17-ойыншы. Педритодан Педроға дейін

Діттеген мақсатынан адаспау үшін адам алған бағыттан таймауы керек. Ол өзін әрдайым жетілдіріп, ештеңені назардан тыс қалдырмағаны жөн. Міне, бұл нағыз мақсат!

(Ямамото Цунэтомо, «Хагакурэ»)


PedroХамелеон түсін өзгертеді демесеңіз, ағаштан ағашқа секіріп жүретін белсенділер қатарынан емес. Тұрған орнында сағаттап қимылдамастан құрбандығын күтумен болады. Ал сәті келгенде тілін жып еткізіп, жемтігін аулай қояды. «Барселона» клубының шабуылшысы Педро дәл осы хамелеон секілді. Ол ешқашан жарқырап көзге түскен емес. Голды да көп соқпайды. Әйтеуір командаға ойнайды, каталондық клубтың ДНК-сы бар демесеңіз, алып бара жатқан таланты да жоқ. Тек хамелеон секілді керек кезде, дәл уақытында қимылдайды.

Жетістікке жету үшін 1 пайыз талантың мен 99 пайыз еңбек керек деген сөзді бүгінгі біздің кейіпкеріміз дәл келеді. Педроны ешкім талантты деп есептемеген, әлі күнге дейін көптеген жанкүйерлер әлі сондай пікірде. Месси, Роналду, Бэйл, Неймар секілді «жұлдыздар» тұрғанда, Педро олардың көлеңкесіне қалып кетеді. Ол тіпті қорғаушымен жеке дара шыққанда алдай алмауы мүмкін. Бірақ, оның шыдамдылығы мен толассыз төккен тері ақталды.

Біз үшін Педроның футбол тарихы 2008 жылдың 12 қаңтарынан басталады. «Барселона» өз алаңында «Мурсиямен» кездеспекші еді. Клуб шабуылшысы Сантьяго Эскерро ауруына қатысты ойынға қатыса алмайтын болғандықтан, оның орнын екінші команданың 20 жастағы футболшысы алды. Ол кезде «Барсаны» даңқты Франк Райкаард жаттықтыратын. Голландиялық бапкерге Педро қосалқы құрамды толтыру үшін ғана керек еді. Дегенмен, сол ойында Тьери Анри жай оғындай жарқылдап, біздің кейіпкеріміздің бірінші команда сапында ойнауына мүмкіндік туды.

Педро
Суретті жүктеу

«Дон Педро» үшін футбол 1997 жылы «Сан Исидро» клубынан басталды. Канар аралында туылған жасөспірім үшін бұл клуб үйіне ең жақыны еді. Ала доптың қыр-сырын меңгерген Педро 2003 жылы «Сан Исидроның» негізгі құрамына шақырылды. Бір жылдан кейін оны үлкен сынақ күтіп тұр еді. Кезінде Мессиді Аргентинадан алып келген Жозеп Коломер Канар аралында өткен жасөспірімдер турниріне келген-ді. Әрине, Жозеп «Тенерифете» ойнайтын Жеффрен Суарес үшін келген болатын. Алайда, оның қырағы көзі Педритоны қалт жібермеді.

Педрито«Барселонаға» ауысқан соң да оны үлкен сынақ күтіп тұр еді. «Хувениль А»-дан(төртінші деңгейлі филиал) бастап «Барселона С»-ға дейін көтерілген ол сәл болмағанда басқа клубқа ауысып кетуі мүмкін болатын. Өйткені 2006-2007 жылғы маусымда сәтсіз өнер көрсеткен «Барселона Б» төртінші деңгейлі испан лигасына түсіп қалды. Бұл лигада өнер көрсететін «Барселона С» амалсыз аймақтық деңгейге түсу керек еді. Мұндай дилемманың алдында қалған басшылық үшінші деңгейлі филиалды таратып жіберген-тұғын. Бұл кезде Педроның жасы 20-да болатын. Енді өзіңіз ойлап көріңіз, Гигз бен Месси секілді «жұлдыздар» 17 жасынан бастап бірінші командада ойнаған. Жиырма жасыңда үшінші деңгейлі лигада ойнау болашаққа мақсатын биік қойған футболшы үшін тым қиын. Бірақ, біздің кейіпкер төзді. Дұрысы, ұстазы оның көзін жеткізді, дәлелдеді. Қиын сәтті ақыл айтқан адамның есімі Пеп Гвардиола еді. Былыққа батқан «Барселона Б»-ға бапкер болған Гвардиола командасы үшін Педроның қажет екенін жеткізді. Канар аралының өрені ұстаздың сенімінен шықты. 2007-08 маусым Педрито үшін сәтті өтті. Гвардиола мен оның шәкірттері сегундаға қайтып оралды. Маусым соңына таман Пептің бірінші командаға бапкерлік ететін мәлім болды. Бұл Педро үшін өте жақсы мүмкіндік еді. Канар аралының өкілі өз сәтін бос жібермеді…


