Талғампаз

Кәміссия шалым тексерістің үшінші күні салсын ылаңды! Қылық шығарсын кеп! Таңғы үш жарымда! Алдына – қазы-қарта қойып, астына – құс мамық төсеп, жүріс-тұрысына – басекемнің қимай, кейде өзі де мінбей қаңтарып қоятын S-класс көлігін беріп қойған біздер, енді құдай қай тұстан ұрды деп абдырап қалдық. Ендеше сол: шалым қонақ үйде бұрынғы махаббатын кездестіріпті де… он жыл ұсталған «Шардоне» шарабын ұсыныпты! Алғашқы (жазылмайтын қабағына қарап – бәлкім, соңғы да) «махаббаты» қарсы болмапты. Сосын қонақ үйдің ресторанына түссе керек. «Ең мықты шарабымыз – гүржі шарабы» деп, шалымның аса биік талғамын балағаттапты жауыз даяшылар. Айтпақшы, «шалым» деп, іш тартатын жөнім бар: осы үш күнде пірәдарды біраз жақсы көріп те қалдық.

Тоқетері, шалым нақсүйеріне сол құрмағырды таппай қоймайтынына ант-су ішеді де, біздің басекеңе қоңырау шалады. «Аға, сіз – провинциядасыз ғой, бізде не түрлі француз шарабы бар дейсің...» дегеніне шалым еш көнбейді! «Бала, тексерістің қорытындысы – осы шарапты тауып бергеніңе байланысты болады!» деп шорт кесіп, тұтқаны тастап, тастабы несі – лақтырып жібереді. Ендеше, маған таңғы төрт шамасында соғылған қоңыраудың да сыры осы: «Шардоне» тауып беруіміз керек!

Осы күнге дейін мені сол таңдағы міскінім қинайды: таңғы төртте пижамшаң-тәпішкешең жатақхнананың дәлізінде көзі атыздай вахтер апайдың көзінше – француз шарабы жөніндегі асқақ әңгімелер айтып тұрмыз. «Тап та тап!» деп қоймай жатқан басекем сөз арасында қолыма, пижамымның қалтасына бума-бума ақшаны тығып жатыр. Жазған құл болсам да шаршап тұр едім, қаттырақ бірдеңе деп жібергім келгені рас. Әрі, өзімнің «ДК операторы» деп аталатын қызметіме кірер алдында, келісім-шартта шарап іздеу туралы бап болмағаны да есіме түсіп тұр. Бірақ, өмірдің қызығы да осы шығар: таңғы төртте құстың сүтін табу?

Машинаға ұйқылы-ояу қарғып мініп, ал кеттім іздеуге. Шопырымыз да мамандығына қарамастан қырсыққанда татып алмайтын қасқа екен. Содан туабітті қисыным алдымен қымбат мейманханалардан ізде деді. Ал басталды іздеу дейсің! «Шардоне, кез келген бағаға!» деймін мейманханаға кіре сала. Жауапқа персонал кеңк-кеңк күледі. Мейманханалар тізімін тауыстым-ау дегенде, басекең қоңырау шалып, аэропорттан да қарап көрші деді. «Duty free» халықаралық секторда болғасын, кіре алмадым. Бірақ кіріп-шығып жүрген біреуді ұстап алып, осындай шарап қарай салшы, болса алып шықшы деп, жасыл қағаздан қалтасына қыстыра салдым. Ол шырағым бес минуттан кейін қайтып келді: «Айтпақшы, орысша жазылған болуы керек пе, мен басқа тілді білмеуші едім» дейді! Содан, оған француз тілінің асқан ділмарының кейпімен шараптың атын қағазға жазып бердік. Бәсе қайдам-ау: тез барып келді де, «ондай жоқ екен» деді.

Ал, сонымен шаруамыз бітті дедім шопырға. Келген жеріміз осы, ертең кәміссия шалым арызды бұрқырататын болды дедім. Сонда шопырға тіл бітті:

— Ертеректе жеңгем… шарап жауып сататын… Әлі де айналысад негізі…
— А?
— Со кісіге барып көрсек пе екен...-дейді шопыр қиялдана.
— Ойбай, кеттік!

… Ауладағы аяқ алып жүргісіз бөтелкелерден сүріне-қабына үйдің аузына да жеттік. Жеңгесі шығып, қайнысына «жетпегірін» айтып, үйленуге енді үгіттей бергенінде, менің жүйкем де сыр берді:

— Апа, жан апа! Мә – жиырма мың! Жоқ – отыз мың! «Шардоне» деген шарап тауып берш! Себебі мен әңгімесін ертең айтам, уақыт жоқ!

Жеңгеміз ұйқысын қимай тұрса да, алқаныммен айпарлап ұстап тұрған ақшам өз сиқырын жасады білем: аздап ойланып қалды. Сосын:

— Не ғой, «Шардоне» жоқ әрине, бірақ бөтелкесі бар…

Сосын әлгі ауладағы бөтелкелердің арасын тінтіп кетті де, «Шардоненің» бір емес, бес бос бөтелкесін тауып алды. Жарыққа апарып, этикеткасы бүлінбеген жақсылауын таңдап алдық. Одан соң дәлізіндегі самсаған дайын шараптардың бірін ашып, құйды бөтелкеге. Сосын түсініксіз бір агрегатты әкелді де, шынының мойнына кигізіп, «контакті!» деп бақырды; үйден әлдекім қаңғыр-күңгірлетіп далаға жүгіріп шықты да, терезе алдында ағытулы тұрған екі сымды жалғап қалып еді, о құдірет! – агрегат сатыр-күтір етіп, дірілдеп алды да, сенесіз бе, көз алдымызда он жыл бойы емен бөшкеде құмығып, бақытты күнін аңдып жатқан «Шардоне» шарабы пайда болды! Бақыттан есалаң боп кете жаздадым десем, қызыл сөзге үйірлігі бар деп сөкпессіз.

Айтып-айтпай не керек: жол ережесінің барлық түрін тәрік етіп, қонақ үйге жетіп келдік. Шалымның режиссурада да айтары бар екен: мен ғашығыммен отырамын, сен сол кезде бұл шарапты мұзы бар ыдысқа салып, ақ шүберекпен орап әкеліп, ашып құйып бересің де, бірінші бокалды бір ұрттап болғанша қасымда тұрып, сосын ғафу өтініп, тап сондай салтанатпен кетіп қаласың деді. Өйдөйт деген! Қуана-қуана келістім.

… Мекемеміздің жетістіктеріне өзім таң қалдым. Қорытынды баяндама жасаған шалым, тіпті өзіміз байқай бермейтін «жетістіктерімізді» жіпке тізіп, қолды сермеп-сермеп сөйлегенде, «Шардоненің» орнына құйылған болгар шарабының құдіретіне таң-тамаша болдым…



© Ерлан Оспан. Көшіруге тиым салынады. Құқықтары «Синтриллиум» баспасына тесілі.
Бөлісу:

11 пікір

zholantai
осы «Шардоненің» дәмін тату ойда жүр, орындалмай
Zilola
алып бара жатқан түгі жоқ
asaubota
мен интернеттен тауып алып, түрлі-түсті принтерден тауып алып басып жіберген шығарсыңдар деп ойлап отыр едім

айтпақшы Қазақстандағы түрік кафелерінде турецкий шәй деп кәдімгі Ассамды турецкий стаканмен бере салатындар бар.
sigma
Ссгинъ (сын есім) десеңші
sigma
Өткендегі қызылжардағы әңгіменің жалғасы ма, деп қалдым. Бірақ ол шал шарап емес «кіндік жылытар» іздеп еді түн ортасы ауғанда.
temir1986
шалды қатырған екен. бІЗДІҢ КОМИССИЯЛАРДЫҢ БЕЙНЕСІ. әЙ БІРАҚ ОҢАЙ ҚҰТЫЛЫПСЫҢДАР.
Zilola
қай қалада, қай заманда болған оқиға?
technosyndrom
Ақтөбе деген қалада, астана Ақмолаға көшірілгеніне 4-5 жыл болғанымен, комиссиялар әлі Алматыдан келетін замндарда болған оқиға
patick
Қызық оқиғалы қысқаметраж түсіруге болады