін.
Менің де басымнан алкоголь мен еліткіш дәрілерге шектен тыс әуестенген жылдар өтті. Айтпақшы, оның бәрін қазір тоқтатқанмын. Сондай күндердің бірінде «Оскардың» тапсырылу рәсімінде отырып: «Мені марапаттаса, өз аяғыммен сахнаға жете аламын ба?» деген ойда болдым. Себебі, сенімді емес едім.
Әкем бес рет үйленген. Мен некелескен емеспін. Бұдан не қорытынды шығарамын? Біз-өз әдеттеріміздің құлымыз.
Орталық паркпен келе жатқанымда, маған бейтаныс адам жақындап: «Тыңдашы, саған не болды? Сені неге көрмей кеттік?» деді. Мен болсам: «Енді мен… былай ғой, мен...» деп бірдеңелерді міңгірлей бастадым. Ол: «Кәне, Аль, сені сонау биікте көргім келеді, қимылда!» деді. Сол сәтте «Қабілетім бар. Соны пайдалануға міндеттімін» дегенді ұқтым.
Бір фильмде, суда жүзіп бара жатқан бөрене үстімен жүгіріп, Робин Уильямстың кейіпкерін қууыма тура келеді. Мұндай көріністі соншалық әдемі етіп, тігісін жатыстыра ойнау қажет емес. Бастысы-әдеттегідей жасап шығу. Барлық мән-сол қарапайымдылықта.
Фрэнк Синатраның концертіне бардым. Синатра сахна сыртына кеткенде, оның орнына Бадди Рич шықты. Жасы 70-те, өзі барабанда жақсы ойнайды. Солай бола тұра, «Жетпегені осы еді, Синатра шыққанша Баддидің даңғұр-дыңғырын тыңдайтын болдық» дегенді ойлап үлгердім. Бадди Ричтің ойыны залды жандырып жіберді. Мен күткендегіден он есе күшті болды. Риффтің орта тұсында бүкіл зал орнынан тұрып, гуілдеп кетті. Сосын Синатра шығып: «Бұл жігіттің барабанда қалай ойнайтынын көрдіңіздер ме? Білсеңіздер, кейде өзің таңдап алған жолдан таймаған пайдалы» деп жай ғана айтты. Демек, Баддидің осы жасқа келгенше барабанын тастамай, өзі сүйген өнерін жалғастырып келе жатқаны оны керекті жеріне алып келді. Біз не үшін әрекеттеніп жүрміз? Өз орнымызды тапқымыз келеді. Сол үшін. Бірақ, оған жеткеннен кейін де тоқталып қалмау керек. Бастысы осы.
Түпнұсқа
суреттер: бас сурет, 1, 2, 3
2 пікір