2009 жыл Гвардиола эрасындағы аса бір сәтті кезең. Сол жылы «Барселона» алты бірдей кубокқа ие болды. Мұндай бақыт әлі күнге ешкімге бұйырмаған. Римда өткен Чемпиондар лигасы финалының соңғы минутында Педрито алаңға шықты. Соған дейін Испания чемпионы, испан кубогының жеңіп үлгерген ойыншы қос құлақты кубоктың да иегері атанды. Педро мұндай дәрежеге жеткен Еуропадағы ең жас ойыншы атағына да ие болды.


Келесі маусым да Педро жан-жақты танылды. Әуелі испан супер кубогына талас кезінде гол соғып көзге түссе, Еуропа супер кубогында «Шахтерге» соққан гол «Барселонаға» жеңіс сыйлады. Сол жылы тамызда Педро тұңғыш рет клубпен кәсіби келісім-шарт жасасты. Клубтың маркетингпен айналысатын бөлімі «Педритоны» «Педроға» ауыстырды. Оның жетістігі мұнымен бітпейді. Испан біріншілігі мен чемпиондар лигасында гол соғып, ресми 5 турнирде мергендігімен танылды. Алда алтыншы ресми дода, клубтар арасындағы әлем чемпионаты бар-ды. Сенесіз бе, бұл жарыста да Педро гол соқты. Ресми 6 турнирде мергендігімен танылған тұңғыш футболшы.

даму тарихы

Келер жылы шабуылшы ОАР-да өткен әлем чемпионатында қатысу мүмкіндігіне ие болды. Педро жартылай финалдық ойында бірінші минуттан бастап алаңға шықты. Бір жыл бұрын ғана сегундада доп тепкен футболшы Германияға қарсы ойнайды! Африкадағы турнирді қайталап айтып жатудың керегі жоқ шығар. Испанияның қалай чемпион болғанын бәріміз білеміз. 2012 жылы өткен Еуропа біріншілігінде Педро «рохо-фурия» сапында үш рет алаңға шықты.

Еуро-2012-ден кейін Педро ұлттық құрама сапына үздіксіз шақырту алып жүр. Былтырдан бері шабуылшы 8 рет қызыл жейдеде алаңға шығып, 10 гол соғып үлгерді. Бразилияда өтетін әлем біріншілігінің іріктеу турнирінде біздің батыр 4 гол соғып, тобындағы ең үздік мерген болып тұр. Соңғы іріктеу ойынында Францияға соққан голы жанкүйерлердің әлі есінде шығар?!

Педро ешқашан көп гол соғып көзге түспеген, түспейді де. Тілін керек кезінде соза қоятын хамелеон секілді ойламаған жерден қақпашымен бетпе-бет шығып, қапы қалдырып кетеді. Оның бойында голдың иісін сезетін қабілет бар. Педроның соққан голы командасы үшін әрдайым маңызды. Жоғарыда бұл жетістікке еңбекпен ғана жеткенін келтірдік қой. Егер шыдамдылық пен төгілген тер болмағанда 25 жыл бұрын Канар аралында басталған тағдыр тіпті басқа арнаға бұрылуы мүмкін еді…
Бөлісу:

8 пікір

torgai
Жарайсың! Бірақ, «27» нөмірмен бастағаны біртүрлі екен)
Ispek92
Бұл ойыншы жайлы жазғаныңа қарағанда Барселонаның фанатысыз ау деймін?!
Соңғы түзету:
torgai
Иа. Бірақ «Реалдың» формасын киеді
Adiletshu
Педро, Бускетс, Пикелер ұнамайды. Педроны 2010 жылы ОАР-да Торреске пас бермей қойғаннан бастап ұнатпаймын
Ispek92
Ал мен Педроны Арбелоаға өзі барып соғылғаны үшін(Эл Класикода) ұнатпаймын.
Соңғы түзету: