Ту деген не?

Ассалаумағалейкүм Қазақ елі!
Бүгін мейрам. Бүгін ұлттық рәміздер күні. Осы атаулы мерекемен құттықтай отырып, өзімнің өнердегі ұстазым, бауырым, досым Олжас Қасымның Ту деген не атты өлеңін ұсынбақпын.

Ту деген не?

Бала болдым мән іздеген өмірден,
Қайран жүрек ол кездері не білген?
«Ту деген не?» деп сұрадым әкемнен,
Дәл сол жылы тоғыз жаста едім мен.
Жанарынан сырғытқандай сәл мұңды,
Көңілінде өткен уақыт жаңғырды.
«Көбі туды шүберек деп ойлайды,
Ту дегенің тарих»,- деді тағдырлы.
Жүрегімде жүйткігендей бір ағын,
Әзір тұрды тағы менің сұрағым.
Қиялыма ерік беріп бірауық,
«Туды кімдер жасайды?» деп сұрадым.
Әкем сонда бала сынды шаттанып,
Айтқан еді құпиясын ақтарып,
«Ар мен төрден табылатын бұл туды,
Қан мен терден жасадық»,- деп шаттанып.
Мына жауап жігер беріп жаныма,
Тәубе етумен өз елімнің барына.
«Туды кімдер ұстайды?» деп тосыннан,
Әкешіме сауал қойдым тағы да.
«Балам менің деді әкешім бері қара,
Алдыңда бар айналайын жол дара,
Ұстамайды кез-келгені бұл туды,
Туды ұстайды рухы биік ел ғана».
Қарсы алдымнан шақырғандай бір міндет,
Байрағыма көз тоқтатып тұрдым көп.
Сәлден кейін мазалады әкемді,
Неге тудың көк болғанын білгім кеп.
Ардақты әкем сөзін толғап дастандай,
Еңсе тіктеп, тұрды алдымда асқардай.
«Көк ту сенің көк аспаның емес пе?
Сен де биік болғын!»,- деді аспандай.
Осы сөзбен келешекке талпындым,
Шақырады арманыма жарқын күн.
Жоғалмайтын жыры болам ұлтымның,
Ту көтерер ұлы болам халқымның!!!
Бөлісу:

3 пікір

PatriotKZ
мейрам құтты болсын бауырлар
altinbekpin
Кұшті өлең екен. Кішкентай балаларға жаттатуға тамаша екен